Жаңалықтар

Көңілге тиетін сөз естігенде не істеу керек?

Психологтан үш кеңес
Көңілге тиетін сөз естігенде не істеу керек?
24.12.2016 17:34 25705

Ел арасында «Қалған көңіл – кеудеден шыққан жанмен тең» деген сөз бар. Көңілге тиетін ауыр сөз естігенде, балағаттағанда, мұқатып-кемсіткенде жұдырық ала жүгіріп, жаға жыртысу жақсы әдет емес. Бүгін el.kz сайтына психолог Қазыбек Фрейдман осы мәселе жөнінде шағын кеңес ұсынды. Көңілге тиетін сөз естігенде не істеу керек?

Бірінші, бейтарап қалу. Иә, жыныңыз қайнап, ашуыңыз келіп тұрғанда қалай бейтарап қалуға болады? Оп-оңай. Мысалы, мына бір жағдаймен салыстырып көріңізші. Көше бойымен кетіп бара жатсаңыз, түнде жауған жаңбырдан қалған шалшыққа кезіктіңіз. Сіздің әрекетіңіз қандай? Шалшықты кешіп өту? Әлбетте, жоқ. Сіз кері шегінесіз, я айналып өтесіз. Балағат, кемсіту сөз де осы шалшық іспеттес. Сіз оған мейілінше назар аудармасаңыз, жәбірлеуші тарап өзі-ақ кінәліге айналып шыға келеді. Бұл күш-қуатты сақтаудың қарапайым заңы. Сізді ренжіткісі келетін адам сізге негатив энергиясын жөнелтеді. Ал сіз бар болғаны өз жүйкеңізді сақтауды ойласаңыз болғаны. Мұндайда «жеңілгеннің сөзі құрсын» деуге де болады.

Екінші, «кешірім өтінем» тәсілі. Бұл ситуацияда сіз «жәбірлеушімен» тіл қатысасыз. Яғни, сізге арналған негативке толы сөздер айтылып жатқанда, мүлдем басқа нәрсе ойлауға дағдыланыңыз. Қайда демалғыңыз келеді, шет елге барғыңыз келе ме? Әлде кешкі асқа қандай тамақ пісіргіңіз келеді, соны ойлаңыз. Қарсыласыңыз «дәрісін» оқып болғанда барып, ұйқыдан кенет оянып кеткен кісіше «кешірім өтінем, не айттыңыз?» деп сұрап көріңіз. Оның ендігі әрекетін бақылаңыз, тағы да жаңа «дәріс» оқуға бағанағы күш, бағанағы арын жоқ екенін көресіз.

Үшінші, ең қарапайым тәсіл – ол адамның ұстанымын, көз-қарасын түсіну. Бұл – бейтарап қалу тәсілінен де оңай, әрі өтімді амал. Өне бойын қызғаныш пен көреалмаушылық жаулаған адам баласы бақытты өмір сүре алмайды және басқаға да өмір сүруге кедергі келтіреді. Өйткені, ондай адамдар – өте әлсіз, ерік-жігерлері төмен, сәтсіздікті көтере алмайтын аянышты жандар. Жеке тұлғаның әртүрлі мінез-құлық проблемасы болған жағдайда, онымен ұрыса кеткеннен бұрын, аяушылық білдірген болар едіңіз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға