Көшбасшылық– адамдардан үстем болу емес, олармен бірге тұру - Геннадий Головкин
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Танымал қазақстандық боксшы Геннадий Головкин World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайланды. Осылайша ол халықаралық спорт ұйымын басқарған алғашқы қазақстандық атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Римде өткен дауыс беру барысында Головкиннің кандидатурасын әлемнің 58 елінен қатысқан ұлттық федерациялар бірауыздан қолдады.
Римдегі таныстырылым кезінде Головкин федерацияның басты проблемалары – әділдік, ашықтық және спортшылар мүддесіне бағытталған басқару екенін атап өтті. Ол ұйым жұмысын жаңғыртуға бағытталған төрт негізгі басымдықты ұсынды:
- спортшыларды бірінші орынға қою;
- адалдық пен әділ басқару;
- заманауи инновациялар енгізу;
- қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Дұрыс басқару – спортшылар мен спортты қорғайтын негізгі фактор. Бокстың болашағы үшін күресу үшін келдім, – деді жаңа президент.
Головкиннің айтуынша, ұйым мүшелерінің бірлігі World Boxing-тің Халықаралық Олимпиада комитетінің сенімін қайтарып, бокстың Олимпиада бағдарламасында 2028 жылғы Лос-Анджелес ойындарынан кейін де сақталуына жол ашады.
GGG өз сөзінде ұйымды толық ашықтыққа бағыттап, еңбекқор және сенімді көшбасшылар тобын құратынын жеткізді. Әрбір маңызды қадам туралы федерация мүшелерін хабардар етіп отыруға уәде берді.
Көшбасшылық– адамдардан үстем болу емес, олармен бірге тұру. Бірлік – ұран емес, күнделікті жұмыс тәсіліміз болуы керек. Болашақты бірге құрайық, – деді World Boxing басшысы.
Ресми сайланғаннан кейінгі сөзінде Головкин дүниежүзі елдерінен келіп жатқан құттықтаулардың әрқайсысы ол үшін ерекше екенін айтты.
Маған World Boxing ұйымын басқару сияқты үлкен жауапкершілік жүктелді. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Туған еліме және әрбір қазақстандыққа қолдауы үшін алғыс айтамын, – деді ол.
GGG бокстың Олимпиадада сақталуы үшін бар күшін салатынын да ерекше атап өтті.
Головкин World Boxing ұйымын алдағы үш жыл басқарады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді халықаралық федерация президенті лауазымына сайлануымен құттықтаған еді.

