Жаңалықтар

Конституцияға сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді

Конституцияға сәйкес Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді
Фото: Ақорда 26.11.2022 11:02 1447

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мемлекеттік Ту мен Президент Байрағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына әкелінген соң, жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті ішке кірді.

Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді.

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.

Жаңа сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік әнұран ойналып, зеңбіректерден оқ атылды, Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың 81,31 пайыз даусын жинап, 6456392 сайлаушының дауыс беруімен жеңіске жеткен болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға