Адам ағзасы – табиғаттың ең күрделі әрі нәзік жаратылысы. Сол күрделі жүйенің іргетасы іспетті бір ақуыз бар: ол – коллаген. Көзге көрінбейтін, бірақ тіршіліктің әр бөлшегінде бар, сүйек пен бұлшықеттен бастап, жүрек пен өкпеге дейін, тіпті қасаң қабық пен тіс дентиніне дейін созылып жатқан осы ақуыз дененің серпімділігін, мықтылығын, біртұтастығын сақтап тұр.
Егер ағзаны алып ғимаратқа теңесек, оның қабырғасы кірпіштен тұрғызылса, кірпіштерді ұстап тұрған цементтің рөлін атқаратын – дәл осы коллаген. Сондықтан да ғалымдар «денедегі ақуыздардың патшасы» деп атайтыны бар.
Коллаген дегеніміз не және ол ағзаға не үшін қажет?
Жас кезінде көп адам бұл дәрумен туралы ойланбайды. Өйткені тән серпінді, буын жеңіл, тері созылмалы әрі тегіс көрінеді. Бірақ уақыт жылжыған сайын дене құрылымындағы өзгерістер байқала бастайды: әжімдер тереңдеп, буындар сықырлап, бұлшықет әлсізденеді. Бұған себеп – ағзаның өз ішінде коллаген түзілуінің баяулауы. Жиырмадан асқан әр он жыл сайын оның деңгейі орта есеппен 1–2 пайызға азайып отырады екен. Бұл – қартаюдың табиғи заңы. Бірақ бүгінде дүкен сөрелерінде, дәріханаларда, әлеуметтік желілерде түрлі қоспалар жарнамаланып, «коллаген ішсеңіз жасарып, буыныңыз жеңілдеп, бұлшықетіңіз бекиді» деген уәделер жиі айтылады. Осы уәделердің қаншасы шындыққа жанасады?
Коллаген – аминқышқылдардың ұзын тізбегінен құралған ерекше құрылым. Негізін глицин, пролин және гидроксипролин сияқты аминқышқылдары құрайды. Олар үш жіп тәрізді молекулаларды құрап, кейін бір-біріне оралып, берік спираль түзеді. Бұл спиральдар әрі қарай бірігіп, жуан арқан секілді талшықтарға айналады. Олардың беріктігі соншалық, кейде болат сыммен салыстырылады: жыртылмайды, оңай үзілмейді, қысымға төтеп береді. Сондықтан сүйек мықтылығы да, терінің серпімділігі де, буындардың қозғалысы да осы нәзік, бірақ берік құрылымға байланысты.
Адам ағзасында жиырма сегіз түрлі коллаген бар екені ғылым . Бірақ соның бесеуі ғана негізгі рөл атқарады. Бірінші тип – ағзадағы коллагеннің тоқсан пайызын құрайды. Ол теріде, сүйекте, тіс дентинінде, көздің қасаң қабығында бар. Оның арқасында сүйек сынбайды, тері жыртылмайды, қан тамырлары серпімді күйде сақталады. Екінші тип – шеміршек пен омыртқааралық дискілердің, көздің шыны тәрізді денесінің негізі. Ол болмаса, буын қозғалысы қиындап, сүйек сүйекке үйкеліп, ауырсыну пайда болады. Үшінші тип – ішкі ағзаларды, бұлшықеттерді, қан тамырларын ұстап тұрады. Төртінші тип – жасушадан тыс матриксте, бүйректе, көз бұршағында кездеседі, сүзгі қызметін атқарады. Ал бесінші тип – плацента түзілуіне, көздің мөлдірлігін сақтауға, шаш пен жасуша бетінің құрылымына қатысады. Осыдан-ақ коллагеннің тек әдемі тері үшін емес, өмір сүрудің барлық қыры үшін маңызы зор екені аңғарылады.
Алайда табиғаттың заңы қатал. Уақыт өткен сайын ағзадағы коллаген синтездейтін жасушалар – фибробласттар мен хондробласттар әлсірей бастайды. Жаңа түзілген талшықтар бұрынғыдай тығыз емес, әлсіз, ретсіз болып шығады. Оның үстіне әйелдерде менопауза кезінде гормондардың өзгеруі синтезді күрт төмендетеді. Бұған қоса, заманауи өмір салты – стресс, дұрыс тамақтанбау, темекі, алкоголь, күн сәулесінің артық мөлшері де коллагенге қарсы қылыштай шабады. Бос радикалдар деп аталатын зиянды молекулалар талшықтарды қиратады. Сөйтіп, адам тәні қартайып, көзге көрінетін және көрінбейтін өзгерістерге ұшырайды.
Коллагені бар тағамдық қоспалар деген не?
Осы әлсіреуді тоқтатамыз деген үмітпен көптеген адамдар коллаген қоспаларына жүгінеді. Дәріханаларда ұнтақ, капсула, таблетка түрінде сатылатын қоспалар бар. Бірақ олардың молекуласы өте ірі болғандықтан, тұтас күйінде ағзаға сіңбейді. Сондықтан өндірушілер гидролизденген түрін шығарады: ферменттер арқылы бөлшектенген кішкентай пептидтер. Теория бойынша, олар ішекте оңай сіңіп, қанға өтіп, қажетті тіндерге жетуі керек. Тіпті кейбір зерттеулер жануарларда осы пептидтердің теріге немесе шеміршекке жететінін көрсеткен. Бірақ адамға келгенде бәрі әлдеқайда күрделі. Өйткені біз кез келген ақуызды жегенде ол бәрібір асқазанда аминқышқылдарға бөлінеді. Сөйтіп, ағза оларды жалпы қордағы материал ретінде ғана пайдаланады.
Соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер бұл қоспаларға қатысты қызық жайттарды көрсетті. 2025 жылы жарияланған халықаралық шолуда жиырмадан астам клиникалық тәжірибе талданған. Нәтижесінде, коллаген қоспаларын өндірушілер қаржыландырған зерттеулерде оң нәтиже жиі байқалған: тері ылғалданады, әжім азаяды, серпімділік артады. Ал тәуелсіз зерттеулерде мұндай айқын пайда табылмаған. Ғылыми жұмыс сапасы жоғарылаған сайын, яғни тәжірибе дұрыс ұйымдастырылған сайын, нәтиже азайған. Керісінше, сапасы төмен, әдістемесі әлсіз зерттеулерде коллаген «ғажайып эликсир» сияқты болып көрінген. Бұл ғылыми әлемдегі үлкен күмән туғызды.
Буынға қатысты деректер де қайшылықты. Кейбір тәжірибелер остеоартрозбен ауыратын адамдарда ауырсынуды азайтуы мүмкін екенін айтқан. Бірақ олар да көбіне шағын топтарда жасалып, өндірушілер тарапынан қолдау көрген. Бұлшықетке қатысты да жағдай екіұшты: коллаген қабылдап қана қоймай, белсенді спортпен айналысқан адамдарда бұлшықет күші артқаны байқалса, қимылсыз отырғандарда әсері болмаған. Демек, қоспаның өзі емес, қозғалыс басты рөл ойнайды.
Ал қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, коллаген қоспалары салыстырмалы түрде зиянсыз саналады. Кей адамдарда асқазанның кебуі, жеңіл жүрек айну, іштің өтуі сияқты жайсыздықтар болуы мүмкін. Өте сирек жағдайда аллергиялық реакциялар тіркелген. Теориялық тұрғыда жануарлардан алынатын шикізат арқылы қауіпті аурулар берілуі ықтимал деген болжам бар. Бірақ нақты дәлелденген жағдай жоқ. Тағы бір қызық дерек – клиникалық зерттеулерге қатысқан адамдардың шамамен бестен бірі тәжірибені соңына дейін жалғастырмаған. Себебін зерттеу авторлары ашып көрсетпеген. Мүмкін, адамдар ұзақ уақыт бойы қоспа ішуден жалығып кеткен шығар. Әлде жағымсыз әсерлер болған, бірақ жазылмаған болуы ықтимал.
Коллаген қоспаларының пайдасы бар ма?
Бүгінгі таңда ғылым айқын бір тұжырымға келген жоқ. Коллаген қоспалары ағзаны жасартатын немесе буын ауруларын толық емдейтін «ғажайып құрал» емес. Дегенмен, оларды толықтай пайдасыз деп те кесіп айтуға болмайды. Қоспаларды қабылдаған кей адамдар өздерін жақсырақ сезінгенін айтады. Плацебо әсері ме, әлде шынымен әсер етті ме – оны болашақ зерттеулер ғана нақтылайды. Бірақ бір нәрсе анық: денсаулықтың негізі – дұрыс тамақтану, қозғалыс, зиянды әдеттен бас тарту, сапалы ұйқы. Бұл факторларсыз ешқандай ұнтақ не капсула көмектесе алмайды.
Қазіргі таңда дәріханаларда сатылып жүрген коллагеннің көбі – ірі қара малдың терісі мен сүйегінен, шошқаның байламдарынан немесе теңіз балығының терісінен алынған. Кейбірі тауықтың шеміршегінен жасалады. Оларды қабылдаудың алдында адамдар көбіне оның қайдан алынғанына мән бермейді. Ал шын мәнінде, шикізат сапасы да маңызды. Әсіресе діни тұрғыдан шошқа өнімінен жасалған қоспаларды кей тұтынушылар қабылдамайды.
Ғалымдар әлі күнге дейін мына сауалға жауап іздеуде: коллагенді сырттан қоспа ретінде қабылдау пайдалы ма, әлде ағзаның өз синтезін арттырудың жолын іздеген жөн бе? Екінші бағыт – әлдеқайда қызығырақ. Өйткені ағза өзі жасаған коллагенді әлдеқайда тиімді пайдаланады. Ол үшін не істеу керек? Біріншіден, дәрумендер мен минералдардың жеткілікті болуы шарт. С витамині – коллаген синтезінің басты катализаторы. С онсыз талшық түзілмейді. Міне, сондықтан қыста цинга ауруы пайда болып, адамдардың тісі түсіп, жаралары жазылмай қиналған. Екіншіден, мырыш пен мыс сияқты микроэлементтер де маңызды. Үшіншіден, ақуызға бай тағам – ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері ағзаға қажетті аминқышқылдарын береді. Сонда ағза өзі жаңа коллаген жасайды.
Табиғаттағы тепе-теңдік заңы бұзылмайды: егер біз ағзаны дұрыс қолдасақ, ол бізге қайтарым береді. Коллаген қоспаларына сенудің орнына, өмір салтын түзеу әлдеқайда нәтижелі болуы мүмкін. Дегенмен, ғылым дамып келеді. Ертеңгі күні жаңа технологиялар шығып, пептидтердің нақты әсерін дәлелдейтін деректер табылса, коллаген қоспалары да медицинаның ресми құралына айналуы ғажап емес. Әзірге олар жай ғана тағамдық қоспа, көмекші құрал ретінде қарастырылғаны жөн.
Осылайша, коллаген туралы әңгіме – қартаюдың табиғи жолын түсінуден бастап, адамзаттың мәңгі жас болуға деген ұмтылысына дейінгі кең арна. Ғылым бізге бұл ақуыздың ағза үшін аса маңызды екенін айтады. Бірақ оны сырттан қабылдау туралы мәселе әлі ашық күйде тұр. Бір анығы – адам табиғатпен үндесіп, денесін дұрыс күтсе ғана, ішкі құрылымын сақтай алады. Коллаген қоспалары сол күтімнің кішкентай ғана қосымша бөлшегі болуы мүмкін.

