«Король Джорджо» құрған империя: Джорджо Армани қайтыс болды
Атақты миландық модельер, әлемге «король Джорджо» деген атпен танылған Джорджо Армани 2025 жылдың 4 қыркүйегінде 91 жасында дүниеден өтті. Бұл қайғылы хабарды Armani Group жеткізіп, оны компанияның «негізін қалаушы және тоқтаусыз қозғаушы күші» деп атады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Джорджо Армани өмірінің соңғы күндеріне дейін жұмыс істеп, өз жақындарының жанында өмірден өтті. Ол сән әлеміндегі көзқарасын өмірдің барлық қырына енгізген бірегей тұлға еді, – делінген компания мәлімдемесінде.
Armani Group «50 жылдық тарихы бар компания өз тәуелсіздік құндылықтарына адал болып қала беретінін, ал отбасы мен қызметкерлер оның рухын сақтауға бар күшін салатынын» атап өтті.
Империя қалдырған мұра
Армани өз бизнесін 1975 жылы құрған. Бүгінде оның сән империясының құны 10 миллиард доллар шамасында бағаланады. Әлем бойынша жүздеген дүкені бар топ сән индустриясында люкс пен қолжетімді сегментке арналған бірнеше брендке ие.
Ол «Made in Italy» символына айналып, сән әлеміне ұстамды талғам мен мінсіз кербездік әкелді. Жылдар бойы Голливуд жұлдыздары оның көйлектері мен костюмдерін киді. Armani Group киімнен бөлек аксессуарлар, жиһаз, парфюмерия, косметика, кітап, гүл және тіпті шоколад та шығарады.
Paramount Pictures - Instagram
Форбс тізімінде Армани әлемнің 200 ең бай адамының қатарынан орын алған.
Соңғы еңбектері
Егде жасына қарамастан, Армани сән индустриясын таңғалдыруын тоқтатпады. Тамыз айының соңында Венеция кинофестивалі аясында сән үйінің архивіне арналған жаңа платформаны іске қосып, ЮНИСЕФ-ті қолдау мақсатында қайырымдылық кешін ұйымдастырды. Сонымен қатар, ол туриндік «Ювентус» футбол клубына жаңа форма жасауға келісімшартқа қол қойды.
Модельердің өлімінің нақты себебі жарияланған жоқ. Маусым айында ол алғаш рет Милан сән апталығына қатыса алған жоқ, себебі белгісіз дерттен ем қабылдап жүргені хабарланған еді. Модельер Армани сән үйінің 50 жылдығына арналған ірі іс-шараға дайындалып жатқан.
Luca Bruno/Copyright 2018 The AP. All rights reserved
Қоштасу рәсімі
Джорджо Арманимен қоштасу 6-7 қыркүйекте Миланда өтеді.

