Жаңалықтар

Көпбалалы отбасылар 66,9 млрд теңге жәрдемақы алды

Көпбалалы отбасылар  66,9 млрд теңге жәрдемақы алды
Фото: El.kz 27.03.2023 10:53 790

Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 535,3 мың отбасы жалпы сомасы 66,9 млрд теңге мөлшерінде қамтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Оның ішінде ақпан айында 538 мың отбасына 33,8 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Көпбалалы отбасыларындағы:

- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;

- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;

- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;

- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;

- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде төленеді.

Еске салайық, көпбалалы отбасыларға олардың табысын есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға артқанын атап өтеміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға