Жаңалықтар

Конституция күні – елеулі мемлекеттік мереке

Конституция күні – елеулі мемлекеттік мереке
28.08.2015 11:06 10800

Елдігіміздің алтын айғағы болған – Қазақстан Республикасының Конституция күні Степногорск қаласында думанды түрде тойланды. Ата Заңымыздың қоғамдық және әлеуметтік өміріміздегі мәні айшықтала түсті. 

Конституция күні – елеулі мемлекеттік мереке

Қалалық әкімдік алаңы таңертеңнен-ақ қызылды-жасылды жалаушаларға толып, жұртшылық көңілі сазды әуенмен астасып жатты. Жан-жақтан жиналған қалалықтар мерекелі көңіл-күймен бір-бірін құттықтап жатты. 

«Менің Қазақстаным!» атты мерекелік митингі басталды. Жұртшылықты құттықтауға қала басшылығы, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым басшылары жиналды. Ата Заң қабылданған ҚР Конституция күніне арналған мерекелік шара орталық алаңда өтті. Бейбітшілік, саяси тұрақтылық, ұлтаралық және дінаралық келісім орнаған демократиялы, зайырлы, әлеуметті мемлекет болғалы Республикамызда Конституция күні осымен 20 жыл қатарымен тойланып отыр.

Орталық алаңға шыққан қала жұртшылығының назарына «Счастливое детство» үлгілі хореграфиялық би ұжымының орындауындағы «Біздің Жалау» композициясы орындалды.
«Менің Қазақстаным» тақырыбының аясында қалалық ішкі саясат, ұйымдастыру, білім, мәдениет және спорт бөлімдерімен ұйымдастырылған мерекелік шараның салтанатты рәсімінде қала әкімі Мұратбек Тақамбаев жиналған жұртшылықты мемлекеттік мерекемен құттықтады. Құқықтарымыз бен міндеттерімізді белгілеп берген Ата Заңның қазақстандықтар үшін алатын үлкен орнына тоқталып, еліміз көлемінде болып жатқан оң өзгерістерді атап өтіп, аймақ жетістіктерін сөз етті. Ұлт көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған әділ саясатының арқасында Қазақстанымыз жыл сайын жаңа белестерді бағындырып, әлем алдындағы абыройы арта түсуде. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында жаңа жетістіктерге ерісіп, мемлекеттік стратегиялық бағдарламаларды жүзеге асыруға жол ашылды.
Жиналған жұртшылықты қалалық мәслихат хатшысы Ғалия Көпеева да құттықтап, ыстық лебіздерін жолдады. Астана қаласында өткен 7-Республикалық «Таңшолпан» байқауының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қосқан үлесі үшін «Степногорск автотранс» ЖШС директоры Болат Сағадиев, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Иван Ковцур және «Горняк» ОМС директоры Вячеслав Рябчевский Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Мұнан кейін ҚР Конституция күніне орай 20-дан астам азамат өңіріміздің әлеуметтік экономикалық дамуында қосқан зор үлестері үшін қала әкімінің құрмет грамоталарымен мадақталды. Олардың қатарында полиция инспекторлары – Валерий Матафанов, Болат Бейсембай, Дастем Абдуллинов, өрт сөндіруші Ақылбай Шушаев, қорғаныс ісінің инспекоторы Гүлден Танизова, қала прокурорының көмекшісі Айна Аксагова-Старовойт, қалалық соттың кеңсе меңгерушісі Ольга Флерко, қалалық ХҚКО бастығы Сансызбай Иманғалиев, қалалық «Телеком» маманы Сағит Канкенов, балалар дәрігері Надежда Благодарная, №4 МГ мұғалімі Құралай Кенежебаева, №2 Ақсу ОМ мұғалімі Ольга Цейтва, №4 «Буратино» балабақшасының тәрбиешісі Алла Богданова, қалалық білім бөлімінің бөлімше басшысы Тамара Кильдунова, «Қазақстан жылыжай технологиялары» ЖШС директоры Александр Грибалев, «Целингормаш» ЖШС директоры Жеңсікбай Олжабаев, «Центргаз» ЖШС директоры Вера Максимова, «Степногорск автотранс» ЖШС директоры Болат Сағадиев, «Тонапо» наубайханасының басшысы Шолпан Жұматаева, қалалық телеарнаның журналистері Ирина Орынбекова мен Бәтеш Әбілшенова және «Женский луч» қоғамдық бірлестінінің басшысы Оксана Волкова-Михальская құрметке бөленді. 
 
Осы елеулі күнде Қазақстанның азаматы жөніндегі куәлігі алғаш рет Жанат Рахимов, Максим Абрамочкин, Жанна Хазиева, Данил Жильцов және Юлия Фисенколарға салтанатты жағдайда табыс етілді. 
Еліміздің түкпір-түкпірінде Лондон Олимпиадасының жеңімпаздарына құрмет көрсетілуде. Республикамыздың атын жаңғыртқан степногорлық спортшыларда спорт тарихында өз іздерін қалдырып отыр. Шарада қаланың спорттық өмірінде белсенді қатысып ат салысып жүрген кәсіпорындар, қалалық кешенді спартакиадасының жеңімпаздары қала әкімінің грамотасымен марапатталды. Нәтиже бойынша 1-орын алған «СТХК»ЖШС, 2-орынды иеленген «Қазақалтын ТМК» АҚ және 3-орынды жеңіп алған қалалық білім бөлімі құрметтелді. Сондай ақ, мұндай марапат қалалық футбол турнирінде жеңіске қол жеткізген №4 балалар үйінің және «Батыр» балалар мен жасөспірімдер клубының командаларына да табыс етілді. Мерекелік шара салтанатты спорттық композициямен тәмәмдалды. Дәл осы сәттерде аспанда ұшқан ұшақтан құттықтау үндеулері шашылып, елеулі күннің жалғасы «Горняк» орталық мәдениет сарайы алаңында ұласты. Қала әкімі Мұратбек Тақамбаев бастаған бір топ қала мен аумақтағы кенттердің құрметті азаматтары «Алтын дала» тақырыбында ұйымдастырылған суреттер мен фото және бау-бақша көрмелерін тамашалап, қатынасушылармен дидарласты.
Көрме нәтижесі бойынша 15 қатынасушы қалалық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі тарапынан грамоталармен құрметтелді. Осы сәтте қаламыздың жас спортшылары орталық алаңдағы шахмат, кір тасын көтеру жарыстарына, спорттық ойындар мен көңілді эстафеталарға қатысып жеңістерге қол жеткізіп, марапатпен және шағын сыйлықтармен құрметтеліп жатты. Ал орталық мәдениет сарайының алаңында жиналған қала тұрғындарымен қонақтары «Горняк», «Мирас» және балалар шығармашылық үйінің өнерпаз ұжымдарымен ұйымдастырылған «Жайнай бер, менің елім!» концерттік бағдарламасын тамашалады. Осы сахналық алаңда кешкі концерт флеш-моб және Әуе десант әскері мен Ауған соғысы ардагерлері кеңестерінің бастауымен өткен концертпен жалғасып, би кешімен қорытындыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға