Жаңалықтар

Конституция билік пен халық арасындағы келісім шарт

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің профессоры Унзила Шапаққызымен сұқбат
Конституция билік пен халық арасындағы келісім шарт
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан 30.08.2022 09:53 5316

30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Конституция –елдегі барлық басқа заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие заң немесе заңдар тобы. Ол кіріспеден және 9 бөлімнен 98 баптан тұрады. Биыл еліміздің Ата заңына 27 жыл толып отыр. Соған орай, елімізде өткен референдум, Конституциялық өзгерістер туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің профессоры Унзила Шапаққызымен сұқбаттасқан едік.

– Унзила Шапаққызы, биыл елімізде референдум өткені белгілі. Жалпы Конституциялық реформалардағы әлемдік тәжірибе қандай?

– Референдум дегеніміз белгілі бір толғандырып тұрған мәселе бойынша халықтың өзінің ойын еркін білдіруі. Биыл елімізде Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар туралы заңның жобасы дайындалып референдумға ұсынылды. Құжатта 33 бапқа қатысты өзгерістер жазылып, халық танысып, талқылап өз пікірлерін, дауыс беру арқылы берді. Референдумға өзгерістер мен толықтыруларды қолдауға бағытталған «иә», «жоқ» деген сұрақ ұсынылды. Нәтижесінде, халықтың 70%-ы қолдап, «иә» деген нұсқаны таңдады.

Бұл жерде 33 бапқа енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар тұрғылықты халықтың жағдайын өзгертуге қаншалықты өзінің үлесін қосады деген сұрақ туындайды. Әрине, егерде бұл заңның жобасында көрсетілген нормалардың ішінде халыққа зиянды немесе олардың көңілінен шықпаған мәселе болатын болса, онда халық ондай дауыс бермейтін еді. Демек, осы өзгерістер мен толықтыруларға негіздеп отыр. Мемлекеттің конституциялық құрылысына және адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына, кепілдік берілуіне, органдардың тиімді қызмет атқаруына сондай-ақ басқа да мемлкеттік мекемелердің өзара жұмыс істеуіне байланысты өзгерістер енгізілді. Бұл Конституциялық деңгейде енгізіліп жатқан реформа.

Жалпы, реформаның өзін екіге бөліп қарастырамыз. Мемлекеттік реформа және Конституциялық деңгейдегі реформа. Конституциялық реформа дегеніміз жалпы халық пен қоғамның арасында бекітілген келісім шартқа мазмұнды өзгеріс енгізу арқылы мемлекеттік басқару механизміне ықпал ету. Бізге қандай қоғам қажет, мынадай мемлекеттік басқару құрылымы керек, мемлекеттің билігіне қатысып жатқан мекемелер мен органдардың жұмыс істеуі осындай бағытта болуы керек, осындай нысандармен жасалуы керек дегеннің барлығы Конституцияда көрсетілген. Міне, осы конституцияда көрсетілген басқару құрылымына, саяси режим әдіс-тәсілдерге өзгерістер енгіздік.

Шетелдік реформаларға келетін болсақ, әлемдік тәжірибеде кез келген мемлекетте конституциялық реформа жүргізіліп тұрады. Теориялық деңгейде айтатын болсақ, қазір біз 5-ші деңгейдегі Конституцияда өмір сүріп жатырмыз деп қараймыз. Бастапқылардың бірі болып 1787 жылы Америкада алғашқы Конституция бекітілді. Содан кейінгі қабылданған барлық елдегі конституцияларды буын-буынға бөліп қарайтын болсақ, көптеген мемлекеттер 5-ші деңгейдегі Конституцияда өмір сүріп жатыр. Демек, қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайлар тұрақты өзгерістерге ұшырап тұрады. Адамдардың өмір сүру нысаны, әлеуметтік қатынастары өзгерістерге ұшырап, әртүрлі әлеуметтік байланыстың түрлері пайда болады. Сол қарым-қатынастар көбейген сайын оны реттейтін нормалардың қажеттіліктері туындайды. Міне, осы жағдайда қандай деңгейде реттеуіміз керек деген сұрақ туындайды. Егер, ол конституциялық деңгейде реттелетін болса мемлекет тарапынан конституциялық реформа жасалады. Мұндай реформалар әлемдеұі көптеген мемлекеттерде болып жатыр. Мысалы, соңғы жылдары Италияда, Украйнада,Түркияда, Моңғолияда, Өзбекстанда, Ресейде, Арменияда, Әзірбайжанда және Қырғызстанда болды. Демек, 5-ші буын мемлекеттерінің ішінде Конституциялық реформа жиі болып тұрады.

Дегенмен, барлық Конституциялық реформа референдум арқылы бола бермейді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды парламент арқылы енгізу жолы да бар. 2017 жылы біздің елімізде Конституциялық реформа өтті. Ол кезде, халықтың дауыс беру жолы емес парламент арқылы нысаны таңдалды. Естеріңізде болса, констииуцияға өзгерістер енген соң, 100 астам ағымдағы заңнамаларға өзгерістер енгізіледі. Халық таңдаған конституциялық реформа жаңа Қазақстан үшін тарихи дамудың жаңа бастамасы болды.

– Біздің елімізде Конституциялық реформалардың жиі өзгеретініне қатысты сын айтушылар көп. Алайда, кейбір мамандар жас мемлекет үшін Ата заңды өзгертіп, толықтырып тұру қалыпты жағдай дейді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Қоғамдағы өмір өзгеріп, қоғамның әлеуметтік жағы да, экономикалық тұсы да, саяси жағдайы да түрлі өзгерістерге ұшырап тұрады. Ол әлемдік деңгейде болып жатқан мәселе. Біздің Ата заңымыз – тірі заң. Ол мұражайға сақтап қоятын дүние емес. Заңның ішіндегі баптар, нормалар тұрақты жұмыс істеп тұруы қажет. Сондықтан ол жұмыс істеу барысында даму заңдылығына бейімделу қажет, заңның нормасы бір бөлек, жұмысы бір бөлек болса, ол дұрыс болмайды. Өзара сәйкестік, үйлесімділік, синхрондық болуы керек. Яғни, осыған байланысты өзгерістер орын алып тұрады. Бұл заңның әлсіздігін білдірмейді немесе біздің қоғамның үлкен дағдарысқа ұшырап жатқанын көрсетпейді. Бұл біздің қоғамның дамып келе жатқандығын, Ата заңымыздың потенциалды екендігін және оның одан әрі тереңдетіп даму мүмкіндігінін бар екендігін көрсетеді. Сондықтан, Ата заңға өзгерістердің енгізіліп тұруы қалыпты жағдай.

Жалпы, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қатаң және иілгіш деп екіге бөліп қарастырады. Көп жағдайда азаматтар түсінбей жатады. Бізге өзгерістер енгізіліп жатқанда «біз иілгіш екенбіз ғой, біз қатаң емес екенбіз» деп ойлайды. Қатаң мен иілгіштің айырмашылығы енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың қандай тәртіппен енгізілетініне байланысты. Біздің елімізде өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қатаң нысанына жатады. Себебі, осы жолы Конституцияда нақты түрде жазылған. Мысалы, осы жолғы өзгерістердің жолын қарауға болады. Бірінші, заңның енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасы дайындалды. Содан кейін ол жобаны халық талқылап, пікірлесті, ойларын айтты. Кейін, Президент оны Конституциялық Кеңес жіберді. Конституцияық Кеңес осы өзгерістер мен толықтырулар біздің конституциямызда бекіиілген негізгі құндылықтарына қарсы келмейді ма, бұл арқылы біздің қоғамымыздың құңдылықтары өзгермейді ма, тәуелсіздігімізге, бірлігімізге, адамдардың құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндірмейді ме деген тұсын қарап, бұл біздің құндылығымызға қауіп төндірмейді деп өзінің тұжырымдамасын берді. Осы қорытындыдан кейін барып, бұны референдумға шығардық. Демек, оңай жолмен өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқан жоқ. Ал, парламент арқылы енгізген кезде парламентте екі палата бірлесіп қарайды және дауыс берудің пропорциясы да нақты көрсетілген. Сондай-ақ ол да қатаң түрге жатады. Екі палата біріккеннен кейін белгілі пайыздық деңгейде дауыс берілген болуы керек. Егер ол пайыздық деңгейде 1/3 бөлігі қолдамаса, онда өзгеріс енгізілмейді деген сөз. Міне, осындай өзгертілетін әдісі күрделі болғандықтан, қатаң Конституция деп аталады.

– Конституция – еліміздегі ең маңызды құжат. Біздің дамыған 30 елдің қатарына қосылуымызға осы конституция көмектесе ме?  

– Конституция – саяси-құқықтық құжат. Яғни, халық пен мемлекеттің арасындағы шарт. «Біз осындай мемлекетте өмір сүргіміз келеді» деп халық өзінің еркін айта алады. Кез келген адам бақытты өмір сүргісі келеді. Мемлекетінің бай қуаттылығын қалайды. Қандай мемлекет дегенде Конституцияда жазады «біздің еліміз құқықтық болсын, демократиялық болсын, зайырлы болсын және әлеуметтік болсын» деп… Сондай-ақ осындай мемлекетте өмір сүру үшін біздің басқару құрылысы президенттік басқару, заң шығарушы парламент органы және құқығымызды қорғайтын тәуелсіз сот жүйесі болсын деп көрсетеді. Міне, біз өзіміздің мемлекетіміздің қалай басқарылатынын, ол қандай органдар арқылы ұйымдастыралытынын және ол органда отыратын, билікке келетін адамдардың қандай жолмен сайланатыны, тағайындалатыны, қандай әдіс-тәсілдермен басқарылатындығын жазып қойдық. Оны жазып 1995 жылы референдум арқылы Конституцияда бекіттік және халық жаппай дауыс беру арқылы келісті. Сондықтан бұл халық пен билік арасындағы қоғамды басқаратын шартты құжат. Егер де оны жүзеге асырып жатқан кезде бұзылатын болса, халық наразылығын айта алады.

Конституция – өте дамыған мемлекеттерде болатын құжат. Ал, біздің Конституция озық үлгідегі демократиялық мемлекеттердің Конституциясында бекітілген құндылықтармен сәйкес келеді. Оның ішіндегі мемлекет басқару тәсіліне, адам құқығын қорғау тәсілііне қатысты озық үлгінің барлығы Конституцияда бекітілген. Ал, оны жүзеге асыру барысында Конституцияны сақтап, оған негізделе отырып заңдарды қабылдап жатырмыз. Ендігі қабылданып жатқан заңдар толыққанды жұмыс істейтін болса, онда әрине біз дамыған елдердің қатарына қосылуымызға толыққанды мүмкіндігіміз бар. Сол үшін кез келген азамат кез келген қызметкер, мемлекеттік органдар заңға негізделе отырып жұмыс істеуі керек.

– Біздің Конституциямыз адамдардың құқығы мен бостандығын қаншалықты қамтамасыз ете алып жүр?    

– Біздің Конституциямызда көрсетілген адамдардың құқықтарын қорғау механизмі толыққанды. Яғни, әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің Конституциясында көрсетілген кепілдік механизм ішінде бар. Сондықтан адамдардың құқықтары мен бостандықтарына құқықтық кепілдік бере алады. Ол Конституцияда нақты көрсетілген. Конституцияның кепілі бойынша біз президентті атаймыз. Яғни, біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыз бұзылған жағдайда сот арқылы, құқық қорғау органдары, мемлекеттік органдар арқылы қорғай аламыз. Ең бастысы тәуелсіз сот органы қорғалуы. Ол да Конституцияда көрсетілген. Сонымен қатар құқықтарымыз бен бостандықтарымыз бұзылатын болса, басқа да қорғайтын механизмдер болуы керек. Демек, Конституция толыққанды адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілі бола алады. Ал, енді жүзеге асырылған кезде ол орындалмай, бұзылып жатса бұл тұста да Конституция тағы да кепіл болып келе алады. Сондықтан да, осы реформада Конституциялық Кеңес, Конституциялық сот құқықтық жүйенің бір механизміне айналып жатыр. Бұл нені білдіреді. Бұрын Конституциялық Кеңеске жүгінетін субьектілердің қатарына халық, индивид ретіндекірмейтін. Енді міне, реформаның нәтижесінде Конституциялық Сотқа Қазақстан Республикасының барлық азаматтары жүгіне алады. Демек, бұл да бір адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғаудың кепілінің мықты болғандығының дәлелі. Екіншіден, Конституциялық сотқа Бас Прокурор, Адам құқығы жөніндегі   уәкіл (омбудсмен) жүгіне алады. Осы арқылы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілінің көлемі кеңейді және механизмі нығайтылды.

– Әлемде Конституциясы жоқ елдерде бар ғой. Сонда олардың заң жүйесі қандай?

– Дүниежүзіндегі мемлекеттерді Конституциясы бар және Конституциясы жоқ елдер деп қарауға болады. Ол мүлдем қоғам мен мемлекет арасында келісім-шарт жоқ деген сөз емес. Олардың да әр тұғыр бойынша жеке келіскен шарттық заңдары болады. Сол меплекеттердің бірі – Англия. Бұл елде Конституциялық құрылысына байланысты жеке жеке актілер бар. Ол Конституция деп аталмайды және мемлекеттің құрылыс актілері деп аталып, осы заңнамалар арқылы қорғалады. Біздің Конституцияда көрсетілген басты құндылықтарымыз секілді олардың құндылықтары осы заңдарында бекітілген. Сондықтан олар аталған барлық заңдарды біріктіріп Конституциялық құрылыс заңдарының жинағы деп атайды. Конституция болмағанымен, Конституция заңдарының жинақтары бар.

Жалпы құқықтық жүйенің өзін романо-германдық және англо-саксондық деп екіге бөлеміз. Англо-саксондық құқықтық жүйелерде құқықтық, соттық тәжірибеге негізделе отырып шешімдер шығарылады. Сол шешімдер үлгі болып жүретіні бар, яғни, бұл мемлекеттерде адамдардың теңдігін, еркіндігін сақтау маңызды. Әділеттік қағидаларын басты орынға қою және еркіндікті жоғары құндылық ретінде сақтау керек. Осының барлығы қағидалары арқылы шешіледі. Бізде де солай, бұл қағидалар біздің Конституциямызда жазылған.

– Сіздің ойыңызша Конституция күні елімізде қалай аталып өту керек?

– АҚШ-та Конституция күні ғана адамдарға азаматтықты береді. Басқа күндері азаматтыққа қабылдамайды. Яғни, Конституция күні апталыққа созылады. Сол аптада Американың азаматтарын қабылдайды және Конституция бойынша олардың білімін тексереді. Конституцияны білу, түсіну арқылы осы елдің азаматы ретінде өзіңді еркін сезіне аласың, ортада қорғана аласың деген сөз. Ал, тура сол сияқты Оңтүстік Кореяны алып көретін болсақ, оларда да Конституция күні апталыққа созылады. Соңғы 3-4 жылда Конституциялық Кеңестің бастамасымен Конституция күніне орай, біз республика деңгейінде апталық ұйымдастырып жүрміз. Бұл бастаманы құұыұ қорғау органдары, заң органдары, құқық қауымдастықтықтары өте жақсы қолдады. Құқық қорғау мекемелері апталықты өткізіп тұрады. Бірақ, бұл туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Біздің елімізде құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында адамдар өзінің еркін біліп, құқығын қорғай алу керек. Қорғанудың бірден бір құралы Конституцияда көрсетілген құқықтарын білу керек. Қазақстан Республикасында Конституция күні демалыс күні болып, мемлекеттік мереке ретінде саналады. Демек, бұл Конституцияға деген үлкен құрмет.

Конституцияда былай жазылған «Қазақстан Республикасындағы ең жоғарғы басты құндылық – адам және оның өмірі, денсаулығы, құқықтары мен бостандықтары». Сондықтан бұл біз үшін ең жоғарғы құндылығымыз жазылған қастерлі құжат. Бұл мерекені тойлау арқылы біз толыққанды өзіміздің қорғалатын құқықтарымызды, Конституцияда жазылған құжаттың мазмұнының мағынасын түсіне білуіміз керек.

Соңғы жылдары Заңгерлер палатасы осы апта бойы тегін заң көмегін көрсетіп жүр. Нотариустар, адвокаттар да осы аптада мүмкіндігінше тегін заң көмегін көрсетеді және барлық білім беру мекемелерінде, балабақшалардан бастап жоғарғы оқу орындарына дейін осы апталық бойы Конституцияның төңірегінде адам құқығын қорғау жөнінде дәрістер өткізіледі. Көптеген мекемелерде Конституцияға арналған қолжетімді ақпараттар беріледі. Сондай-ақ, Конституциялық Кеңестің бастамасымен басқа құқық қорғау органдары адам құұығына, балалар құқығына, құқық теңдікке қатысты танымдық кітапшалар шығарып, халыққа таратып жатады. Бұл жыл сайын тұрақты болып тұратын құқықтық сауаттылықты, құқықтық мәдениетті арттыруға үлкен көмегін тигізеді деп ойлаймын.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға