Жаңалықтар

Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді

Құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескерілген
Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді
Фото: turkystan.kz 29.11.2022 11:41 2920

Бүгін ҚР Үкіметі отырысында «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Тұжырымдама көші-қон процестерін барынша тиімді реттеу үшін әзірленді. Құжатта демографиялық, экономикалық және әлеуметтік-мәдени басымдықтардың барлығы ескерілген.

Қазақстан экономикасына жоғары білікті мамандарды, инвестиция, озық технологияларды тарту үшін Тұжырымдама жобасында визалардың жаңа түрлерін енгізу көзделіп отыр. Ондай визалар жетекші ғалымдарға, оқытушыларға, шығармашылық және біздің нарықта аса қажет мамандық иелеріне беріледі.

Әлеуетті инвесторларға қойылатын талаптар да қайта қаралды. Ірі инвесторларға 10 жыл мерзімге тұруға рұқсаты бар инвесторлық визалар беріледі.

Сондай-ақ азаматтарды еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіп баруын ынталандыру да тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл ретте көшіп барғандарды баспанамен, әлеуметтік инфрақұрылыммен және жұмыспен қамтамасыз ету алдын-ала пысықталатын болады.

«Тағы бір маңызды мәселе – ол шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау. Біздің отандастарымызға заңгерлік және консультациялық көмек көрсетіледі. Ол үшін қазақстандық азаматтар көп жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалатын болады. Қай елде еңбек етсе де, біз өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек», — деді Әлихан Смайылов.

Тұжырымдамада «бір терезе» қағидаты бойынша Мигранттардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген. Ол мигранттарды цифрлық сәйкестендіруге, қажет болған жағдайда олардың жүріп-тұруын бақылауға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға