Көпбалалы отбасыларға енді тегін балабақша берілмейді
Қазақстанда көпбалалы отбасылар үшін мемлекеттік балабақшалар толықтай ақылы болады. Жеңілдік тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға ғана беріледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Алматыда 180-нен астам мемлекеттік бөбекжайда қаңтардан бастап тегін қызмет тоқтайды. Егер отбасы атаулы әлеуметтік көмек алмаса немесе мүгедек болмаса, әр бала үшін 25 мың теңге төлеу қажет болады.
Дегенмен бұл шешімге қазірдің өзінде бірнеше ата-ана қарсылық білдіріп жатыр. Егер үш балаға 75-80 мың теңгеден шығатын болса, бүтін бір айлық тек балабақшаға кетеді деп дабыл қақты.
Тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға ғана тегін болмақ.
Қыркүйектен бастап барлық өңірлерде бұл өзгеріс енгізілді. Біз жыл соңына дейін аздаған уақыт бердік. 1 қаңтардан бастап төлемақы төлеу міндетті болады. АСП немесе ең төменгі күнкөріс деңгейіне сай келмейтін отбасылар төлем жасайды, - деді Алматы қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Әлия Сағиева.
Әкімдік жеңілдіктен айырылғандарға атаулы әлеуметтік көмек алу немесе мансап орталығына табысы төмен азамат ретінде тіркелуді ұсынды. Дегенмен көпбалалы ата-аналар бұл шешімге көңілі толмай, үкіметке үндеу жасап, қайта қарауды талап етті.
Көпбалалы жанұялар үшін тегін балабақша бұрын маңызды көмек болып келген. Қазір бұл мүмкіндік шектелуі олардың қаржылық жағдайына ауыр соққы болып отыр.

