Кореяның басты жекпе-жек өнері таныстырылды
Корей мәдени орталығында корей жекпе-жек өнерінің тарихы мен жаһандануына арналған «Таеквондо: әлеммен кездесу» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Іс-шара Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі мен Кореяның халықаралық мәдениет алмасу қорының (KOFICE) қолдауымен, халықаралық Touring K-Arts жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – шетелде мәдениет пен өнер саласындағы үздік бастамаларды таныстыру. Бұған дейін көрме Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп, 1 тамызда аяқталған.


El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Ұлттық таеквондо мұражайы әзірлеген экспозицияда Кореяның азат етілген уақытынан бастап бүгінге дейінгі таеквондо тарихы қамтылды. Көрме барысында корей соғысынан кейінгі мектептердің бірігуі, спорт түрінің жаңғыртылу кезеңдері, ұлттық спорт ойындары, әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарындағы жетістіктер ұсынылған. Мұражай қорының бірегей экспонаттары спорттың әлемдік деңгейге қалай көтерілгенін айқын көрсетеді.


El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Ашылу салтанатына Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжо Тэ Ик, ұлттық таеквондо мұражайының директоры Чон Санг Ги, дипломатиялық корпус өкілдері, Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Арал Садықов қатысты.
Чжо Тэ Ик өз сөзінде таеквондо өнерінің әлемдік деңгейдегі орны мен Қазақстандағы дамуына тоқталды. Елшінің айтуынша, көрме таеквондоны әлемдік спортқа айналдырған тарихи кезеңдерді паш етіп қана қоймай, Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға зор үлес қосады.


El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Белгілі болғандай, бүгінде таеквондо – әлемнің 213 елінде 200 миллионнан астам жанды біріктірген басты жауынгерлік өнердің бірі. 2000 жылдан бастап Сидней олимпиадасынан бері ол ресми олимпиадалық спорт түріне айналды. Қазақстан да өз тарихында бай ұлттық күрес өнеріне ие. Қазіргі таңда таеквондо мен қазақ күресі бір-бірімен үндес құндылықтарға негізделіп, жастарды рухани және физикалық тұрғыдан тәрбиелеуге жол ашады, – деді Чжо Тэ Ик.
Елші Қазақстанда бұл спорт түрінің кеңінен дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Бүгінде 200 мыңнан астам қазақстандық таеквондомен айналысады, жыл сайын 100-ден астам жарыс өтеді.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Осы көрме спортшыларға да, қазақстандықтарға да таеквондо тарихымен тереңірек танысуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Чжо Тэ Ик қазақстандық таеквондо федерациясына көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдіріп, болашақта Қазақстан жастары бұл спорт арқылы тек мықты спортшы ғана емес, рухани жағынан да қуатты тұлға болып қалыптасатынына сенім білдірді.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Ұлттық таеквондо мұражайының директоры Чон Сан Ги бұл шара Кореяның басты мәдени мұраларының бірі саналатын таеквондо өнерінің тарихы мен дамуын танытатын ерекше көрме екенін атап өтті. Көрмеге ұлттық таеквондо мұражайының қорынан 100-ден астам бірегей экспонат қойылғанын жеткізді.


El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Таеквондо бүгінде Кореяда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған адамның өмірімен тығыз байланысты. Қазақстанда да бұл спорт қарқынды дамып келеді. Жас спортшылар халықаралық жарыстарда табысқа жетіп, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Бұл – Қазақстан таеквондо федерациясының халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, спортшыларды тәрбиелеуге және осы спорт түрін насихаттауға бағытталған жүйелі жұмысының жемісі, – деді мұражай директоры.
Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Арал Садықов өз сөзінде таеквондо жай ғана спорт емес, бұл корей мәдениетінің бір бөлігі екенін тілге тиек етті.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Біз бұл өнерден қазақ халқына да жақын әрі ортақ құндылықтарды көреміз. Қазақтар сияқты корей халқы да үлкенді құрметтеуге, рухтың беріктігіне, отбасының бірлігіне және жастарды ар-намыс рухында тәрбиелеуге ерекше мән береді. Сондықтан да таеквондо Қазақстанда табиғи түрде дамып, өз орнын тапты, – деді ол.
Бас хатшының айтуынша, жақында елімізде таеквондодан ірі халықаралық турнир Kazakhstan Open ұйымдастырылып, оған Кореяны қоса алғанда, көптеген елден спортшылар келгенін жеткізді.

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Бұл жарысқа арнайы дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті Чунгвон Чоу келіп қатысқанын, оны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қабылдағанын жеткізді.


El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Бұл таеквондо тек спортшыларды ғана емес, тұтас халықтарды біріктіретінін көрсетеді. Ал бүгінгі көрме – достық пен өзара құрметтің айқын белгісі. Бізді рухани да, мәдени тұрғыда да шыңдай түседі, – деді таеквондо федерациясының бас хатшысы Арал Садықов.
Көрмеге келген меймандар ұлттық таеквондо мұражайының ғылыми қызметкері жүргізген экскурсияға қатысып, корей мәдениеті туралы тың деректер алды. Көрменің ерекше атмосферасын қазақстандық «Житай» демонстрациялық командасының әсерлі өнер көрсетуі толықтырды.


El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Айта кетейік, көрме көпшілік үшін ашық және 15 қазанға дейін жалғасады.


El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

