Кореяға заңсыз барған қазақстандық мигранттарға қатысты шешім қабылданды
Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеген Қазақстан азаматтарының елден шығуына қатысты талаптар жеңілдетілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомство ақпаратына сәйкес, Қазақстанның Еңбек министрлігі мен Кореяның Әділет министрлігі өзара келісімге келіп, ерікті түрде елден шығу бағдарламасының мерзімін ұзартуға уағдаласқан.
Қазақстан азаматтарының заңсыз көші-қон жағдайын азайту және олардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өткен келіссөздер нәтижесінде Кореяда заңсыз жұмыс істеген отандастарымызға айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салынбай елден өз еркімен шығуға мүмкіндік беретін бағдарламаның мерзімін кеңейту туралы шешім қабылданды. Бұл мүмкіндікті қазақстандықтар 2025 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың ақпанына дейін пайдалана алады, - деп хабарлады министрлік.
Ведомствоның мәлімдеуінше, бағдарлама қазақстандықтарға «құқықтық салдарсыз» елден шығуға жол ашады.
Алайда бұл бағдарлама қылмыстық құқықбұзушылық жасағандарға, мәжбүрлі түрде елден шығарылуға жататын азаматтарға және 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеге өткен шетелдіктерге қолданылмайды.
Ерікті түрде елден шығу мүмкіндігін пайдалану үшін азаматқа паспорт, өтініш және әуе билеті қажет. Алдын ала өтініш Оңтүстік Кореяның иммиграциялық кеңсесіне ұшуға 15 күн қалғанда беріледі.
Министрлік шетелде тек заңды түрде жұмыс істеудің маңыздылығын еске салды.
Қазақстан азаматтарына шетелде жұмысқа орналасқанда тек ресми жолдарды пайдалануды қатаң түрде ұсынамыз. Бұл заңсыз миграция, айыппұл, елден шығарылу және еңбек құқығының бұзылуы сияқты тәуекелдерден сақтайды. Жұмысқа орналасу тек лицензияланған жеке агенттіктер, мемлекеттік бағдарламалар немесе ресми жұмыс берушілер арқылы жүзеге асырылуы тиіс, - деді ведомство.
Айта кетейік, өткен жылы да Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеуге мүмкіндік беру жоспарланғаны айтылған еді. Алайда бұл норма әлі заң жүзінде бекітілген жоқ. Министрлік өкілдері келіссөздерді биыл аяқтауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Сенат депутаттары қазақстандықтардың Катарда ресми түрде жұмыс істеуіне жол ашатын заңды мақұлдады. Енді қазақстандықтар бұл елде жолақысы, тұруы және ұшақ билеттері толық өтелетін шарттармен еңбек ете алады

