Ақорда

Конституция – адам құқығының темірқазығы – президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясының қоғамдағы рөлі мен маңызына тоқталып, оның ел болашағы үшін айрықша құжат болып қала беретінін атап өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Конституция әрдайым адам құқығының темірқазығы болуға тиіс. Бұл – мемлекет саясатындағы бұлжымас қағида. Конституциямыз алдағы уақытта да халқымыздың жарқын болашағына жол ашатын ең басты құжат болып қала бермек, – деді президент.

Тоқаевтың айтуынша, Ата заң елдің бірегейлігін нығайтып, жаңа қоғамдық келісімнің негізіне айналды.

Ата заң еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуды, сондай-ақ заңды мүлтіксіз сақтау және адал азамат идеологиясын ілгерілетуді көздейтін жаңа қоғамдық келісімнің айқын нышанына айналды. Заң үстемдігі – әділетті қоғам құруға және азаматтарымыздың берекелі өмірін қамтамасыз етуге апаратын төте жол. Сондықтан тағы да қайталап айтамын: еліміздің барлық азаматтары заңды құрметтеп, сақтауы керек, – деді ол.

Сонымен қатар, президент заңгерлер қауымдастығына да үндеу жасады.

Қазақстанның заңгерлер қауымдастығы азаматтарымызға Конституцияның негізгі ережелерін түсіндіріп, Заң мен тәртіп қағидатына сай қоғамдағы әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үндеуі қажет, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев Конституцияның халықаралық мәніне де тоқталды:

Қазақстан Конституциясы ұлтымыздың кемелдігі мен болашаққа ұмтылысын бүкіл әлемге паш етеді.

Қорытынды сөзінде ол:

Конституцияның әр жолы мен рухын сақтау, соның негізінде жоғары құқықтық мәдениет пен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру – еліміздің келешектегі табысының кепілі. Мұны барша халық түсінуі тиіс, – деді.