Көпке белгілі психологиялық терминдердің астарында не жатыр?
Депрессия
Бұл психикалық бұзылыстың шыққан тегі латынның deprimo сөзі. Ол «басу», «жаншу», «тұншықтыру» деген секілді мағынаны білдіреді. Депрессияның үш негізгі симптомы бар:
- көңіл-күйдің түсуі және қуана алмау;
- ойлаудың бұзылуы;
- қозғалыстың тежелуі.
Бұл көпшілік ойлап жүрген адамның айналысатын ісі болмаған кездегі жабығу, жабырқауы емес. Сол секілді «қазір күйзеліске түсу сәнге айналған, бұрын бұл сырқат мүлде жоқ еді» деген пікір де жалған. Себебі, депрессия антика дәуірінде «мелонолия» атауымен кездеседі. Бұл дертті міндетті түрде емдеу керек, әйтпесе адам өзін-өзі өлтіріп тынуы ғажап емес. Көбінесе жасөспірім тобындағылар ажал құшуға дайын болады.
Фрустрация
Бұл сөздің астарында адамның ойындағы нәрсесіне қол жеткізбеуден кейінгі ахуалы жатыр. Ол шарасыздық, қатты көңілдің қалуы, наразылық секілді «ішкі жарақаттармен» тікелей байланысты. Адам өзі қалаған нәрсесіне қол жеткізбеген соң, алданып қалған секілді күй кешеді.
Фрустрациядан соң, адамдар діттеген нәтижеге қол жеткізу үшін күресе түседі.
Бұл ситуацияға кей әйелдердің ұзақ уақыт бойы бала көтере алмай, аяғы ауыр болу үшін емделіп, тіпті ЭКО-ға дейін баратын табандылығын айтуға болады. Психологтар фрустарцияны терапияның бір әдісі ретінде де қолданады екен.
Депривация
Депривацияда адам базалық қажеттілігін қанағаттындыра алмайды. Мәселен, баспахана мен тамаққа мүмкіндігінің болмауы, медициналық қызметке жүгіне алмауы және т.б.Мүмкін сіз адамды кез келген сезімнен оқшаулайтын сенсорлы депривация камералары туралы естіген боларсыз. Олар медитация үшін пайдаланылады. Соған қарамастан, көбі үйренген сезімдерінен айырылған соң, үрей, қорқыныш, мазасыздықты сезінеді.
Депривация адамдардың өмірге аса қажетті нәрселерінен айырып, оның болашағына өте қатты әсер етеді. Деприавция мен фрустрация арасында мынандай механикалық айырмашылық бар: алғашқысы өз қажеттілігін орындай алмаудан туындаса, келесісі нақты бір мақсатқа жете алмаудан шығады. Депривация – агрессия, өз-өзін тастау, депрессия секілді ауыр жағдайларға ұшыратуы ықтимал.
Сублимация
Бұл психиканың қорғаушы механизмі алғаш рет З.Фрейдтің зерттеуінде кездеседі. Психолог мұны «адам бір сферадан көңілі қалып, бар энергиясын басқа нәрсеге жұмсауы» деп түсіндіреді. Фрейд мысал ретінде адамның сексуалды қанағаттанбауынан шығармашылыққа ден қоюын айтады. Жарқын мысал ретінде төсек қатынасы ешқашан қызықтырмаған Леонардо да Винчиді айтуға болады. Оның жағдайы тікелей осы сублиациямен байланысты.
Виктимділік
Бұл айналасындағылардан әрқашан агрессия сезінетін адамдардағы дерт. Ол өзіне шабуылдауы мүмкін деп ойлаған адамын ұрып-жығып, артынан «өзімді қорғадым» деп ақталады. Бұл терминді батыста өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері қолданбайды. Виктимділік кездесетін адамға әділеттілік заңы туралы айтып жатады. Яғни, «өзіңді қоғамдық ортада дұрыс ұстасаң, саған ешкім тиіспейді, ал егер біреуден таяқ жесең, өзіңді жаман қырыңнан көрсеткенің. Болған жайтқа өзің кінәлісің». Мұның өзі де айналасынан агрессив көретіндерді еш емдей алмай келеді.
Прокрастинация
Маңызды істерді, жоспарлаған нәрселердің бәрін кейінге шегеруге қатысты пайда болған психикалық бұзылыс. Көбінесе бұл жағдайды жалқаулықпен шатастырып жатады. Бірақ, еріншек адам жұмысын ертеңге қалдырғаннан ешқандай уайым жемейді. Ал прокарстинациялы адам соның кесірінен азапталады, жанын жейді, сонда да өзін ақтап алатын көптеген сылтау табуы мүмкін. Бұл дерттің адам өміріне алып келетін зияны шаш етектен. Бар істі кейінге қалдыра беріп, бір жерде тұрақты жұмыс істеп көріңізші.
Ригидтілік
Ригидтілік – адамның ойлауы мен реакцияларының тежелушілігі мен баяулығы. Когнитивті ригидтілік адамдардың басындағы ақпаратты жаңа информациямен алмастыра алмауын айтады. Мәселен, адам жерді жазық деп ойласа, оны шар секілді екеніне сендіре алмайсыз. Ал аффективті ригидтілік кезінде эмоционалды тежелу бар. Мәселен, таңертеңгілік автобуста сіздің аяғыңызды басып кетсе, сіз күні бойы әріптестеріңізге осы оқиғаны айтумен боласыз. Бұл писхикалық бұзылыстың тағы бір қыры оқиға мен эмоцияның байланысы. Егер сол оқиға қайталанса, бірінші жайттағыдай жайсыз күй кешетін боласыз.