Компанияларда болатын дағдарыстың түрлері
Паблик рилейшнз ұғымы ұйым мен жұртшылықтың арасындағы қарым-қатынастың ерекше түрі, жұртшылықпен өзара пайдалы әрі тиімді қарым-қатынас орнату, халықтың, сондай-ақ, т.б. қоғамдық ұйымдар тарапынан өзіне жағымды көзқарас қалыптастыру мақсатында ұйым жүзеге асыратын басқару түрі ретінде қолданылады. Қазіргі нарықтық әлемде компаниялардың келеңсіз оқиғаларға түсуі күн санап артуда. Бұл дағдарысты жағдайлар күтпеген жерден абайсызда орын алу мен қатар бәсекелерстермен қасақана ұйымдастырылуы да мүмкін. Қалай болғанда да, осы оқиғалар компанияның беделіне, тіпті болашақ өміріне үлкен қауіп төндіреді.
Компанияларда болатын дағдарыстың түрлері
Сэм Блэк айтқандай: «Орын алған дағдарыс компаниялар үшін үлкен қиыншылықтар әкелуі мүмкін, тіптен компанияның болашағына да қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан дағдарыстың менеджменті міндетті түрде дағдарыстық паблик рилейшнз орнатуы тиіс».
Дағдарыстың түрлері сан алуан болуы мүмкін. Ең бастысы орын алған дағдарыстың түрін анықтап одан шығу жолын дәл табу.
Ал Сэм Блэк айтып кеткен дағдарыстың түрлері мынандай болады:
«Анық беймәлім». Дағдарыстың болу мүмкін екендігін бәрі біледі, алайда нақты болады ма, болса, қашан болатыны белгісіз. Сэм Блэк болуы мүмкін делінетін дағдарыстарды «білінбегендердің білінуі, білінгендердің білінбеуі» деп екі категорияда қарастырады. Мысалы, бұл жерде авиацияда, темір жолдарда, химиялық өнеркәсіпте, ядролық энергетика саласында тағы сол сияқты жерлерде болатын дағдарыстар туралы айтамыз. Мысалға, газ құбырларының зақымдануы қандай апатты жағдай тудыра алатыны белгілі. Осындай жерлер қауіп-қатер «білінген», яғни қауіп-қатер бар, бірақ қауіптің қашан болатыны «білінбеген», яғни қауіп-қатердің дәл қай сәтте болатындығы белгісіз жағдайлар. Екінші категорияға кіретін «білінбегендердің білінуі» жағдайы дағдарыстардың болатындығын алдын ала анықтаудың мүмкін еместігі, мысалы, жер сілкінісі, жаңартаудың атқылауы, сел сияқты апаттар осы топтың ішіне кіреді Осындай болжалмалы ақпараттар жүйеге келтіріліп, назар аударылуы тиіс.
«Белгісіз беймәлім». Не болатыны және қашан болатыны белгісіз. Мысалға, біз өндіріс жүйесін басынан аяғына дейін есептеп, ойластырып қойсақ та, өндіріске белгісіз бір психикалық ауруға душар адам кіріп кетіп, өндірілетін дәрі құрамына у қосып жіберген жағдайда қандай әрекет етеміз? Барлығы да болуы мүмкін. Біздің міндетіміз осындай жағдайлардан қорықпай, шетте қалмай, тез шешім тауып, әрекет ету.
Ұйымда болатын дағдарыс жағдайлары келесі түрлерге де топтастырыла алады.
Өту динамикасына байланысты:
- Күтпеген дағдарыстар (кенеттен орын алады, алдын-ала әрекет ету жоспарын қажет етеді);
- Дамушы дағдарыстар (зерттеу мен жоспарлауға көбірек уақыт береді, бірақ қиратушы кезеңге бір мезетте өтіп кетуі мүмкін, сондықтан бұл сәтке дейін шешім қабылдау керек);
- Үздіксіз дағдарыстар (айлап тіпті жылдап созылады, көбінесе үздіксіз айтылатын өсектердің кесірінен болады).
Ұзақтыққа байланысты:
- Белгіленген финал уақыты бар дағдарыс (банкротқа ұшырау/борышқорлық тәуелділіктен шығу, екінші губернаторлық мерзімге саулау/сайламау);
- Белгіленген финал уақыты жоқ дағдарыс (істің аяғы бірнеше жылдарға созыла алады: іскерлік беделдің төмендеуі. Тауарға деген сұраныстың төмендеуі);
- Созылмалы дағдарыс (алдын ала шешімін білуге тіпті болжауға келмейтін зардаптары бар дағдарыс).
Дағдарыстың шығу көзіне байланысты:
- Табиғат жағдайларынан болатын (жер сілкіністері, су тасқынадары, індеттер және т.б);
- Арнайы жоспарланған шаралардың себебінен болатын (лаңкестік актілері, қаржы директорының компания активтерімен қашып кетуі және өзге де алдау әрекеттері);
- Байқаусыздан болатын (банкротке ұшырау, менеджменттегі қателіктер, ұжымның жіберген қателіктері тағы с.с).
Топтастырудың тағы бір түрі – аумаққа байланысты:
- Жеке (нақты бір өндіріс үшін);
- Жергілікті (өндіріс орындары орналасқан мекен);
- Ұлттық немесе аймақтық (елдің бүкіл экономикасын қамтиды);
- Трансұлттық (бірнеше елдің мүддесіне қатысы бар);
- Әлемдік (әлемнің көптеген елдеріне ортақ дағдарыс).
Автор: Айгүл Шерниязова