Жаңалықтар

Көпке үлгілі алматылық Әбдіқалықовтар әулеті

Көпке үлгілі алматылық Әбдіқалықовтар әулеті
20.06.2019 16:34 3920

Алматы қаласында өткен «Мерейлі отбасы» байқауында бағы жанған әулеттің бірі – Әбдіқалықовтар шаңырағы. Байқауда өзгелерден озып шыққан мерейі үстем  отбасымен  El.kz  порталы әңгімелескен болатын.   

Жарты ғасырдан астам бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқан отбасының отағасы Тлеужан Әбдіқалықов пен отанасы Айгүл Төсекбаева екі ұл және үш қыз бағып-қағып өсірген бақытты да тату отбасы.

1941 жылдың 27 қыркүйегінде Нарынқол ауданы, Сүмбе ауылында дүниеге келген әулеттің отағасы Тлеужан Әбіқалықов он жылдық мектепті бітіріп, алғаш еңбек жолын өз аулындағы колхоздан бастаған. Кейін 1962 жылы Талғар қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумына оқуға түсіп, оны 1965 жылы ойдағыдай тәмамдаған екен. Содан туған ауылына барып, Абай атындағы колхозда бөлімше механигі болып қызмет етеді. Ал 1968 жылы қауіпсіздікті сақтау инженері болса, 1970 жылы ақпан айынан бастап колхоздың бас инженері жұмысын абыроймен атқарған.

– Осы жұмыста жүріп, Алматы қаласындағы қазақ ауыл шаруашылығы институтына сырттай оқуға түсіп, оны 1977 жылы аяқтап, жоғары білімді  маман болып шықтым. Мұны бітірген соң, облыстан Алматыдағы Қарасай ауданына жолдама берілді. Содан 1978 жылдың 1 сәуірінен бастап Чапаев атындағы жеміс-жидек совхозына бас  инженер болып қызметімді ауыстырдым. Ал осы совхозды  1990-1991 жылдары  басқарған соң, келесі жылы «Тұлпар» атты мердігерлік ұйымға басшы қызметіне ауысып бардым, - дейді Тлеужан Әбдіқалықов.

Алайда Тлеужан  ақсақал бұл қызметте ұзақ болмағандығын айтады. Өйткені 1997 жылы үкіметтің қаулысымен совхоздар таратылады да, ол жеке кәсіппен айналысуға көшеді. Осындай қызметтермен қоса, Тлеужан ақсақал халық қалаулысы болып, депутаттық қызметті де абыроймен атқарған. 1971-1975 және 1977 жылдары Қызыл шекара кеңесінің депутаты, 1984 жылы Қарағайлы ауылдық советінің депутаты болып сайланған. Осы жылдары жемісті еңбегінің арқасында В.И.Лениннің 100 жылдығы медаліне және 1973 пен 1976 жылдары социалистік жарыстың жеңімпазы медальдарына ие болып, жыл сайын еткен еңбегі бағаланып отырған. Ал 1987 жылы Еңбек ардагері медалімен марапатталған ардагер бүгінгі күні Алматы қаласы Наурызбай ауданының ардагерлер ұйымының мүшесі екенін айта кетейік. 2004 жылдан бастап зейнетке шықса да, Тлеужан ақсақал қазіргі таңда Наурызбай ауданына қарасты ардагерлер комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүр. Тлеужан Әбдіқалықов осы уақытқа дейін өзінің жеткен жетістіктері жұбайы әрі балаларының анасы  Айгүл Төсекбаеваның арқасы екенін айтады. Өйткені ол кісі әрқашан қиналғанда демеп, әрі  барлық  шешімін  қолдап отырған  екен.

– Апаңмен 21 жасымда Талғарда механизациялау техникумында оқып жүрген кезімде таныстым. Сол кезде ол  медициналық училищеде білім алып жүрген кезі. Содан екеуіміз де оқуымызды аяқтап, жұмыс істеп жүрген кезде, яғни 1967 жылы ақпанның 22-інде шаңырақ көтеруге бел будық, - дейді отағасы.

Әбіқалықовтар шаңырағының  түтінін түтетіп отырған жұбайы 1945 жылы 8 наурызда Алматы облысы, Талғар ауданы, Төнкеріс селосында дүниеге келген.  Өз аулында 10 жылдық мектепті бітіріп, Талғардағы кіші дәрігерлер дайындайтын оқу орнына түсіп, оны 1964 жылы аяқтап шығады. Содан алғаш еңбек жолын Алматы облысы Гвардия ауданында кіші дәрігер болып бастағанын айтады Тлеужан Әбдіқалықов.  

- Ал 1967 жылы біз шаңырақ көтергеннен кейін Нарынқол ауданы Сүмбе селосының ауруханасында біраз уақыт жұмыс істеп, кейін Чапаев селосының ауруханасына ауысады. Құдай қосқан жан жарым ғұмырының 30 жылын осы денсаулық саласына арнады. Осы уақыт аралығында халқына аянбай адал қызмет  еткен еңбегі  В.И.Лениннің 100 жылдығы медалімен және қызыл жарты ай ұйымының мақтау грамоталарымен марапатталған болатын, - дейді ақсақал.

1981 жылдан бастап отанасы аурухананың меңгерушісі болып қызмет етіпті. 1994 жылдан зейнетке шықса да, Айгүл Төсекбаева еңбектен бір сәт те қол үзген емес. Өйткені жолдасы екеуі  1997 жылы шағын цех ашыпты. Содан егін егіп, соның дәнінен цехта медицина мен тағам әзірлеуде қолданылатын мақсары (сафлор) өсімдігінен май шығарумен айналысқан. Әбіқалықовтар әулеті 1999 жылы жеке кәсіптерінің ауқымын кеңейтіп,  азық-түлік дүкенін, 2001 жылдан бастап сән салонын да ашыпты. Әулет иелері осы кәсіппен бүгінгі күнге дейін айналысып келеді.

Жұрт қатарынан қалмай осылайша еңбек етумен қоса, әулеттің отағасы Тлеужан ақсақал мен отанасы  Айгүл апа жоғарыда айтқанымыздай бес бала өсіріп, олардан 13 немере сүйіп, тәлім-тәрбие беріп отырған көпке сыйлы отбасы.

– Бес баламның екеуі ұл, үшеуі қыз. 1968 жылы дүниеге келген үйдің тұңғышы Гульзира 1992 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика университетін бітірген. Қазіргі кезде жолдасы Мұхаметказим Рахматуллаұлымен екі бала тәрбиелеп отырған тату-тәтті отбасы. 1997 жылы дүниеге келген немерем Ғалымбек қазіргі кезде Түркияның Кастамону университетінің компьютерлік инженерия факультетінде оқып жатыр. Ал  2000 жылы жарық дүние есігін ашқан немерем Әмина қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің екінші курсын үздік бітірді, - дейді отанасы.

Ал 1969 жылы дүниеге келген екінші балалары Әділет Тлеужанұлы Алматы құрылыс архитектуралық техникумын және құрылыс жол институтын тәмамдаған. Қазіргі кезде Алматы қаласы әкімшілігінің тұрғын-үй құрылыс жөніндегі бөлім бастығы болып қызмет ететін Әділет Әбдіқалықов жұбайы Аида Амангелдіқызымен үш баланы тәрбиелеп отыр. Әулеттің үшінші баласы 1971 жылы дүниеге келген Самат Әбдіқалықовтың да үш баласы бар.  1996 жылы туған қыздары Әсел былтыр Алматыдағы бизнес академиясын бітіріп, қазіргі кезде «Прайм Капитал холдинг» компаниясында қаржыгер болып істейді. Самат Тлеужанұлы сүйген жары Гүлнар Таубалдықызымен биыл көктемде тұңғыштарын қазақы салтпен ұзатып, құтты орнына қондырыпты. Ал 2002 мен 2009 жылдары дүниеге келген қызы Меруерт мектепті бітірсе, кенжесі  Айдос үшінші сыныпты үздік аяқтапты. 

– Төртінші перзентім  Дана 1975 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген қызым жолдасы Бауржанмен бүгінде төрт баланы тәрбиелеп отыр. Үйлерінің үлкені әрі менің немерем 19 жастағы Әсем  қазір Сүлейман Демирел атындағы қазақ-түрік университетінің 2 курсын үздік бітіріп, тәжірибе алмасу үшін АҚШ-қа кетті. Одан кейін дүниеге келген Қадыржан, Асылжан және Кәусар есімді немерелерім бар, - дейді Айгүл Төсекбаева.

Ал әулеттің кенжесі 1978 жылы дүниеге келген Лаура Тлеужанқызы Алматы технология университетін одан кейін бизнес академиясын үздік бітіріп, жоғары санатты бухгалтер мамандығын алып шыққан. Бүгінде үйдің кенже қызы америкалық мектепте бухгалтер болып қызметін абыроймен атқарып жүр.

Осылайша Әбдіқалықовтар әулетінің тұңғыштары Әділет Тлеужанұлы мемлекеттік қызметкер болса, екіншісі Самат Тлеужанұлы балалар киімін сатумен айналысатын кәсіпкер болып қызмет етеді. Ал қыздары Гүлзира  Әбдіқалықова да қазіргі заман талабына сай өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер болса,  Дана Тлеужанқызы әкесінің кәсібін ары қарай дамытумен айналысады. Ал кенже қызы Лаура Тлеужанқызы есеп маманы болып жұмыс істейді. Балаларының әкесі өз перзенттерін уақыт талабына сай кәсіпке де өзі бағыттап, әрқашан ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес.

Шаруашылық саласын басқарып, еліміздің дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан Тлеужан қария  бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан  жұбайы Айгүл апамен демалыстарын әрқашан мәнді де мағыналы етіп өткізуге тырысады. Құтты үйден қонақ үзілген емес.

- Біз демалыста өзіміздің аралас-құралас 5-6 отбасылы достарымызбен бірге Қазақстанның және шет елдің демалыс орындарына барып тұруды дәстүрге айналдырдық. Қарқаралыдағы Шайтанкөл мен Павлодардағы Жасыбай көліне және Алакөлге жиі барып тұрамыз. Сонымен қоса, 2007 жылы Египетке, 2008 жылы Қытайға, 2011 жылы Түркия және 2013 жылы Дубай елдеріне барып, қыдырып қайтқан болатынбыз, - дейді ақсақал.  

Бүгінде тамырын кенге жайған Әбдіқалықовтар әулеті  - Наурызбай ауданының құрметті отбасыларының бірі. Сонымен қоса, қалалық байқауда Алматы жұртына үлгі болған дәулетіне бақтары сай бұл шаңырақ енді қыркүйек айында  елордада өтетін «Мерейлі отбасы» республикалық ақтық байқауына қатысып, алматылық жанұялардың мерейін арттырмақ.

(Суреттер  Әбдіқалықовтар отбасының жеке мұрағатынан алынды) 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға