Әлеуметтік желі

«Консул Тимурмен бірге». Вьетнамда жоғалған қазақ қызы табылды

10.03.2026 12:03

Вьетнамда жоғалып кеткен қазақстандық Әсем Әубәкір табылды. Бұл туралы бойжеткеннің туыстары мәлім етті. 

Сүйінші жаңалықты Әсемнің әпкесі әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Оның айтуынша, қыздың қазіргі жағдайы туралы толық ақпарат әзірге жарияланбайды.

Маған әзірге оның жағдайы туралы айтпауымды өтінді. Сыртқы істер министрлігіне, полицияға, Ішкі істер департаментіне және көмектескен барлық адамға алғысымды білдіремін. Қазір басты мәселе – ұшып бару. Тезірек жету керек. Сондықтан ең жылдам рейс болса болды, бағасы қандай болса да бәрібір. Ең бастысы – оған тезірек жету. Қазір ол консул Тимурмен бірге. Ол жанында жүр. Мен оны видеоқоңырау арқылы көрдім. Барлығыңа сәлем жолдады. Ең бастысы – оны тапты, – деді Әсемнің әпкесі.

Бұған дейін Қазақстан азаматы Әсем Әубәкірдің Вьетнамда түсініксіз жағдайда жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған еді. Ол соңғы рет 6 наурыз күні Хошимин қаласынан байланысқа шыққан.

Әсемнің әпкесінің айтуынша, 26 жастағы бойжеткен Ханойға ұшып барып, Қазақстан консулымен кездесуді жоспарлаған. Алайда әуежайға шамамен 20 шақырым қалғанда онымен байланыс үзіліп кеткен.

Туыстарының сөзінше, жоғалар алдында Әсем қатты қорыққан және біреулердің өзін аңдып жүргенін айтқан.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, дипломаттар іздеу жұмыстарына бірден кіріскенін хабарлаған.

Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі Әубәкір Әсемнің туыстарымен байланыста және Вьетнамның құзырлы органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Қазір оның жүрген жерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жағдай ҚР СІМ бақылауында, – деп мәлімдеді министрлік.

Айта кетейік, ақпан айында тағы бір қазақстандық азамат шетелде жоғалған. Екатерина Шилова есімді әйел Варшавадан Астанаға ұшуы тиіс болған, алайда рейске отырмаған. Оның туыстары істі Бас прокуратура бақылауына алуды сұраған.