Жаңалықтар

Көші-қон саласына жаңа көзқарас қажет

Көші-қон саласына жаңа көзқарас қажет
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 15.06.2023 13:34 1248

Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялаған тұста елдегі қазақтардың үлесі 30%-ға жетер-жетпес ғана еді. Тоқырау заманы басталып әр ұлт өзінің атамекеніне көше бастады. Әсіресе тоқсаныншы жылдардың басында немстер Германияға, шешен, ингуштар, грузиндер мен армяндар өз елдеріне қайта бастады. Бұған елдегі экономикалық ахуал да әсер етті.

Кеңес Одағынан мұра боп қалған зауыттар мен фабрикаларда шикізат жоқ.  Болған күннің өзінде сауда нүктелер анықталмаған еді. Мұның барлығы елде мамандардың жетіспеушілігіне әкеліп соқты. Мемлекеттік органдар мен зауыт, фабрикалар жалақы төлеуге қауқары болмағандықтан мұғалімдер де, дәрігерлер де, ішкі істер, қорғаныс, ауылшаруашылық, энергетика саласының небір мамандары ала сөмке арқалап қытай асып, қырымнан тасып күн көрістің қамына кіріскен еді. Сол кездегі статистика бойынша еңбек адамдарының жетіспеушілігі 48%-ға дейін жеткен.

Әсіресе ауылшаруашылық саласында мамандар жетіспеушілігі қатты байқалды. Бұрынғы колхоздар мен совхоздардың шаңырақтары шайқалып, шаруашылықтар көбейіп кеткен мал басын азайту мақсатында күні, түні ет комбинаттарына тасымалдауды бастады. Үлкен қалаларда күнделікті ереуілдер мен шерулер орын алды. Осындай қиын қыстау кезде биліктегілер оның ішінде министрлер кабинетінің төрағасы Қаратай Тұрысов, ауылшаруашылық министрі Балташ Тұрсынбаевтер шетелден жұмыс күшін тарту туралы ұсыныс енгізеді. Міне, осы ұсыныстың негізінде Монғолия қазақтарының алғашқы легі Сарыөзек өндірістік комбинатына жұмыс күші ретінде көшіп келді. Әрине, бұл азайған халықтың орнын толтырудың сылтауы ғана еді. Осы кезден бастау алған халық арасында «Ұлы көш» аталған қазақ көші әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Статистикалық мәліметтерге қарағанда қазіргі таңда ел аумағында 1 миллионнан астам қандас көшіп келді деседі. Кейінен ел экономикасы түзеліп, бағыт-бағдары айқындала бастаған кезеңде Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Тәжікстанның қазақтары тіпті Ауған, Қытай, Германия мен Ресей қазақтары да көшіп келе бастады. Ауа райы салқын, таулы өлкенің қазақтары шығыс пен солтүстікті, аптап ыстық пен құмды елден келгендер батыс, оңтүстік өңірлерді мекендеді. 1991 жылдан бастап ел Үкіметі ресми көші-қон жариялап, әлемнің барша қазақтарын қазақ еліне көшіп келуге үндеу тастады. Осындай үндеуге құлақ асқан осы мақала авторының отбасы да 1991 жылы көштің басын атажұртқа бұрған еді. Монғолия және Қытай елдерін көбінесе Орта жүздің Керей, Уақ, Найман руының өкілдері мекен еткен. Жаймашуақ, бейбіт тірліктерін тастап, дүркірей көшкен қазақтың болашаққа деген сеніміз зор еді. Осы бір тарихи кезеңнен бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Сол кезде ата-анасымен еріп келген жастар өсті, білім алды. Жетілді. Нәтижесінде алдымен «оралмандар»  кейіннен «қандастар» атанған этникалық қазақтар еліміздің барлық саласында жемісті еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің іргетасын қалауға атсалысып келеді.

Қазіргі таңда білім, ғылым, спорт, медицина, журналистика, өндіріс, ауылшаруашылық тіпті ішкі және сыртық қорғаныс салаларында да жемісті еңбек етіп келе жатқан мыңдаған жастар бар. Көштің қарқынды дамуына мүдделі мемлекет Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан Көші-қон комитетін құрып, әр облыс пен аудан әкімдіктерінде көші-қонға жауапты мамандар ұстады. Басқа елден көшіп келгендердің барлығы да қоғам арасына сіңісіп, жергілікті тұрғындармен қыз берісіп, қыз алысып араласып кетті. Мәдениет саласында шоқтығы биік Майра Мұхамедқызы, спортта Қанат Ислам, ғылымда Сартқожа ұлы Қаржаубай ағаларды атап өтуге болар. Осы бір қарқынды көші-қон саясаты соңғы жылдары баяулап, кері кете бастағандай. Халықтың саны өсіп, ел экономикасы дамыды деп, Ақордада том-том баяндамалар жасалғанмен әлемде қалған 4,5 миллион қазақты жинап алуға қазіргі билік құлықсыз секілді.

Меніңше мұнын бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазақтың санының өскен сайын русофобия, ұлтшылдық деңгейінің артып кетуінен сескенеді. Екіншіден, билік және басқа да саяси институттарға өзге елдің идеологиясымен тәрбиеленген азаматтарды әкелсе, ел саясатын басқа арнаға бұрып, сатқындық жасауы мүмкін деп сезіктенеді. Сонымен қатар қазіргі коммуникацияның дамыған заманында өзге елдегі қандастарымыз Қазақстан жаңалықтарын күнделікті қарап бақылап отыр. Елдегі саяси оқиғалар, әлеуметтік-экономикалық мәселелер, тіл мәселесі, бюрократизм мен жемқорлық қандастардың елге оралуына кедергі болып отырғандығы жасырын емес. Бұл мәселе биік мінберлерден талай айтылды. Жазылды. Түптеп келгенде үш жүздің басын қосуды армандаған Абылай ханның да арманы біртұтас Қазақ елін құру еді. Міне осы арманның орындалуына аздаған сәттер қалғанда көші-қонның саябырсып қалуы бұл процесстің әлі де сан жылдарға созылатынын білдіреді. Іргелес Ресейде басқа елдердің барлығы да өз этникалық қандастарын жинап жатыр. Себебі тарыдай шашырап әлемді аралап жүргенше бір жерде бас қосып, өз елінің өркендеуі үшін еңбек етіп, ұрпақ санын көбейткені әлдеқайда тиімді екенін сезеді.

Қазіргі таңдағы көші-қондағы ең басты мәселенің бірі ұйымдастырушылық, бейімдеушілік фукцияларын  бір қолдан емес, түрлі қоғамдық бірлестіктерге таратып жіберуінде болып отыр. Мысалы, «Отандатар» қорынның басты мақсаты қандастардың бейімделуіне жағдай жасау, өнерлі жастарды қолдау, шығармашылық тұлғаларды жарыққа шығару функцияларынан ауытқып, Сыртқы істер министрлігінің жүйесіне еніп, кішігірім елшілікке айналып кетті. Кезінде Түркия мен Монғолияда елші қызметтерін атқарған дипломаттар отыр. Қазіргі таңда әлемді аралар кішігірім құрылтайлар, кітаптардың тұсаукесерлері мен конференциялар өткізумен шектеліп жүрген қордың өзінің бастапқы функциясынан ауытқып кеткеніне біраз жылдардың жүзі болды.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының да қызметі әлсіреп, тарқай бастады. Елге келген қандастарды бейімдеу орталықтары атымен жоқ. Алыс шетел тұрмақ, ауылдан-ауылға, ауылдан-қалаға көшкенде бейімделіп, сіңісіп кетуі үшін біраз уақыт қажет екені белгілі. Әсіресе елдегі сервистік қызмет көрсету салаларының 80%-ы орыс тілінде қызмет көрсететіні өтірік емес. Қазіргі статитстикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен 2022 жылы елімізге 30 мыңнан астам ғана қандастар оралса, оның 20%-ы ғана азаматтыққа қол жеткізді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 10 мыңға жетер жетпес қандасымыз көшіп келді десіп жатыр. Күннен күнге саны азайып келе жатқан көші-қонды қолға алу қажет.

Қазіргі әлемдегі геосаяси ахуал мен көршілес елдерде болып жатқан оқиғалар әр ұлттың өз елінде, бір тудың астында жиналып, сақадай сай тұру керектігін білдіріп тұр. Ата бабамыздан қалған ұлан байтақ даланы қорғап қалу, қазақ деген ұлттың және елімізді мекен еткен түрлі этностарды қорғап қалу және мемлекеттік тіліміздің дамуы үшін шеттегі қазақтарды Қазақстанға тарту жұмысын күшейту керек. Ұлт болып ұйысып, іргетасымыз берік, шаңырағы биік мемлекет болу үшін Қазақстан барша қазақтың және барлық этностардың ырысы мен ынтымағы жарасқан отаны болуы керек. Қаншама қиын мәселелер туындаса көштің туын жықпаған жөн.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға