Жаңалықтар

Көмірдің үстінде отырып алыстан отын тасып жүр

Көмірдің үстінде отырып алыстан отын тасып жүр
Фото: ©El.kz/Қуан СЕЙІТ 19.09.2024 12:47 530

«Таң атпай кезекке тұрдық. Көмірге келген жұрттың қарасы тым көп. Біздің кезек жеткенше тұйықта отын таусылып қалмаса жарар еді. Өскеменге көмір үшін сонау ауылдан көлік айдап келдім», – деді ұландық Нұрлыбек Серғалиұлы уайымын жасыра алмай. Онысы орынды. Облыс орталығының сол жағалау ауданындағы тұйықта шынымен де көмір қоры азайып қалған...

Бүгін таңертең осы көмір қоймасында жүк көліктерінің ұзын-сонар кезекте тұрғандығы жайында әлеуметтік желілерде бейнежазба тарады. Еl.kz тілшісі мән-жайды анықтау үшін сол жағалаудағы тұйыққа барды.

Көмірдің үстінде отырып алыстан отын тасып жүр

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Иә, таңертең кезектің болғаны рас. Түске дейін үнемі солай. Алушылардың дені ауылдан келетін адамдар және мектеп, балабақша сияқты мекемелер. Күзде ауданның шаруа қожалықтары қалаға астық, күнбағыс немесе басқа да дақылдар тиеп әкеледі де кері қарай бос қайтпау үшін осы жақтан көмір ала кетуге тырысады. Сөйтіп кезек күткендер саны көбейеді, – деп түсіндірді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Тәнекенов.

Оның айтуына қарағанда, облыс орталығының тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етуде ешқандай мәселе туындап отырған жоқ. Халыққа қажетті 155 мың тонна көмірді жеткізу мақсатында Абай облысындағы «Қаражыра» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасалған. Бүгінде 80 мың тонна көмір Өскеменге жеткізіліп, қарапайым халық сатып алған. Қалғаны қыркүйек-қазан айларында болады.

Жалпы, облыс орталығында көмір қабылдап, жөнелтетін екі тұйық бар. Бұл жерлерден Өскеменнің және қалаға жақын үш ауданның тұтынушылары қатты отын сатып алады. Сондай-ақ Абай облысының Жарма ауданынан да келетіндер бар.

Біздің тұйық 4 мың тоннадай көмір қабылдай алады. Қазір күніне он вагоннан өтінім беріп отырмыз. Әлеуметтік көмірдің тоннасы 15 300 теңге болса, коммерциялық баға – 15 800 теңге. Күн сайын 700 тоннадай сатамыз. Қазіргі ұзын-сонар кезек пен дүрбелеңді адамдардың өзі туындатып отыр. Ала жаздай арқаны кеңге салып жүріп, күз келіп, күн суытқанда бәрі қимылдай бастады. Мәселен, тамыз айында тұйықта көмір толып тұрды. Бірақ алушылар аз еді, ең көп дегенде күніне 20 мәшін жөнелттік. Қыркүйектен бастап алушылар көбейді. Күн сайын 100 мәшін тиеліп кетеді, – деді «Топливная компания терминал» ЖШС директоры Мансұр Бекбауов.

Оның айтуынша, көмірдің бағасы биыл былтырғымен салыстырғанда 600 теңгеге көтерілген. Бұл тасымалдау шығындарының қымбаттауымен байланысты болса керек. Мұнда көмір Абай облысының Қаражыра кенішінен жеткізіледі.

Көмірдің үстінде отырып алыстан отын тасып жүр

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ұсынған ақпаратқа жүгінсек, қыркүйек айының басында өңірдің көмір сату тұйықтарында жиыны 15,9 мың тонна көмір қоры болған. Оның 7 мың тоннадан астамы Өскемендегі тұйықтарда болса, 2 мың тоннадан астамы Алтай ауданында, 3 мың тоннадан астамы Глубокое ауданында, 2 мың тоннадан астамы Шемонаиха ауданында, 200 тоннадан астамы Риддер қаласындағы тұйықтарда сақталған.

Көмір жеткізу бекітілген кестеге сай жүзеге асырылады. Ол кесте «Қаражыра» АҚ және «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірге жасалған. Облыс аумағында көмір тұрғындарға, сондай-ақ мекемелерге 22 оператор арқылы сатылып жатыр. Жалпы, облыс халқына биылғы жылыту маусымында 440 мың тонна көмір қажет. Ал бюджеттік мекемелердің қажеттілігі 40 мың тоннаға жуықтайды. Бүгінге дейін халыққа 216,4 мың тонна көмір жеткізілсе, бюджеттік мекемелерге 37,3 мың тонна көмір жеткізілді, – деп нақтылады энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.

Көмірдің мәселесі Кендірліктей кеніші бар Зайсан ауданында да түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Қойнауы көмірге бай Зайсан ауданының халқы қатты отынды алыстан арбалап тасып отыр. Кендірліктің көмірі жергілікті тұрғындарға биыл әлі жетпеген.

Табиғи газы жоқ елді мекендерді көмірмен қамтамасыз ету мәселесі әлі де болса күн тәртібінде тұр. Сарыбұлақ газ кенішіндегі газ қорының мөлшері әлі анықталған жоқ. Қазір ауданның 32 елді мекеніннің сегізінде әлі газ жоқ. Газдың қоры нақты белгіленген кезде Зайсан ауданындағы өзге сегіз ауылға да көгілдір отын келеді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, газ қоры белгіленбегендіктен ешқандай жұмыс жүргізілмеуде. Себебі, биыл  Кендірлік кенішінен көмір өндірілген жоқ. Кендірлік көмір кеніші жұмыс істемей тұр. Жауапты компаниямен байланысып, жұмыс істеп жатырмыз. Бір нәтижесін шығарамыз. Аудан бойынша жылыту маусымына тұрғындарға шамамен 12 мың тонна көмір қажет, қазір қажетті көмірді Қаражыра кен орнынан «Иртыш Транс Сервис» мекемесімен бірлесіп тұрғындарға уақтылы жеткізу бойынша жедел жұмыстар атқарылуда, - деді Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы.

Көмірдің үстінде отырып алыстан отын тасып жүр

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Өскемендегі тұйық басында бізбен сөйлескен Нұрлыбек есімді Ұлан ауданының тұрғыны көмірді коммерциялық бағаға, яғни 15800 теңгеге сатып алатынын айтты. Оған бір қысқа 8 тоннадай қажет екен. Оның бағасы 144 мың теңге, бұған жеткізіп беретін жүк көлігінің ақысын қосыңыз, ол шамамен 30-40 мың теңге. Сонда Нұрлыбек сияқты ауыл тұрғындарына Өскеменнен келіп бір мәшін көмір алып кету үшін 200 мыңға жуық қаражат қажет. Бұл әрине егер сіз облыс орталығына жақын Ұлан ауданының тұрғыны болсаңыз, ал енді шалғайдағы Тарбағатай, Марқакөл, Күршім сияқты аудандарда таскөмірдің құны бұдан да қымбат. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға