Жаңалықтар

Конституциялық Кеңес Тоқаевтың өтініші бойынша шешім қабылдады

Бұл туралы Конституциялық Кеңестің ресми сайтында жарияланды
Конституциялық Кеңес Тоқаевтың өтініші бойынша шешім қабылдады
Фото: 24.kz 14.09.2022 10:23 882

Конституциялық Кеңес Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтінішін қарап, шешім қабылдады, деп хабарлайды El.kz.

El.kz. шешімнің толық мәтінін жариялайды.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2022 жылғы 13 қыркүйектегі № 2 қорытындысы

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігіне тексеру туралы»

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Төраға Қ.Ә. Мәми, Кеңес мүшелері А.Қ. Дауылбаев, В.А. Малиновский, Р.Ж. Мұқашев, Ә.А. Темірбеков және У. Шапактың қатысуымен,

өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексеру жөніндегі өтінішін қарады.

Баяндамашы - Конституциялық Кеңес мүшесі В.А. Малиновскийдің хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, заңнамаларды талдай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

анықтады:

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев, Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасына және 91-бабының 3-тармағына сүйеніп, 2022 жылғы 12 қыркүйекте «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасының (бұдан әрі – Заң жобасы) Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш кіргізді.

Келіп түскен өтінішті Негізгі Заңның нормаларына сәйкесті талдаған кезде Конституциялық Кеңес келесіні басшылыққа алды.

1. Ұсынылған Заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауының (2022 жылғы 1 қыркүйек) аясында әзірленген.

Заң жобасы Конституцияның 2-бабының 3 және 3-1-тармақтарына, 41-бабының 1-тармағына, 42-бабының 5-тармағына, 71-бабының 1-тармағына және 91-бабының 2-тармағына түзетулер енгізуге, сондай-ақ Негізгі Заңды Республика Президенті лауазымына сайлануды бір мәртемен шектеу мәселелерін регламенттейтін жаңа 94-2-баппен толықтыруға бағытталған.

2. Конституциялық Кеңес бұған дейін де бірнеше рет Қазақстан Республикасын демократиялық құқықтық мемлекет ретінде бекітудің бірден-бір конституциялық құндылығы ретінде тікелей демократияның маңызды мәселелерін, сондай-ақ сайлау құқығы мен елдің сайлау жүйесінің әртүрлі нақты аспектілерін қараған болатын. Конституциялық Кеңестің шешімдерінде Республика Президентінің, Парламенттің және оның Палаталарының, депутаттарының мандаты мен қызметінің басталуы мен тоқтатылуына, Президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындауға байланысты құқықтық белгісіздіктер түсіндірілді. Осы мақсатта Конституция нормаларына ресми түсіндірме бергенде, Парламент қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексергенде, Негізгі Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде конституциялық іс жүргізудің белгіленген нысандары қолданылды.

Мысалы, Конституциялық Кеңестің 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 2 нормативтік қаулысында түбегейлі конституциялық құндылықтардың бірі бола отырып, халықтың еркі білдірілетін акт республикалық референдумда немесе елімізде мезгіл-мезгілімен өткізіліп отыратын Республика Президенті және Парламенті депутаттарының сайлауында дауыс беру арқылы міндетті заң күшіне ие болады, деп көрсетілген;

халық қалауын заңдарда және өзге де маңызды мемлекеттік актілерде айқындау, азаматтардың жария институттарға ықпал ету рәсімдерін үнемі жетілдіру ішкі тұрақтылықтың, экономикалық даму мен халықтың әл-ауқаты жақсаруының пәрменді кепілі болып табылады (Конституциялық Кеңестің 2014 жылғы 19 маусымдағы Жолдауы).

Осы өтінішті қарау нысанасына Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерінде баяндалған басқа да құқықтық ұстанымдар мен ережелердің де тікелей қатысы бар (2004 жылғы 9 сәуірдегі № 5, 2005 жылғы 19 тамыздағы № 5, 2015 жылғы 24 ақпандағы №2, 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулылар, 2022 жылғы 4 мамырдағы № 1 қорытынды және басқалар).

3. Президенттік және парламенттік сайлау институты мемлекеттіліктің, демократиялық құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның конституциялық моделінің барлық басқа компоненттерін қозғайтын ерекше жүйе құрушы конституциялық құндылық. Осылайша, ол мемлекеттің маңызды органдарын жаңартудың тиімді құралы болып табылады. Сол арқылы Республиканың әлеуметтік негізі, халықтың мемлекеттік билік бастамаларын қолдауы нығайтылады.

Бұл ретте сайлау науқандары кезеңінде саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары және басқаларды қоса алғанда, азаматтық қоғамның әртүрлі сегменттері жанданады.

Сайлауға кандидат ретінде қатысатын, сондай-ақ өзінің бәсең сайлау құқығын іске асыратын азаматтардың белсенділігі артады.

Осы жағдайларда Қазақстан Республикасының Конституциясында баянды етілген барлық құндылықтар серпінді әрі үйлесімді іс-әрекет етуге тиіс. Олар мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары шеңберінде ұлттық мүдделерге қол жеткізу үшін өздеріне жүктелген функцияларды сапалы орындауға бағытталған. Тікелей демократия институттары да, атап айтқанда сайлау, тиісті деңгейде және синхронды түрде, мемлекеттің маңызды институттарын құру стратегиясы мен тактикасына сәйкес қолданылуы керек.

Конституциялық Кеңес президенттік мандаттың бір мәрте жеті жылдық мерзімін белгілеу ағымдағы жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда қабылданған мемлекеттік билікті монополизациялауға жол бермеуге бағытталған конституциялық новеллалардың мәніне сәйкес келеді, деп есептейді. Бұл мерзім аталған жоғары лауазымды тұлға лауазымына сайланатын барлық адамдарға тең негізде қолданылатын болады. Онымен Конституциялық Сот судьяларының бір мәрте сегіз жылдық өкілеттік мерзімін анықтау үйлеседі.

Конституцияның 2-бабына енгізілетін өзгерістер Негізгі Заңның 91-бабының 2-тармағында көзделген конституциялық құндылықтардың мәнін қозғамайды.

Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 2-тармағын және 91-бабының 3-тармағын, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 4-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

шешті:

1. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, соның ішінде Негізгі Заңның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға, сәйкес деп танылсын.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қорытындысы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

3. Осы қорытынды республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

Еске салсақ, 12 қыркүйек күні Парламент Мәжілісі депутаттарының ұсынысына байланысты республика Президентінің өтініші Конституциялық Кеңеске жолданған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға