Конор Макгрегор Ирландия президенті атанудан үмітті
UFC-дің екі салмақ дәрежесіндегі бұрын чемпионы Конор Макгрегор 2025 жылдың 24 қазанында өтетін Ирландия президенті сайлауына қатысуға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әлеуметтік желідегі үндеуінде атышулы спортшы өз жақтастарын жергілікті кеңесшілерге жүгініп, оның кандидатурасын қолдауға шақырды.
Ирландия азаматтары, нақты өзгерістердің уақыты келді! Егер президент болсам, халықтың қолдауынсыз бірде-бір заңға қол қоймаймын. Маған сенсеңіздер, кеңесшілеріңізге хабарласып, кандидатурамды ұсынуды сұраңыздар. Бізге өзгеріс қажет, Ирландия үшін! – деді 37 жастағы файтер.
Айта кетейік, Макгрегор UFC октагонына соңғы рет 2021 жылдың шілдесінде шыққан еді. Ол кезде ирландиялық спортшы америкалық Дастин Порьеге алғашқы раундта техникалық нокаутпен есе жіберген. Қазіргі таңда оның рекорды – 22 жеңіс және 6 жеңіліс.

