Жаңалықтар

Колледжде оқу үшін грант алған қазақстандықтардың рекордтық саны 125 мың болды

Бұл туралы Оқу-Ағарту министрлігі мәлімдеді
Колледжде оқу үшін грант алған қазақстандықтардың рекордтық саны 125 мың болды
Фото: stan.kz 07.09.2022 12:36 910

125 мың қазақстандық еліміздің колледждерінде оқуға грант алды. Осылайша, биыл грант иегерлерінің саны рекордтық көрсеткішке жетіп, былтырмен салыстырғанда 45 мыңға артты. ТжКБ ұйымдарына барлығы 183 мыңнан астам адам оқуға түсті, деп хабарлайды El.kz.

Оқуға түскен студенттердің көпшілігі инженерия, білім беру, құрылыс, туризм, қонақ үй бизнесі және тағы да басқа салаларды таңдады.

Құжаттарды қабылдау 25 маусымда басталып, 25 тамызда аяқталғанын еске сала кетейік. Биыл тегін оқуға түскісі келетіндерге арналған квоталар тізімі кеңейтілді. Көпбалалы отбасы балалары үшін 5% квота, толық емес отбасы балалары үшін 1% (осы мәртебе үш жылдан кем емес болуы керек), ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін 1% квота қосылды. Ұпайлар тең болған жағдайда квота санаты мен аттестаттың орташа бағасы есепке алынады.

«Қазақстанда еліміздің колледждерінде білім алуға берілетін гранттар саны жыл сайын артып келеді. Президенттің тапсырмасы аясында 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға беріледі. Мысалы, биылдың өзінде 52 мыңнан астам студент оқуға түсу кезінде инженерия, өңдеуші және құрылыс саласы сияқты мамандықтарды таңдады. Сонымен қатар биыл 8 мыңға жуық студент алғаш рет жұмысқа орналасу міндеттемесі бар кәсіпорындардың өтініші бойынша мақсатты оқыту аясында грант алды. Мақсатты мемлекеттік тапсырыс колледждерге еңбек нарығының сұранысы бойынша кадрлар дайындауға мүмкіндік береді. Яғни балалар оқуды аяқтаған соң бірден жұмысқа орналасады», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Биыл талапкерлер құжат тапсыру кезінде төрт мамандыққа дейін және төрт колледжге дейін таңдау мүмкіндігіне ие болды. 2021 жылы білім берудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында министрлік «ақша студенттің соңынан ереді» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыстарды бөлудің жаңа тетігін енгізді. Яғни бұрын гранттарды білім бөлімдері бөлетін болса, енді мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауына қарай беріледі. Дәлірек айтқанда, бюджет ақшасы түлек қайда барғысы келсе, сол жаққа бағытталады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға