Жаңалықтар

Көңілден кетпеген ансамбль...

«Қаракөз» ансамблі жайлы бір үзік сыр
Көңілден кетпеген ансамбль...
14.11.2018 10:12 11096

«Алғашқы», «бірінші» деген ұғымдар бар. Яғни, алғаш ғарышқа ұшқан адамды ғарыш саласының маманы болмасақ та білеміз. Сізден біреу осы жайлы сұрай қалса «Юрий Гагарин» деп жауап береріңіз анық.  «Қазақша ән айтатын, шығармашылығы қазақы ортаға бағытталған алғашқы эстрадалық топты атаңыз?» деген сұраққа «Дос-Мұқасан» деп  жауап береміз. Әрине, эстрадалық-вокалды ансамбльдің 1967 жылы құрылғанын өнердің айналасында жүрген жандар ғана білуі мүмкін. Әр салада  осындай «Алғашқылар» мен «біріншілердің» көлеңкесінде қалып қоятындар жетерлік. Дегенмен, топтан оза шауып, «жарқ» ете қалатындары да жоқ емес. «Дос-Мұқасанның» атағы жер жарып тұрған кезеңде, 1960 жылдардың соңын ала бере  Жезқазған қаласында тағы бір вокалды топ дүниеге келген болатын. Әуелгіде тек өз аймақтарында ғана танылған бұл топты, айналасы екі жылда облыс, қала берді ел көлеміндегі жұртшылық сүйіп тыңдайтын болды. Сонымен,  «Қаракөз» ансамблінің басы-қасында кімдер тұрды? Ансамбль қалай құрылды? Олар қандай шығармаларды орындады? «Қаракөз» ансамблі неге «Дос-Мұқасан» секілді өміршең болмады? Бұл ансамблдің басты ерекшелігі неде?  Біз осы мәселелердің барлығына шамамыз жеткенше тоқталып көрмекшіміз.

Ансамбльдің басы-қасында арнайы музыкалық білімдері жоқ  Сәлімжан Сейілов, Жақсыкелді Сейілов, Болат Есмұханов, Қойшықара Әміралин, Әбу Түсіпбеков сынды азаматтар тұр. Бұл кісілерге сәл кейінірек Камал Қазымбетова келіп қосылады.  Ендігі әңгімені «Қаракөз» ансамблінің негізін салушы Сәлімжан Сейіловтың аузымен баяндасақ.

- Әңгімемізді 1968-1969 жылдармен бастаған жөн шығар. Мен ол кезде күндіз токарь болып жұмыс істейтінмін. Кешкі мезгілде Политехтің «Горный» факультетінде  оқимын. Жас болған соң түрлі дүниемен айналысасың ғой. Спортпен шұғылданасың, ән саласың дегендей. Сол кездері той-томалақтарда ән салатын әдетім бар еді. Жезқазғанда «Спорт сарайы» деген бар-тын. Болат Есмұхановпен сол спорт сарайында таныстым. Ол күреспен айналысып жүрді, мен бокспен шұғылданатынмын. Осылайша Болат екеуміздің сахнадағы тандеміміз басталды. Мен ән саламын.  Ол баянда ойнайды.

Құрылыс техникумының жатақханасында бір отырыс болды. Жалындап тұрған жастар жиналған жерде ән мен күйдің орындалуы заңдылық қой. Сол отырыста көзі көрмейтін, бірақ баянмен ән салғанда жұрты аузына қарататын бір жігіт болды. Бір уақытта әлгі жігіт орысша өлең айтты. Мен сәл әріректе отырған болатынмын. Әннің қайырмасына келген тұста қосыла кеттім. Сірә, менің дауысымды ұнатса керек, ән біткен соң «Жаңағы қайырмаға қосылған жігіт кім?» деп сұрады. Екеуміз сол кезде таныса кеттік. Қызық болғанда біздің фамилияларымыз да бірдей екен. Мінекей, Жақсыкелді Сейіловпен таныстығым осылай басталған болатын. Жақсыкелді ол кезде Құрылыс техникумының көркемөнерпаздар ұйымының көркемдік жетекшісі қызметінде жүрген кезі болатын.

Мінекей, өнерлі жігіттер бір-бірін осылай тауып, бір мүдде, бір идея үшін жұмыс істей бастайды.  

- Мен, бұл жігіттермен 1969 жылы таныстым. Қалалық телевидениені қарап отырған болатынмын. «Родники» байқауы болып жатты. Сол кезде сахнаға қазақ жігіттері шықты. Сәлімжан Сейілов ән айтты. Жақсыкелді Сейіловтың «Ана туралы балладасын» мен ең алғаш сол кезде естідім. Естідім де әнге де, ансамбльге де ғашық болдым.  Ертеңінде-ақ жігіттерді тауып алып, таныстым. Осылайша менің «Қаракөз» ансамбліндегі 2-3 жылдық жолым өз бастауын алған болатын, - дейді ансамблдің мүшесі Серік Рысалдин.

Күндіз қара жұмыс істеп, өз шығармашылықтарына тек түн ауа ғана көңіл бөлген жастардың өмірге деген, өнерге деген құлшыныстары керемет еді. Бастапқыда бұл жігіттерді ешкім түсіне қоймады. Сәйкесінше, қол ұшын да ешкім созбады. Мәселен, ансамбльге гитара табудың өзі үлкен проблема еді. Болат Есмұханов ағамыз жаңа гитара таба алмай, қолдан гитара сатып алады. Ағамыздың «Сағыныш» атты өлеңінің жазылатын кезі де осы кезеңдер.  Болат ағамыздың Мұхамедия деген інісі болған екен. Бертін келе қайтыс болып кеткен. Сол Мұхамедияны әскерге  шығарып салатын кезде Болат ағамыз «Ана» деген өлең жазады. Дәп сол сөзге табан астында Жақсыкелді Сейілов пианинода ойнап отырып, алғаш естісімен-ақ ән жазып тастайды. Сөйтіп, сол әнді ортақ келісім бойынша Сәлімжан Сейілов орындайтын болады. «Ана туралы баллада» алғашында сахнада айтылмай, той-томалақтарда, отырыстарда орындалып, әбден сынақтан өткен ән болатын.  Ана жайлы әндер айтылатын байқаулар болатын болса немесе 8 наурыз мерекесінде бұл әннің шырқалмай қалған кезі жоқ. Әннің текстін кейінірек ұлтымыздың аяулы ұлдарының бірі Аманжол Шәмкенов қайта жазып шыққан екен.

 

Жақсыкелді Сейіловтың "Ойлаймын мен" әні. "Қаракөз" ансамблі

1972 жыл «Қаракөз» ансамблі үшін сәтті басталды. Жыл басында, яғни, ақпан айында облыстық телевидениедегі «Жастық оттары» атты бағдарламаға шақырту алады. Облыстық «SARYARQA» телеарнасының журналисті Әшімхан Жампейісов ағамыздың айтуынша бұл «Қаракөз» ансамблінің толық көлемде жазылған алғашқы және соңғы концерті екен.  Айта кететін тағы бір мәселе бар. Бұған дейін жігіттер бірлесіп өнер көрсетіп жүргенімен ансамбльдеріне ат қоймаған екен. Студияда бірінші орындайтын әндері «Қаракөз» әні болғандықтан ансамбльдің де атауын жеме-жемге келгенде солай қойып жіберген.  «Бір өкініштісі бұл бейнетаспа қазір қолымызда жоқ. Сақталмаған. Ал, үн таспасы  студия қорында әлі күнге сақтаулы. Бұл көңілімізге қуаныш сыйлайтын дүние», - дейді Әшімхан ағамыз.

Осы сапарлары жайлы Сәлімжан Сейілов ағамыз былай дейді.

- Облыстан «Жезқазған өңірінен қазақ ансамблін жіберіңдер» деген тапсырма түскен екен. Жезқазған мәдениет басқармасының басшысы бізді вокзалдан жалғыз өзі шығарып салды. «Заря» қонақ үйіне түсіп, таңғы беске дейін дайындалдық.  Облыстық телевидениеге түсіп, ол дүйім жұртқа таралысымен біздің атымыз аспандап шыға келді. Кезіндегі бізге көмектескісі келмей менсінбей жүргендер бар, вокзалдан жалғыз шығарып салғаны бар барлығы жиылып, бізді спортшыларды не болмаса космонавты күтіп алғандай оркестрмен күтіп алды.

Ол замандарда телевидениеге шығу қазіргідей оңай емес еді. Екінің бірінің басына бұйырмайтын бақ. Мұндай мүмкіндік кез-келген өнер ұжымына ұсыныла қоймайтын дүние. Осы сапардан соң ансамбль мүшелері ерекше шабыттанып, өмірге бірнеше  жаңа туындылар әкелді. Ансамбльдің басты ерекшеліктерінің бірі тек қана өз араларындағы адамдардың шығармашылық одағынан құрылған әндерді орындауында еді.

- Мен үшін бұл ансамблдің құрамына ену арман еді. «Осы кісілердің киім-кешек, заттарын көтерісіп, гитараларының шаңын сүртіп, жандарына еріп жүрсем ғой» деп ойлайтынмын. Сол заманның әндерін сағына еске алатындар, оның ішінде біздің ансамбльдің әндерін сүйіп тыңдайтын адамдарды кездестірген сайын осы ансамбльге мүше болғаныма қуанамын. Ол замандарда пластинка деген дүние болатын еді. Әндеріміз соған жазылатын. Бізде Жезқазғанда Гасан деген әзірбайжан болған. Біз концерт береміз, жаңа ән жазамыз десек жүгіріп жетіп келетін. Сөйтсек, ол соның барлығын жинақтап жүр екен. Адамдар бір-бірін радиодан құттықтайтын, «Мына әнді қойсаңыздар екен» деп өтініш айтатын кездер ғой. Сол қу біздің халықтың ақкөңілділігін пайдаланып, жағдайын әбден жасап алған екен. Біз радиодан атымызды естігенге, әндеріміздің орындалғанына мәзбіз. Ақша табу жағын ойламаған да екенбіз ғой, - деп ансамблдің мүшесі Ахмедия Есмұханов ағамыз сол бір тәтті кезеңдерді  есіне алады.  

1973 жылдың күзінде Алматыда саяси әндердің республикалық байқауы өтеді. «Қаракөз» ансамблі бұл байқауға Жақсыкелді  Сейіловтың «Ана туралы баллада» әнін апарады. Бір қызығы бұл конкурста «Ана туралы балладаны» Сәлімжан емес, Жақсыкелді Сейіловтың өзі  де орындаған екен.  Конкурстың алдында дайындық кезінде үш дауыста айтып көрген ансамбль мүшелері тәуекел етіп, байқауда орындап шығады.  Осылайша, шалғайдағы жаңадан құрылып жатқан Жезқазған облысының атынан келген ансамбль «Ана туралы балладаны» орындап, бір ғана әнмен  республикалық байқаудың лауреаты атанып шыға келеді.

Осы конкурстан соң «Қаракөз» ансамблінің әндері тек Жезқазған мен Алматының жастарының арасында ғана емес, ел көлемінде жаппай айтылатын әндерге айналып шыға келеді. «Ана туралы баллада», «Сағыныш», «Махаббат мұңы», «Неге солай?» секілді әндер қысқа мерзім ішінде ел ішіне тарап үлгереді. Сол әдемі әндердің әуені әлі күнге дейін жүректі тербейді.

- Жақсыкелдінің өзіне ұнаған сөзге әнді табанда шығарып тастайтын қасиеті бар еді. Мәселен, мен Аманжол Шәмкеновтың «Неге солай?» өлеңін Жақсыкелдіге оқып берген едім.  Оқығандағы себебім, бұл өлең әр адамның басынан өтетін тарих секілді көрінді. Ол замандарда өлең сөздері де кіршіксіз таза еді ғой. Сөз Жақсыкелдіге  де ұнаса керек, табан астында жаңағы өлеңге ән шығара салды. Сол ән қалай тез туды, ел арасына да солай тез тарады. Студенттердің отырысы сол әнсіз өтпеуші еді,- дейді Сәлімжан Сейілов ағамыз.

Жалпы, өркениеттен қашықта жатқан, шалғайдағы шағын қаладан шыққан бұл топтың жанкештілігі мен ізденісіне таң қалмай қарауға болмайды. Жаны таза адамдардан ғана  осындай саф дүниенің туатындығына кезекті мәрте көз жеткіземіз. Егер, ансамбль мүшелерін дер кезінде қолдайтын адамдар табылып, көмек қолдарын созса, күйбең тірліктен босатып, тек қана шығармашылық жұмыстарына бет бұрған ансамблдің ғұмыры ұзақ болар ма еді? Ансамбль мүшелерін қайдам, тыңдаушы ретінде менің ішім ашитын бір дүние бар. Егер, бұл ағаларымыз сол кезде өнер ордасы саналатын Алматыға табан тіреп, шығармашылығын үлкен қалада жетілдірер болса, біз қазір небір шығармалардың куәсі болар едік-ау...

Ансамбльдің әндерін сүйіп тыңдайтын буын әлі де көп болғанымен, бұл кісілер жайлы ақпарат беру жағы кемшін. Әрине, «дер кезінде берілмеген ақпараттың қазіргі таңда тарап кеткен ансамблге не қажеті бар?» деп ойлауыңыз мүмкін. Дегенмен, бұл кісілердің шығармашылығының өміршең болуы біздің халыққа жеткізуімізге тікелей байланысты. Бұл тұрғыда «SARYARQA» арнасының тілшісі Әшмұхан Жампейісов ағамыздың алдына түсер ешкім жоқ. Осындай кісілердің арқасында ел арасында елеусіз ғана ғұмыр кешіп жатқан аға-апаларымыз жайлы мәліметтерді біліп отырмыз. Мәселен, келер жылы марқұм  Жақсыкелді Сейілов ағамыз 70 жасқа толар еді. Осындай айтулы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын өзімізден кейінгі буынға дұрыс насихаттай алсақ шын мәнінде рухани жаңғырған болар едік.

 

Сурет ашық интернет көзінен алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға