Жаңалықтар

Қорғалжын қорығы – туризмге жол ашады

Шетелдіктер құс меккесіне неге қызығады?
Қорғалжын қорығы – туризмге жол ашады
09.09.2019 18:20 15344

Дүниежүзі картасында айрықша орын алатын сулы да нулы аймақтың біріне Ақмола облысында орналасқан Қорғалжын қорығы жатады. Нұр-Сұлтан қаласының оңтүстік-батысына қарай 130 шақырым жерде  орын тепкен қорықтың көлемі 258,9 мың  гектарды алып жатыр.  Бүкіл Орта Азияның аумағындағы бірегей мекен  болып саналатын Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының айналасы ерекше қорғауға алынған. Ал бұл өлкенің інжу-маржанын тамашалауға еліміздің түкпір-түкпірінен бөлек, сонау шетелден де туристер ағылып келеді. Өйткені мұнда сирек кездесетін құстармен қоса республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі қызықты фестивальдер өткізіліп тұрады.

Осыдан екі жыл бұрын Ақмола облысының аумағында орнитологиялық орталық ашылды. Содан бері бұл «Қорғалжын экологиялық обсерваториясының» базасына республиканың барлық өңірінен тіпті шетелдік саяхатшылар да ат басын тіреуді әдетке айналдырған. Обсерватория басшысы Құралай Түспекованың айтуынша, олар Қорғалжын қорығында мекендейтін сирек құстарды көруге асық екен. 

– Ең алдымен, бұл қорық  елдегі туризм саласын дамытуға жол ашады. Орталық ашылған сәттен бастап мұнда келген шетелдік меймандар біздің қорықтың інжу-маржанын көріп, соған тәнті болып қайтады. Өйткені олар «Африкаға барып, қоқиқаздарды тамашалаймыз, ал бірқазан деген құстарды ұшақпен 800 шақырым ұшып барып, сыртынан бақылаймыз. Сіздерде мұның барлығы бір аймақта тұр» деп айтып жатады, - дейді «Қорғалжын экологиялық обсерваториясы» мемлекеттік мекемесінің директоры Құралай Түспекова.

Иә, расымен де мұнда тек құстарды сыртынан бақылауға қызығатындар мыңдаған шақырымды артқа тастап, өлкенің інжу-маржанын тамашалап,  ләззат алады. Өкінішке қарай, қазақстандықтардың арасында да әлі Қорғалжын қорығының бай табиғаты жайында біле бермейтіндер   баршылық. Сондықтан орталық басшылары жыл сайын мүмкіндігінше түрлі фестивальдер өткізуді қолға алып келеді.

– Мұндай фестивальдер жеткіншектерді Отанын сүюге баулып, олардың таным көкжиегін кеңейтіп, ең бастысы өңірдің бай өсімдіктер мен жануарлар және құстар әлемімен таныстыруды мақсат етеді. Оған қоса біздің мекеменің жұмысы еліміздегі балалармен жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Тіпті біздің мамандар келушілерге өлкені таныстыру барысында пайдаланатын көптеген әдістемелік және тәжірибелік бағдарламалар да  құрастырды, - дейді обсерватория басшысы.


 

Бұл АҚШ елшілігінің грантына құрылған орталық ашылғаннан бері республикалық «Қоқиқаздар» фестивалін дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Фестивальге мұндай атау берудің өзіндік себебі бар. Өйткені, қорық аумағындағы Теңіз көлінде мекендейтін дәл осы құс ТМД мен дүниежүзінің көптеген  елдерінде  жоқ екен. Ең бастысы қоқиқаз құсы  Қорғалжын қорығының басты бренді болып есептеледі.

Бір қызығы, осындай фестивалдер өткізудің арқасында мұнда жиналғандар  қорық жайлы ақпараттарға толық қанық болады. Фестивальдер үлкен қолдауға ие болғандықтан, орталық басшысы биыл алғаш рет «Ұлы дала мәдениетіндегі құстар символизмі» атты республикалық креативті фестиваль өткізді. Шығармашылық фестиваль арқылы мұнда келгендер қазақ жұртының салт-дәстүрі мен тарихы және Қорғалжын қорығының табиғатының әсемдігімен танысуға мүмкіндік алды. Фестивальді ұйымдастырушылар құстар тақырыбын көтеру арқылы келушілердің орнитологияға деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен. Сонымен қоса, мұнда келушілер  ашық аспан астында мың бұралып би билеп, түрлі сайыстарға қатысып, концерт тамашалаған.

– Жыл сайын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік идеялар мен жобаларға конкурс ұйымдастырады. Соған  орай, біз де өз жобамызды ұсынып, өтініш қалдырған едік. Конкурс нәтижесі бойынша біз де жеңімпаздар қатарына ілігіп,  грант иегері атандық, - дейді «Қорғалжын экологиялық обсерваториясы» мемлекеттік мекемесінің директоры Құралай Түспекова.

Осылайша, Тұңғыш Президент қоры мен «Қорғалжын экологиялық обсерваториясының»  ұйымдастыруымен  өткен өнегесі өрісті фестивальге 10 мен 25 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер белсене атсалысқан. Ежелгі дала төсін елжіреткен  байқау-фестиваль  шымылдығы талантты өнерпаздардан құралған ұжымның «Құс мекені – Қорғалжын» тақырыбында театрландырылған қойылымымен түрілді.  Құс базарында өткен шарада қызықты тренингтер мен қолөнершілер түрлі шеберлік сағаттарын өткізді және облыс әкімінің кубогы үшін жастар арасында турнир ұйымдастырылды.

– Бүгінгі күнге дейін осындай 250-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Бұлардың барлығы өскелең ұрпақтың бойына  ұлттық мәдениетпен ұлтшылдық рухын қалыптастыруға бағытталған. Бәрімізге белгілі, құс – қазақ халқының ежелден келе жатқан символы. Бала кезімізден санамызға құс еркіндіктің, азаттықтың нышаны ретінде сіңіп кеткен. Сол сияқты қазақ жұрты да ерікті, еркін екенін көрсеткіміз келді. Ол әлбетте, қазақтың салтында да, спортында да бар. Өкінішке қарай, бүгінгі ұрпақта сол байланыс жоғалып бара жатқан секілді. Ал біз осыны тек жанымызға жақын мәдениет арқылы тартуды мақсат еттік. Осылайша олар қоршаған ортасын қорғауға әрі экологияны сақтауға ұмтылады, - дейді Құралай Айтқабылқызы.

Бұл қорықта бас-аяғы 340-қа жуық құстар мекен етеді. Тіпті өте сирек кездесетін құстарды осы маңдағы Теңіз көлінен тамашалауға болады. Бір айта кетерлігі, мұндағы 35-тен аса құс түрі еліміздің «Қызыл кітабына» енсе, 26 құс түрі халықаралық «Қызыл кітапқа» тіркеліпті. Ал ғалымдардың айтуынша, қорық ресурсы 15 миллион құсты асырауға қауқары бар.

Табиғат зерттеушілерінің деректеріне сүйенсек, мұнда өсімдіктің бес жүзге жуық түрі өседі. Оның ішінде қызғалдақ гүлі – қорықтың сәні. Өкінішке қарай, кейбір гүлге құмар адамдар сұлу өсімдікті оңды-солды жұлып, таптап кететіндері де кездеседі екен. Әрине, бей-берекет жұлғандар әкімшілік жазадан қашып құтыла алмайды. Жалпы бұл гүлдерді қорғау мен көбейту мақсатында мұнда «Қызғалдақтар фестивалі» секілді түрлі шаралар өткізіліп тұрады.

Осындай шаралар арқылы қорықтың бай мұрасына қызығушылық танытқандардың саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан елімізде мұндай фестивальдерді жыл сайын өткізу дәстүрге айналдырсақ игі.

(Суреттер Тұңғыш Президент қорының баспасөз қызметінен және ашық дереккөзден алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға