Жаңалықтар

Коллекторлардың жағдайы қиындайды – вице-министр

Коллекторлардың жағдайы қиындайды – вице-министр
Фото: © iStock 18.05.2023 12:51 984

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова коллекторлық агенттік қызметкерлерінің өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы бүгін Мәжілістегі заң жобасының таныстырылымында айтылды.

Қылмыстық кодексте коллекторлық агенттік қызметкерінің өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны, қарыздарды өндіріп алудың заңсыз әдістерін қолданғаны және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершікті көздейтін арнайы бап жоқ, - дейді Алма Мұқанова.

Бұл ретте Қылмыстық кодекстегі 214 және 223-баптары коллекторлардың тек тіркеусіз коллекторлық қызметпен айналысқаны үшін, сол сияқты егер бұл әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не ірі мөлшерде табыс табумен ұштасса, сондай-ақ коллекторлық қызметтің құпиясын жария еткені үшін ғана жауаптылыққа әкеп соғады.

Өз кезегінде, коллекторлық агенттік қызметкерінің өз өкілеттіктерін өз қызметінің міндеттеріне қайшы және өзі немесе басқа адамдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында пайдалануы қоғамға қауіпті іс-әрекеттер ретінде бағалануы керек, - дейді вице-министр.

Бұл шара заңдық сауатсыздыққа байланысты коллекторлық агенттіктердің жосықсыз қызметкерлерінің қысымына және айла-шарғысына ұшырауы мүмкін азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2021 жылдың қыркүйегінде Алматының Ақбұлақ ықшамауданында Игорь Дужнов есімді азамат үйін алып қоюуға келген коллекторды қасындағы полициямен бірге атып тастаған болатын. Осыдан кейін коллекторлық агенттік қызметкерлеріне ойына келгенді істете бермеу керектігі қоғамда қызу талқыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға