Көлікті ұзақ қыздырсаңыз қанша айыппұл төлейсіз?
Қазақстандар енді көліктерін 5 минуттан артық қыздырса айыппұл төлейді. Бұл туралы ІІМ және сарапшы мамандардан жауап алдық.
Айыппұл не үшін салынады?
ҚР жол жүрісі ережелерінің 88- бабы, 5- тармағына сәйкес, үйге жақын, көпқабатты үйлердің ауласында көлік қозғалтқышы қосулы болса, ол тұрғындарға қолайсыздық тудырса, онда көліктің тұруына тыйым салынады. Ал бұл талапты бұзған көлік жүргізушілері 5 АЕК ( 19660 теңге) көлемінде айыппұл арқалайды. Егер көлік иесі бір жыл ішінде заң талабын қайталап бұзатын болса 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл төлеуі тиіс.
Шағым қалай түседі?
ІІМ мәліметіне сүйенсек, тәртіп бұзған көлік иесінің үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғау үшін мынадай нақты дәлелдер болуы шарт:
– 5 минуттан асатын бейнежазба болуы тиіс. Бейнежазбада көліктің мемлекеттік нөмірі, оқиға уақыты мен күні нақты көрсетілуі қажет.
– Бейнежазбада көліктің ұзақ уақыт қосулы тұрғаны анық көрінуі тиіс.
Тұрғындар осындай дәлелдер келтірілген жағдайда ғана полицияға шағымдана алады.
Сарапшылар не дейді?
Бұл заңда автокөліктің қаншалықты ескі екені де ескерілуі керек сияқты. Себебі, біздің елде ескі көлікті жүргізетіндер көп. Ал ондай машиналардың қозғалтқышын қысқы аязда дұрыс қыздырмаса, көлік майы керекті қызуды алмаса, онда оның жүруі екіталай. 40 градус аязда олар бес минут ішінде қызып та үлгермейді. Оның үстіне ауаны ең ластайтыны да сол ескі көліктер. Ал 2000-ы жылдан бері шығарылған көліктер біраз болсын тез қызады. Сонда да жүргізушілер көлікті толық қыздырғанды жөн көреді. Біздің аулада кей көліктерді 20-30 минут бойы қыздырып барып жүретін көлік иелері де бар. Олардың бала-шағасы болғандықтан машинаның салоны да жылынғанша күтеді. Ал дизельді отынмен жүретін көліктер оңайлықпен қыза қоймайды. Ондай тұлпардың иелері қатты аяз қысса, бір түнде екі-үш рет тұрып қыздырып қояды. Оларға қалай айыппұл саламыз? Меніңше бұның бір ғана шешімі бар. Көлік иелері темір тұлпарын ауладан алыс жерге қалдырып кетуі керек. Қазір автотұрақтың жетіспеушілігі барлық аулаларда байқалады. Сондықтан бұл да тиімсіз болуы мүмкін. Біз барлық ескі көлік иелеріне машинаңды алысқа апарып таста деп айта алмаймыз. Менің ойымша, бұл жерде тағы да қаралуы керек тұстары көп, – дейді автосарапшы Алексей Алексеев.
Бұл жаңа заң емес. Бұған таңданатын түгі жоқ. Заң бар болса, онда оған бағынбағаны үшін жазаның да болуы міндет. Әрине, айыппұл ешкімге ұнамайды. Егер заңға бағынып, оны бұзбасаң ешкім саған айыппұл салмайды. Қаталдық – ол заң талабы, – дейді тәуелсіз автокөлік одағының президенті Эдуард Эдоков.
Ішкі істер министрлігі не дейді?
ІІМ бұл 20 жылдан бері бар норма екенін айтты. Сондай-ақ, мақсаттары жаппай айыппұл салу емес екендерін де жеткізді.
Ішкі істер органдары аталған құқық бұзушылық үшін азаматтарға жаппай айыппұл салуды мақсат етпейді. Айта кету керек, көрсетілген бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары түскен кезде ғана, куәгерлер құқық бұзушылықтың фотосы мен бейнематериалдарын ұсынған жағдайда ғана қозғалады, – деді министрлік.