28 Ақпан 2023, 11:43

Конституциялық Соттың құзыретіне не кіреді?

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Конституциялық Сот құрылғаны белгілі. Бұған дейін Конституциялық Кеңес болған ұйымның құзыреті кеңейіп, қайта жасақталды. Мемлекеттік институт құрылғалы бері азаматтар тарапынан 1300-ден астам арыз-шағым түсіп үлгеріпті. 

Қазіргідей сайлауалды науқан қызып тұрған уақытта көпшіліктің көкейінде: «Конституциялық Сот сайлау нәтижелерінің әділдігіне төрелік ете ала ма?», «Азаматтық істердің нәтижесін қайта қарайды ма?», деген сұрақтардың жүргені жасырын емес. Осы және өзге де өзекті сұрақтарды Конституциялық Сот Аппараты басшысының орынбасары Ерлан Сапаровқа қойған едік. «Конституциялық Соттың сайлауға қатысты құзыреті бар. Республикалық референдум, Парламент палаталарының депутаттарын сайлауға қатысты дау туғанда, Президенттің, палата төрағаларының, Парламенттің 1/5 бөлігінен кем емес депутаттар мен Премьер-министр өтініш берген жағдайда қаралады. Конституциялық сот Конституцияда көрсетілген рәсімдер дұрыс сақталмады деп қорытынды беретін болса, құзыреті тоқтатылады», - деді Ерлан Сапаров. 

Конституциялық Сот Аппараты өкілі азаматтардың Конституциялық Сотты сот жүйесінің бір тармағы ретінде қарайтынын айтты. «Азаматтар тарапынан өтініштер түсіп жатыр. Бүгінге дейін 1300-дің төңірегінде арыз түсті. Ол арыздар мұқият қаралып, 70 %-ы арыз иелеріне қайтарылды. Өйткені олар Конституцияға қайшы келуіне байланысты берілген өтініштер қатарына жатпайды. Әлі де азаматтардың көпшілігі Конституциялық Сотты сот жүйесінің бір тармағы деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. Апеляциялық , кассациялық деңгейдегі соттардың шешімдерін қайта қарамайды. Олар туралы құқықтық жағдайларды қарастырып, оларға басқаша баға беруге кіріспейді, қалыс қалады. Азаматтар көбінесе өздеріне қатысты сот шешімдерін қайта қарап, жаңа шешім қабылдау туралы өтініштерін жолдап жатыр. Оның ішінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқандардың тарапынан өтініштер келіп түсуде. Ал Конституциялық Соттың қарайтыны – азаматтардың құқықтық-нормативтік актілердің кейбір баптарының Конституцияға сәйкестігі», - деді Ерлан Әскербекұлы.

Бөлісу: