Жаңалықтар

Конституциялық Сот – құқықтық мемлекеттің негізі

Басты ерекшелік – жаңа органға азаматтар тікелей жүгіне алады
Конституциялық Сот – құқықтық мемлекеттің негізі
Фото: ortcom.kz 05.11.2022 15:32 1957

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған бірқатар маңызды заңға қол қойды. Бұған қатысты Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің аппарат басшысы Бақыт Нұрмұханов өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz.

Президент 6 заңға қол қойды. Бақыт Нұрмұханов «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңды ерекше атап өтті.

«Бұл заң елде жаңа Конституциялық бақылау органы Конституциялық сотты құрудың құқықтық негізін қалайды. Конституциялық Кеңес ұжымы заңды әзірлеуге, Парламент палаталарында қаралған кезде сүйемелдеуге белсенді атсалысты. Конституциялық Кеңестің ұсынысының барлығы онда ескерілді», деді ол.

Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің аппарат басшысы әрбір қазақстандық азамат өзінің Конституциялық құқығын осы органда қорғай алады дейді.

«Енді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық Кеңес Конституциялық Сотқа трансформацияланады. Ол жердегі басты ерекшелік – жаңа органға азаматтар тікелей жүгіне алатын болады. Олар Конституциялық Сотта заңдардың немесе өзге де нормативтік құқықтық актілердің Ата заңның талаптарына сәйкестігі туралы мәселені қозғай алады», деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қойған заңдарының барлығы Жаңа Қазақстанды орнатуда жаңа сипатқа ие болады деген пікірімен бөлісті.

«Қол қойылған заңдар әртүрлі саланы қамтып отыр. Айталық, Конституциялық Соттың жұмыс істеуі Ата Заңның талаптарының қоғамға ену деңгейін барынша көтеретін болады. Өйткені қоғам мен Конституциялық Сот бірлесе әрбір заңның нормативтік құқықтық актілердің қаншалықты Конституциялық талаптарға сәйкес екенін қарайды. Өтініштер саны анағұрлым өсетін болады. Ол жылынан мыңдаған өтініш болады деп есептеймін. Ол өтініштер бойынша Конституциялық Соттың шешімі қабылдана отырып, тиісті Конституциялық нормалардың мазмұны мен талаптары ашылады. Сондықтан тұтастай алғанда біздің заңнама және құқық  қолдану практикасы барынша Ата Заңның талаптарына жақын болады деп айта аламын», деді Бақыт Нұрмұханов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға