Көшедегі қате жарнама: көз үйренсе, тіл жоғалады
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Қала көшелерінде кездесетін жарнамалар мен мәнсіз мәтіндер, сөзбе-сөз жасалған шала аудармалар шаһар көркін ғана емес, Ата заңда айқындалған мемлекеттік тілдің беделін де әбден әлсіретіп тұр.
Әр қадам сайын көзге түсетін стилистикалық, грамматикалық және пунктуациялық қателер қоғамның тіл мәдениетіне деген құрметін әлсіретсе, тікелей аударылып, мағынасы бұзылған жарнамалар кәсіби жауапкершілік деңгейін айқын көрсетеді. Бұл мәселе 20-30 жыл бойы көтерілсе де, неге әлі күнге дейін түбегейлі шешімін тапқан жоқ?
Көшедегі жарнама қателерінен көз сүрінеді
Көшедегі маңдайшалар мен дүкен атауларында мемлекеттік тілдегі жарнамалардың қатеден көз ашпайтыны үйреншікті жағдайға айналып барады. Көпшілігі мәтіннің мағынасына мән бермей, орыс тілінен тура мағынада аударып жібереді. Ал кейбірі қазақша нұсқасын тіпті жазбайды да. «Қажет болса, халық өзі түсінеді» деген көзқарас әлі де сақталып отыр.
Қай қаланы алсақ та, ондағы жарнамалар өрескел қателерге толы. Өйткені оны жүйелеп, ретке келтіретін заңнама талаптары әлсіз болып тұр. Хабарландыру немесе жарнама жазу кезінде қазақша сауаты аз адамдар тікелей аударма жасап, бұрыштамаларға еш тексертусіз іле салады. Соның бірі мына бір маңдайшадағы өрескел қате:
Еліміздің бас қаласы саналатын Астананың өзінде мұндай қателіктер жетіп артылады. Мәселен, елорданың бірнеше ауданында орналасқан супермаркет пен оның жанындағы шағын дүкендердің маңдайшаларындағы мәтіндерді көргенде, еріксіз жағаңызды ұстайсыз.
Бұл жазба қауіп жөнінде нақты ескерту жасаудың орнына сөзбе-сөз аударманың салдарынан мәнін жоғалтып, абсурд күйге жеткен. Мұндай жағдайда орыс тіліндегі мәтінді тікелей аудару емес, мағыналық тұрғыдан дұрыс жеткізу маңызды.
Ет атауларына қатысты да дәл осындай жағдай жиі кездеседі. Мәселен, «қойдың саң еті» деген қате тіркес – әріп қатесінен туған мағына өзгерісі. Бұл жерде «сан еті» деп жазылуы қажет. Қазақ тіліндегі «ң» мен «н» әріптерінің орнын ажырата алмау да көп кездесетін қателердің бірі. Бұл тек орфография мәселесі емес, сөздің түбірі мен мағынасына әсер ететін маңызды айырмашылық. Дәл сол сияқты дүкен маңдайшасындағы «әрқашан қолдаиды» деген жазу да дұрыс емес. Орфографиялық жағынан «қолдайды» деп жазылуы керек.
Ал танымал дәмхананың ас мәзіріндегі «аң аулау шұжықтары» деген сөзді көрген кез келген адам бір сәтке аңшылыққа шығып кететіндей күй кешеді.
Осындай ұсақ көрінгенімен, бірақ тілге қаупі орасан аударма қателері мәзірдің мағынасын бұрмалап қана қоймай, мекеменің кәсібилігіне де әсер етеді.
Жазу мәдениеті және кальканың дұрыс қолданылуы
Шындығын айтқанда, қазіргі таңда жарнама мәтіні алдымен орыс тілінде, тіпті шет тілінде дайындалады да, кейін қазақ тіліне аударылады. Міне, содан шет тілдің ыңғайына жығылу, сол тілде қалай жазылса, үтір-нүктесіне дейін қалдырмай, қазақ тілінде де солай жазу басым болып отыр.
Бұл пікірді тіл маманы, филология ғылымының докторы Шерубай Құрманбайұлы да растады. Ол жарнамадағы қателіктердің көбею себептерін былай түсіндірді:
Жиі кездесетін қателердің себебі екі факторға байланысты. Біріншісі – оқушылар мен студенттердің жазу мәдениетінің төмендеуі: мектепте диктант, университетте эссе, шығарма жазбайтын, көркем әдебиетті аз оқитын жастар көбейіп кетті. PISA нәтижелері бұл мәселені дәлелдейді. Екіншісі – заң талаптарының әлсіздігі. Қатаң талап болса, жарнама берушілер қателік жасамайтын еді, – деді ол.
Қазақ тіліндегі грамматикалық қателер көбіне тілді қолдануға жауапты мамандар жетіспейтін салаларда кездеседі. Бұл қызмет көрсету, көлік, медицина, қаржы, техника және энергетика сияқты салаларды қамтиды. Сондай-ақ калькадан толық бас тартудың қажеті жоқ, оны сауатты әрі шебер пайдалану маңызды.
Ондай қателер қазақ тілін жетік білетін мамандар жетіспейтін, тілді қолдануға жауапты қарамайтын басшы-қосшылар отырған салалардың бәрінде бар. Калька барлық тілде бар және оны өнімді сөзжасам тәсілі ретінде тиімді қолданатын мысалдар аз емес. Бізде сол кальканы дұрыс пайдалана білмейтіндіктен, сәтсіз нұсқалары көбейіп кетті. Сондықтан калькасыз қазақ тілін жасау мүмкін емес. Мәселе оны тілімізге зиян келтірмейтіндей етіп ұтымды қолдана білуде, – дейді тіл жанашыры.
Оның пікірінше, жазу мәдениетіміз жоғары болу үшін ұл-қыздарымыз балабақшадан, мектептен бастап, ең алдымен сөзді орнымен қолданып, сөйлемді дұрыс құрап, тыныс белгілерін өз орнына қоя білуді меңгеруі қажет.
Мысалы, бір портал «Дәрігерлермен босандырып алдық» деп жазды. Мұнда екі қате бар, екеуі де аударма әсерінен болған. «Дәрігерлер босандырды», «жаңалығын бөлісті» демей, «жаңалығын айтты» десе болады. Тағы бір мысал: «Ақтауда республикалық қарилар байқауы өтеді» – сөздердің орын тәртібі бұзылған. Спорттық жазбада: «Жәнібек Әлімханұлы қарсыласын бесінші раундта жер жастандырды» деген. «Жер жастану» тіркесі «өлу» деген мағынаны білдіреді. «Жауды жер жастандырды» десе орынды, – деді Шерубай Құрманбайұлы.
Аударма сапасын қалай көтереміз?
Осы тұста тіл мәселесін практикалық деңгейде шешіп жүрген мамандардың пікіріне де құлақ асқан жөн. MNU Халықаралық журналистика мектебінің профессоры Алма Сайлауқызы қазақша қате аудармаларға студент кезінен бері назар аударып келе жатқанын айтады.
Қазақша жарнамалар сол жылдары енді пайда болып жатқан кез еді. Көз үйрене берсе, сауатсыздық қалыпты нәрсеге айналады. Бұл – тіл мәдениетінің құлдырауына әкелетін өте қауіпті үрдіс, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, мұндай қателер күнделікті өмірде көзге бірден түсе бастайды. Сауда орталықтарындағы «итер», «жап» секілді дұрыс қойылмаған аудармалар да, көшеде көрсетілетін бейнероликтер де – бәрі осының дәлелі. Тіпті министрлікке қарама-қарсы орналасқан «Новый мир» тұрғын үй кешенінің маңдайшасында көрсетілетін бейнежарнамадан да бірнеше қате ақпаратты байқағанын айтады.
Кейбір салаларда жақсарып жатқанымен, басқа жерлерде, керісінше, нашарлап барады. Мысалы, екі күн бұрын ата-аналар чатына мектеп әкімшілігінің хабарламасы келді. Медицина қызметкерлерінің тұмаудың өршуіне байланысты жазған нұсқаулығы калькамен аударылып, қазақ тілінде мүлде жоқ сөздер мен қисынсыз тіркестерге толы болды. Оқып болғанша таң қалдым, – деп өз кейсін бөлісті.
Алғаш рет Алма Сайлауқызы 2010 жылы Ақтаудағы сүт өнімдерінің қаптамаларынан «май» сөзін «малдың майы» деп қате аударғанын көріп, әкімдікке ресми хат жазған.
Олар қаптамалар дайын, бір жылдай біз оларды ауыстыра алмаймыз деп жауап берді. Кейін барлық өрескел қателерді жинап, «Ана тілі» газетіне мақала жарияладым, – дейді ол.
Ауқымды проблемаға қарамастан, соңғы жылдары түзетулер енгізуге мүмкіндік беретін қызметтердің де әлеуеті артып келеді. Алма Сайлауқызы бұл ретте қалалық анықтама қызметінің тиімділігін ерекше атап өтті:
Кейін Астанаға келген соң «109» қызметі өте үлкен көмек болды. Бұрын анықтама беріп, ұзақ түсіндіру керек болса, қазір Telegram-бот арқылы қате жазуды суретке түсіріп, нақты мекенжайын жіберсең жеткілікті. Біраз уақыттан кейін әкімдік қызметкерлері түзету енгізілгенін хабарлайды. Бұл – өте тиімді механизм. Әлі күнге дейін қолданамын, – деді.
Егер сіз де Алма ханым секілді қаладағы кез келген мекенжайдан қате жазуды немесе түсініксіз ақпаратты байқасаңыз, оны түзету үшін «109» қызметіне хабарласа аласыз. Ол үшін қате мәтінді суретке түсіріп, нақты мекенжайын https://t.me/ikomek109_astanabot осы сілтемеге өтіп, жіберсеңіз болады. Кейін әкімдік қызметкерлері өздері сізге түзету енгізілгені жайлы хабарлайтын болады. Бұл әдіс қарапайым әрі тез жұмыс істейді, сондықтан кез келген қала тұрғыны пайдалана алады.
Маманның айтуынша, аударма сапасын арттыру тек жекелеген түзетулермен шектелмейді. Бұл жүйелі әрі кешенді жұмыс.
Біріншіден, тіл корпустарын жаңартып, дұрыс нұсқаларды көбірек енгізу қажет. Екіншіден, аудармашылар мен тіл мамандарының біліктілігін көтеру керек: терминологиядағы жаңалықтарды дұрыс түсіндіру, оларды жүйелі оқыту өте маңызды. Үшіншіден, терминологиямен жұмыс істейтін мамандардың өзіне кәсібилік, құзыреттілік және тілге деген жанашырлық қажет, – дейді ол.
1010 сыртқы жарнама алынып тасталды
Бұл мәселе бойынша біз Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеппен сұхбаттасқан едік.
2020-2025 жылдар аралығында қалада 16 мыңға жуық көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіні сараптамадан өтті. Оның 86 пайызы түзетіліп, жаңа нормативтерге сәйкестендірілді, – деп хабарлады басқарма басшысы.
Әкімшілік кодекстің 75-бабы бойынша көрнекі ақпарат дұрыс орналастырылмаса, алдымен ескерту жасалады. Бір жыл ішінде мұндай қателік тағы қайталанса, айыппұл салынады: шағын бизнеске – 5 АЕК, орта бизнеске – 10 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК. Дегенмен Сәкен Есіркептің айтуынша, әкімдік айыппұл салудан бұрын алдын алу шараларын күшейтуді басты назарға алған.
Біз қаланың көшелеріндегі қателіктерді жүйелі түрде тексеріп, заңға сәйкес түзетулер енгіземіз. Қате жазылған жарнамалар эстетикалық тұрғыдан ғана емес, тіл мәдениетіне де зиян келтіреді. Кәсіпкерлердің көпшілігі мәтіндерді орыс тілінен тікелей аударады, соның салдарынан мағынасы бұзылып жатыр. Заңды тұлғалардың ресми атаулары да кейде қазақ тілінің нормасына сәйкес келмейді. Сол себептен біз бұл бағытта түсіндіру жұмысына басымдық береміз, – дейді Сәкен Есіркеп.
Маманның айтуынша, Астана қаласында тіл нормаларының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты рейдтер өткізіледі. Кәсіпкерлерге мемлекеттік тілде дұрыс жазу үшін арнайы қалта кітапшалары мен заңнаманы түсіндіретін жадынамалар беріліп, нәтижесінде заң талаптарына сай келмейтін жарнама уақытылы алынып тасталады.
Елордадағы «Орда базар», «Самғау», «12 Месяцев», «Еуразия», «Central Market», «Астықжан» сияқты сауда орталықтарында рейдтер жүргізілді. Шара барысында 2000-нан астам субъекті қамтылып, кәсіпкерлерге «Сауда-саттықа қажетті сөздер жиынтығы» қалта кітапшасы және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңды түсіндіретін жадынама таратылды. Нәтижесінде заң талаптарына сәйкес келмейтін 1010 көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнама алынып тасталды, – деп толықтырды басқарма басшысы.
Басқарма «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесіп, «Көрнекі» («Körneki») жобасын іске қосқан. Бұл бастама арқылы қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, заңға қайшы келетін жарнамаларды анықтап, оларды ретке келтіріпті. Сонымен қатар Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы қаладағы тіл жанашырлары мен белсенді азаматтарды біріктіріп, «Тілге қолдау» атты арнайы жұмыс тобын құрған.
Қате аудармалар бойынша шағым көбінесе қала тұрғындарынан келеді. Біз қаланың сыртқы және ішкі көрнекі ақпараттарын заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргіземіз. Сонымен қатар «Көрнекі» жобасы арқылы қоғам өкілдерімен бірлесіп, заң бұзушылықтарды анықтап, оларды ретке келтіруге мүмкіндік аламыз. Бұл тілге қатысты жекелеген конфликтілердің алдын алуға көмектеседі, – деп түсіндірді ол.
2025 жылы Тіл туралы заңға енгізілген толықтырулар маңдайша орнату тәртібін күшейтті: енді әрбір маңдайша 5 жұмыс күні ішінде тексеріліп, ескерту болған жағдайда, түзетілген соң ғана орналастырылатын болады.
Қырғызстандағы қателер
Мұндай мәселе басқа елдерде де жиі кездеседі. Мысалы, Қырғызстанда да жарнама мен көрнекі ақпаратта мемлекеттік тіл нормаларын сақтау өзекті. Елде теледидар мен радио бағдарламаларының кемінде 60%-ы қырғыз тілінде болуы тиіс, ал жарнама мәтіндері жергілікті билік органдары бекіткен емле және тілдік стандарттарға сай келуі қажет. Құқық бұзушылыққа байланысты айыппұлдар жеке тұлғалар үшін 5 000 сом, ұйымдар үшін 17 000 сом көлемінде белгіленген. Егер жарнамалық мәтін мемлекеттік тілдің нормасына сәйкес келмесе, айыппұл салынады. Ұлттық комиссия мемлекеттік тілдің қолданылуын қадағалап, заңды бұзғандарға шара қолданады.
Тіл ахуалының тереңде жатқан себептері
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қате аударма мен дұрыс қолданылмаған мемлекеттік тіл тек тілдік мәселе ғана емес, мәдени орта мен тілдік инфрақұрылымның деңгейін көрсетеді. Бұл туралы біз әлеуметтанушы Әсем Құсмановамен тілдескен едік.
Қазақ тіліндегі жарнамадағы, көшелердегі қателер көбіне тілдің қоғамдық өмірде шектеулі қолданылуынан және кәсіби редакторлар мен аудармашылардың жеткіліксіздігінен туындайды. Егер тіл әдебиетте, медиада және кәсіби ортада кеңінен қолданылса, қателер сирек кездеседі, – деді әлеуметтанушы.
Оның пікірінше, тілдің сапалы қолданылуы тек жеке адамдардың тілдік біліміне ғана емес, қоғамдағы жүйелі қолдауға байланысты. Тілді тек тұрмыстық деңгейде қолдану қателердің жиілеуіне әкеледі, ал кәсіби редакторлар мен аудармашылардың саны артса, тілдің сапасы жоғарылайтыны анық.
Тіл де адам сияқты, өз жасы, мәртебесі және тарихы бар. Қазақ тілі ауыр кезеңдерді бастан өткерді және ұзақ уақыт орыс тілімен тең дәрежеде қолданылмады. Қазір ол әлемдік тілдер арасында бәсекелесіп отыр. Мемлекеттік тілде жұмыс істейтін қызметкерлердің қазақ тілін жақсы меңгеруі маңызды, өйткені көпшілігі оны тек тұрмыстық деңгейде, күнделікті сөйлесу үшін қолданады, ал әдеби немесе іскерлік (жарнама) стильдерінде сөйлеу қабілеті төмен, – деді Әсем ханым.
Депутат енгізген өзгеріс қандай?
Тіл тазалығы мен жарнамадағы қате аудармалар мәселесі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Бақбергенұлы үшін өте таныс дүние. Себебі бір кездері Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасында жұмыс істеген ол проблеманың қаншалықты өзекті екенін жақсы біледі.
Бұл мәселенің негізгі себебі – заңның осалдығы. Біз биыл бірнеше депутатпен бірге Тіл туралы заңға маңызды өзгеріс енгіздік. Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл болса да, жарнама мәтіндерін жергілікті атқарушы органмен келісу талабы болмаған. Енді 2025 жылдан бастап кез келген жарнама міндетті түрде тіл бөліміне жолданып, бес күн ішінде қателер анықталса, ескерту беріледі, – деді депутат.
Болат Бақбергенұлы атап өткендей, басты мәселе – орындаушылардың аздығы.
Бұрын тіл басқармасында 15 маман жұмыс істесе, қазір 3-4 адам қалды. Кей өңірлерде тіл басқармалары мүлде жабылып қалған. Осы өзгерістер толық күшіне енген соң, алдағы он жылда тіл тазалығы мәселесі айтарлықтай шешіледі деп ойлаймын, – деді ол.
Болат Бақбергенұлының пікірінше, тілдік ортаны қалыптастыру үшін үш негізгі қадам қажет:
- Қазақ мектептерінің санын көбейту.
- ЖОО-да қазақ тілі мамандығына бөлінетін грант санын арттыру.
- Тіл басқармалары мен тіл орталықтарын құру және кеңейту.
Депутат Еуропада бұл мәселе тек заңмен шешілетінін атап өтті. Бір рет қате жіберілсе – айыппұл салынады, екінші рет – қатаң жаза қолданылады, үшінші рет тіпті қамауға дейін барады екен. Сондай-ақ жүйелі тәртіп пен міндетті жауапкершілікке көшу дұрыс жол болып саналады.
Менің позициям айқын: жарнама тілін реттеу толық көлемде заңмен міндеттелуі тиіс. Қателерді жөндеу тіл мамандарының өтінішімен емес, заңның талабы ретінде жасалуы керек. Қарапайым сөзбен айтқанда, қате жазған кәсіпкер үшін бұл жай ұят емес, құқықтық жауапкершілік, – деді депутат.
Қазақ тіліндегі жарнамадағы қателіктер тек көрнекілік тұрғысынан емес, қоғамдағы тіл мәдениеті мен кәсіби жауапкершіліктің деңгейін көрсетеді. Депутат атап өткендей, негізгі кедергі – заңдық қатаңдықтың жеткіліксіздігі және орындаушылардың аздығы.
2025 жылдан бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес, барлық жарнама мәтіндері қалалық тілдерді дамыту басқармасының тексеруінен өтуі қажет. Бес күн ішінде тексеру жүргізіледі, қажет болса, ескерту мен айыппұл қолданылады.
Сарапшылар мәселені түбегейлі шешу үшін заңдық бақылауды күшейту, қоғам белсенділігін арттыру және кәсіби мамандардың сапалы жұмысын қамтамасыз ету маңызды деп есептейді. Жүйелі және кешенді тәсіл ғана тіл мәдениетін сақтап, жарнамадағы қателіктерді азайта алады. Тілдің мәртебесін көтеру, оның тазалығын сақтау тек мамандардың міндеті емес. Бұл кәсіпкерлерден бастап, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Авторы: Қарақат Бақтылова

