Жаңалықтар

Корея Қазақстан азаматтарына заң жүзінде жұмыс істеуге рұқсат беруі мүмкін

Корея Қазақстан азаматтарына заң жүзінде жұмыс істеуге рұқсат беруі мүмкін
Фото: Сыртқы істер министрлігі 31.05.2023 21:50 1518

Оңтүстік Корея Қазақстан азаматтарына заңды түрде жұмысқа орналасуға рұқсат беруі мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу елімізге ресми сапармен келген Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Пак Жинмен екіжақты келіссөздер жүргізді. 

Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Оңтүстік Корея ынтымақтастығының жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды талқылады.

Достық пен өзара сенімге негізделген Оңтүстік Кореямен әріптестікті дамыту – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды басымдықтарының бірі. Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті корей компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға біз толық дайынбыз, – деді министр.

Корея Қазақстан азаматтарына заң жүзінде жұмыс істеуге рұқсат беруі мүмкін

Министр Пак Жин Сеул екі ел арасында қалыптасқан сенімді қатынастар негізінде корей-қазақ кеңейтілген стратегиялық әріптестігін дамытуға ниетті екенін айтты.

Біз экономикалық даму саласындағы өз тәжірибеміз негізінде Қазақстанға қолдау көрсетуді одан әрі де жалғастыратын боламыз, - деді Оңтүстік Корея СІМ басшысы.

Тараптар екі ел арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, оның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру жолымен өзара мүдделілік білдірді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 6,1 млрд долларға жеткен өзара тауар айналымының екі есе ұлғаюы қанағаттанушылықпен аталып өтті.

Корея Қазақстан азаматтарына заң жүзінде жұмыс істеуге рұқсат беруі мүмкін

Оңтүстік Корея – Қазақстандағы ең ірі 10 инвестордың бірі және Азияда ауқымы жағынан екінші сауда серіктесі. ҚР экономикасына салынған корей тікелей инвестициялар көлемі 1,5 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл екіжақты инвестициялық ынтымақтастық тарихындағы ең үлкен көрсеткіш. Қазақстанда корей бизнесінің қатысуымен 740 компания тіркеліп, 28 ірі жоба іске асырылды.

Екі ел азаматтарының еңбек және көші-қон құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері келіссөздердің жеке тақырыбы болды. Мұрат Нұртілеу Қазақстан азаматтарының Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуын қамтамасыз етудің маңыздылығына, әсіресе Қазақстанды Кореяның «Еңбекке рұқсат беру жүйесінің» тізіміне қосуға назар аударды.

Тараптар мүдделілік танытып отырған барлық мәселелер бойынша үздіксіз және дәйекті жұмысты жалғастыру үшін 2023-2024 жылдарға арналған Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға