Жаңалықтар

Компьютерлік ойындар. Бар әрі жоқ

Отандық компьютерлік ойындар неге жоқтың қасы?
Компьютерлік ойындар. Бар әрі жоқ
29.11.2018 19:45 24914

«Компьютербасты жарты адамдар» деген теңеуді Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуынан» оқыған боларсыздар. Біз сол ғылым мен техниканың, технологияның дамыған заманының адамдарымыз. «Z буыны» деген лақаптың бізге таңылғанына да біраз жылдың жүзі өтті.   Қазіргі ересектер мен балалар қолдарындағы түрлі гаджеттерге тәуелді. Мұхтар ағамыз біз жайлы «Андроид адамдар» деп өлең жазса, ешқайсымыздың да ренжуге хақымыз жоқ шығар...

Компьютерді, интернетті өмірімізден алып тастай алмайтынымыз анық. Оны әркім өз сұранысына байланысты игілігіне жаратуда. Балаларымыз сабақтан қолы босай қалса, түрлі компьютерлік немесе ойын приставкалары арқылы құмарларын қандырады.  Кішкентай балаларымыздың өзіне «Осы тыныш отырсыншы» деп планшет алып береміз. Бала түгілі ересектерді өзіне баурап, бір кірсең шыққың келмейтін ойындар қаншама. Ата-бабамыз «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақалды бекер айтпаған болар? Заман оқығандікі. Қазіргі заман ІТ саласында оқығандардың заманы. Осы саладағы жігіттер әлемдік нарыққа шығытын бағадарламалар мен қосымшалар, ойындар жасап шығаратын болса, расымен де бізді әлем тани бастар еді. Отандық костюм-шалбар киіп, отандық өнімдерді тұтыну салтын көп насихаттайтын елде отандық компьютерлік ойындар  бар ма? Осы сауалға жауап іздеп көрейік.

Біздің тізіп шығатын ойындарымыздың біразы жауқазын ғұмырлы болды. Яғни, нарықта сұранысқа ие болмады немесе бәсекелестерінен асып түсе алмады. Қалай десек те бұл біздің отандық ойынөндірушілердің алғашқы қадамдары ғой.

"AstanaRacer" компьютерлік ойыны. Бұл ойынды өз басым кезінде сынап көрген болатынмын. Бірақ, патриоттығым екі-үш күннен әрі аспады. Себебі, сол замандардың өзі тектес ойындарынан кемшін тұстары көп еді. Дегенмен, ойын жайлы тарқата жазбасқа болмайды.

ARTA компаниясының 2009 жылы шығарған ойыны. Need for Speedтің қазақстандық нұсқасы десек те болады. Бұл ойын ең алғашқы  қазақстандық  жарыс симуляторы. Ойын барысында сіз сүйікті Астанамыздың әдемі келбетіне қанығасыз. Ол кезде Астана көшелерінде қазіргідей «Спанч Боб» камералар мен «Сергектердің» жоқ кезі ғой. Жүргізуші куәлігімнен айрылып қалармын деген еш қорқынышсыз Астана көшелерімен зуылдап, полициялардан қорықпай қаша бересіз. Ойын болған соң, бұндай заң бұзушылықтардың болып тұрғаны да дұрыс шығар. Компания жетекшісі Болат Башаев мырзаның айтуынша «Қазақстанда ешкім лицензиялы диск алып, ойын ойнағысы келмейді екен. Жұрттың бәрі интернеттен тегін көшіріп алып ойнағысы келеді». Осылайша ойынның тағдырына балта шабылған екен. Бұл ойынға жұмсалған қаражат 7,5 млн теңге екен. Ойынға сайт арқылы 16 000 адам тапсырыс берген. Бірақ,  әлдеқандай себептермен 2500-3000 дана ойын дискісі сатылған екен. Сайттағы сауалнама бойынша 5 балдық дауыс беру жүйесі бойынша ойын ойнаушылардың көбі 3,5 деген баға берген бұл ойын осылайша тарих қойнауына сүңгіп кетті. Мәселен, осы ойынды Астана қаласының 20 жылдығы қарсаңында жаңартқан болса сұраныс артар ма еді кім білсін...

