Үкімет

«Көп оқыңыздар». Президент Үкімет мүшелеріне ескерту айтты

10.02.2026 12:30

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев шенеуніктердің кәсіби дайындығына ғана емес, олардың ойлау дағдысы мен ақпаратты қабылдау мәдениетіне де арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы Үкіметтің бірқатар мүшесінің маңызды саяси мәтіндер мен мазмұнды материалдарға үстірт қарайтынын жасырмады.

Оқи отырыңыз:

Президенттің айтуынша, қазіргі цифрлық заманда адамдар ұзақ мәтіннен қашып, терең талдаудың орнына жеңіл форматқа үйреніп барады. Бұл үрдіс мемлекеттік басқару жүйесіне де әсер ете бастаған. Кейбір лауазымды тұлғалар стратегиялық құжаттарды толық оқымай, қысқартылған аудио-нұсқамен шектелуді қалыпты әдетке айналдырған.

Мұндай дағды мемлекеттік қызметкерге жараспайды. Оқу керек. Әйтпесе уақыт өте келе ойлау қабілеті әлсірейді, – деді мемлекет басшысы.

Президент өзінің «Turkistan» басылымына берген сұхбаты мен Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдағы баяндамасын мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл мазмұнды әрі маңызды материалдарға Үкімет құрамындағылардың барлығы бірдей терең үңіле қоймаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев интеллектуалдық еңбекпен айналысатын адамдар үшін кітап оқу – тек ақпарат алу құралы емес, ойлау жүйесін сақтайтын басты тетік екенін атап өтті. Мемлекет басшысы шенеуніктерді интернетке тәуелді болмауға, ақпаратты үстірт емес, саналы түрде қабылдауға шақырды.

Тоқаев бұған дейін Үкімет мүшелеріне терең талдау жүргізуді тапсырған. Ал Үкімет өз кезегінде халық табысын арттыруға уәде берді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)