Көшеде самокат жүргізуге мүлдем тыйым салынуы мүмкін
Қазақстанда электрсамокаттарды жалға беретін компанияларға қойылатын талаптар күшейтілмек. Бұл туралы Мәжіліс екінші оқылымда мақұлдаған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жаңа нормалар жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Құжатқа сәйкес, электросамокаттарды жалға ұсынатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер әр самокатқа міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілік сақтандыруын рәсімдеуі тиіс. Сонымен қатар, жалға берілетін самокаттарды тіркеу және оларға арнайы нөмір беру тәртібі енгізіледі. Бұған қоса, жүргізу құқығы жоқ немесе одан айырылған адамдарға самокат беру жағдайлары үшін жалға берушілерге жауапкершілік жүктеледі, - деп хабарлады Мәжіліс баспасөз қызметі.
Total.kz мәліметінше, биыл электрсамокаттардың қатысуымен 374 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан үш адам қаза тауып, 385 адам жарақат алған. Жыл басынан бері ережені бұзған 37 621 самокат жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жасаған құқық бұзушылықтары үшін 297 ата-анаға шара қолданылған.
Айта кетсек, анықталған әр екі құқық бұзушылықтың бірі Алматы қаласында тіркеледі.