«Динаның хикаясы. Уақыт кітабы» ойыны. Бұл ең алғашқы қазақ тіліндегі ойын. Ойынның орысша нұсқасы шығып үлгермеген де болар. Бұл ойын 5 жастан бастап, әрі кетсе 10 жастағы балалар үшін жасалған. Ойын 5-6 жасар бала үшін расымен де қызық. Нағыз патриоттық тәрбие беретін ойын десем қателеспеспін. Бұл ойының андроид және ІOS нұсқасын шығарса, қазіргі андроид балаларымыз сүйсіне ойнауы мүмкін. Заманынан ерте шыққан ойынды Астананың 20 жылдығы қарсаңында неге жаңғыртпағандарын түсіне алар емеспін...

Ойын не жайлы? Ойын оқиғалары тарихи кейіпкерлердің қатысуымен Астанада өтеді.  Ойын барысы қысқаша баяндасам былай өрбиді.  Әбу Насыр Әл-Фараби қазақ халқының шежіресі жайлы кітапты көзінің қарашығындай сақтайды. Ертеден жеткен аңызға сүйенсек, атадан балаға мирас болып, келесі буынға жетіп отырған бұл шежірені жазба нұсқаға белгісіз қария түсіріп кеткен. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандар өтіп, аласапыран кезең басталады. Әл-Фараби құнды кітап қазақ халқының жер бетінен жойылып кетуін қалайтын зұлым дұшпанның қолына түспес үшін, кітапты бірнеше бөліке бөліп, қазақ даласының түкпір-түкпіріне таратады...

Ал, біздің заманымыздың тарихшылары бұл кітап жайлы әредік қызылкеңірдек болып дауласып қалады. Ежелгі Отырар қаласының орнында қазба жұмыстары жүргізілген кезде, бұл кітаптың бөлшектері де шыға бастайды. Тек, соңғы үш бетінің жоқтығы анықталады. Бұл үш бетте болашақ ұрпаққа бағытталған бата мен үндеу болған екен. Еліміздің барлық БАҚ осы кітаптың соңғы үш беті жайлы хабар таратады. Кітап Астана қаласындағы Ұлттық академиялық Кітапханада сақталатын болады.

Астана қаласының кішкентай тұрғыны Дина да бұл жаңалықты естиді. Дина Астанада әке-шешесімен, інісімен және әжесімен бірге тұрады екен. Қызық болғанда Динаның әжесінің де бұл кітапқа қатысы бар болып шығады. Кезіне оған өзінің әке-шешесінен мұраға әлдебір карта қалған болып шығады.  Картада жұмбақ дүниелер сақталған жерлер анық көрсетілген. Ерте ме, кеш пе бұл жұмбақтың ашылатындығы жайлы, бұл заттарды тапқан адам қазақ халқына ерекше еңбек сіңіретіндігі  жайлы айтылған екен.  Картада кітаптың соңғы беттері жасырылған  орындар көрсетілген болып шығады. Әуелгіде Дина картаны әжесімен бірлесіп іздегісі келеді. Алайда, әжесі өзінің қартайғанын айтып, картаны Дина жалғыз іздеуі тиіс болады.

Дина Президент мәдени орталығына барып, Алтын адаммен кездеседі.  Дина Алтын адамның көмегімен кітаптың бірінші бетін табады. Кітаптың екінші бетін табу үшін Дина Бәйтерекке көтеріледі. Бұл жерде біздің қаһарманымыз аңыздарда айтылатын Самұрық құспен кездеседі. Самұрық құс Динаға кітаптың екінші бетінің қайда жасырылғанын және оны қалай табуға болатынын айтып жөн сілтейді. Осылайша, кітаптың тек соңғы бетін табу ғана қалады. Үшінші бетті табу мақсатында Дина Бейбітшілік және Келісім сарайына барады. Кітаптың үш беті де табылған соң оны Ұлттық Академиялық Кітапханаға алып келеді. Беттер кітаптағы өз орнына қойылысымен Әл-Фараби пайда болып, қазақ халқына үндеу жариялап, батасын береді. Ойынның ұзын ырғасы осындай. Ойын салмағы өте жеңіл. Кез-келген компьютерде ойнай беруге болады.

"Тамерлан: апокалипсис" ойыны. Шымкентік «nanSHYMKENT games» студиясының өнімі. Ойын авторларының есімдерімен таныс болыңыздар. Студенттік кезеңде осындай қадамға барған  Наджибулла Ғабибуллаұлы және  Нұрдәулет Лесбек. Бұл ойын оқиғасы Үшінші Дүниежүзілік соғыс кезінде өрбиді. Ойын 2008-2009 жылдары жасалған болатын.  Ал, ойын кезіндегі оқиға бізді жақын болашаққа, яғни, 2013 жылға апаруы керек. Америка Құрама Штатары Иранға соғыс ашады. Ал Иранды Қытай мен Ресей жақтап шығады. Осылайша, соғыс барысында химиялық қару қолданылып, жер бетін мутантар басып кетеді. Осы сәтте адамзатты Темірлан атты қазақстандық жас баланың құтқаруына тура келеді. Ойын оқиғалары Алматы мен Шымкентте өрбиді. Қазақстандық ең алғашқы атыс-шабыс ойыны графикалық  және тағы да басқа жақтарынан сол кездегі қызықты ойындармен таласқа түсе алмай, нарықта сәтсіздікке ұшырады.

«SuperBaiga» және «MadOut» ойындары. Бұл екі ойынды бөле қарауды жөн санамадым. Себебі, екеуінің жанры бір және өте ұқсас ойындар. Екеуінде де өзіңнің көлік жүргізу қабілетіңді көрсетіп, тірі қалу мақсатында жарыс алаңындағы қарсыластарыңның көлігін түрлі қарулармен атып, мәреге бірінші жетуге ұмтыласың. «MadOut» сәл кейінірек шыққан ойын болған соң болар, ол жерде қару саны көп және көлігіңді жақсарту мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, ауа райы мен сізге ұсынылған 50 трассаның бірін қалауыңыз бойынша таңдай аласыз. Ойын 2014 жылы шыққан болатын. Бұл ойынды Appstore, Playmarket және WindowsStoreден жүктеп алып ойнап көрсеңіз болады. Айтпақшы,  Playmarketте бұл ойын жайлы жақсы пікірлер көп екен.

«Steampunk Tower»  мобилді телефондарға арналған ойын. Appstore және Playmarketтен көшіріп ала аласыз.  Қарағандылық Максим Иванченко есімді автордың бұл ойыны елімізде ғана емес көршілес Қытай Халық Республикасында да көп жүктелетін ойындардың бірі екен.  Ойынның мақсаты Лорд Бингемнің қамалын қорғау.  Ойын 20 сатыдан тұрады.  Ойын барысында қаруларыңызды ақшаға жаңарту секілді мүмкіндіктер қарастырылған.

«Alga batyr» ойыны. «КазПауэрТрейд» компаниясы былтырғы жылдың басында  осы ойынды жарнамалап,  Appstore  және Playmarket арқылы жүктеп ала аласыздар деп жар салған. Тіпті, күлкі мен аянышты қатар тудыратын промо-роликтері де бар болатын. Ойын желісі бойынша Ұлы жүздің, Орта жүздің, Кіші жүздің батырларының бірін таңдап, сол баяғы бітіспес жауымыз жоңғарларға қарсы соғысасыз. Татар, ноғай, орыс тағы басқа да елдің батырларының арасынан өзіңізге жақтас тауып алып, біріккен қолды бастай аласыз. Сол кезде қызығушылық танытпағандықтан ойынды жүктеп көрмеген болатынмын. Ал, бүгін Playmarketтен іздестіріп таба алмадым. Apple қолданушылары бар болса сіздерге арналған нұсқасының бар-жоғын Appstorдан тексере салсаңыздар екен. YouTubeн ойын жайлы бір видео тауып алдым. Бұл видедан түсінгенім - ойын ересектерді еш баурай алмайды екен. Ал, 3-4 жасар балалар 3-4 күн ойнауы әбден мүмкін.

2014 жылдары онлайн ойнауға арналған «NOMADS» ойыны шыққан болатын. Қазақ тарихынан сыр шертетін бұл ойында, қазақ жауынгерлерінің қылыш, найза, айбалта, садақ сынды қаруларын пайдалануға болатын. Өзім ойнамасам да осы ойынды ойнаймын деген таныстарым көп еді.

Араға екі жыл салып, 2016 жылы "Власть и покорение" атты браузерлік ойын шыққан болатын. Бұл ойында сіз космос кораблін басқарып, аспан әлемінде соғысасыз. «NOMADS» ойынының да, космостағы стратегиялық ойынның да ғұмыры ұзаққа бармады. Қазіргі таңда бұл ойындарды ойнау мүмкін емес.

Біздің сіздерге мысалға келтіргенімізден бөлек мобилді телефонға арналған, өзіміздің жігіттер жасаған ұсақ ойындардың түр-түрі бар. Мәселен, «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Миллион кімге бұйырады», «Онлайн Белка» карта ойыны, «Жұлдызды тап»  секілді бірнеше ойындар бар.  

Сурет https://www.google.com/imghp?hl=ru 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға