Жаңалықтар

Көшпенділер ойындары аясында ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өтті

Көшпенділер ойындары аясында ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өтті
Фото: t.me/worldnomadgames2024 04.08.2024 20:06 608

Алматы қаласының ипподромында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұлттық спорт түрлерінен «Ұлы дала ойындары» фестивалі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының мәліметінше, фестиваль еліміздің түкпір-түкпірінен ең мықты, ең епті шабандоздардың, Алматы қаласының елшілері мен батырлардың басын қосты. «Көкпар», «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Жамбы ату», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Қазақ күресі», «Бәйге» сынды спорт түрлерінен 700-ден астам қатысушы бақ сынады.

Біздің мақсатымыз – ұлттық спортты кеңінен насихаттап, оның дамуына ықпал ету. Бүгін 2000-ға жуық адам келді. Сайыс барысында қатысушылар саны артады деп ойлаймыз. Қазір Аламан бәйгеге 63, Құнан бәйгеге 33 сәйгүлік қатысуда, - деді фестивальді ұйымдастырушы Бауыржан Талғатұлы. 

«Құнан бәйгеде» алматылық Абзал Тұрысбек бірінші, астаналық Ерсұлтан Жарқын екінші, Алматы облысынан Азамат Ақын үшінші орынды иеленді. Ал төртінші орын Жамбыл облысының өкілі Арнұр Саматұлына және бесінші орын  Алматы облысынан келген Айбек Үшкемпірге бұйырды.  

Жүлде қоры 1-орынға 1 миллион теңге, 2-орынға 500 мың теңге және 3-орынға 250 мың теңге, 4-орынға 150 мың теңге және 5-орынға 100 мың теңге болды.

«Аламан бәйгеде» бірінші орынды Жетісу өңірінен келген Әлихан Болатханұлы, екінші орынды Нұрәлі Болат, үшінші орынды Еларыс алды. Ал төртінші орынға Ақпейіл Көшпейілұлы, бесінші орынға Алматы облысынан келген Аян Сұлтан ие болды. Бұл сайыстың жүлде қоры 1-орынға – 1 млн 500 мың теңге, 2-орынға – 600 мың және 3-орынға – 400 мың теңге, 4-орынға – 300 мың теңге және 5-орынға – 200 мың теңге.

Айта кетейік, фестиваль аясында қолөнер жәрмеңкесі, қол күресі, гір көтеру, тоғызқұмалақ және асық ату бойынша турнирлер өткізілді. Қол күресіне 170-тен астам адам, гір көтеруге 40 адам қатысты. Көрермендер әсерлі жарыстардан бөлек, жыртқыш құстар мен аңшы иттерді тамашалады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға