©Pixabay.com

Көлікте адамның жүрегі неге айниды?

Көлікте өзіңізді жайсыз сезініп, жүрегіңіз айныған кездер бар ма? Кейбір жолаушылар үшін тіпті қала сыртындағы саяжайға жету де азапқа айналуы мүмкін. Ендеше біз бүгін сапарға қалай дайындалу керектігі және көлікте жүрегіңіз айныған жағдайда не істеу керектігі жайлы сұрақтарға жауап береміз, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Адам көлікте неге өзін жайсыз сезінеді?

Ғылыми тілде көлікте немесе кемеде адам өзін жайсыз сезінуін кинетоз деп атайды. Бұл жағдай әсіресе балалар арасында жиі кездеседі – 10 жасқа дейінгілердің 60%-ы жүрегі айниды. Бірақ ересектер арасында да бұл мәселе жиі кездеседі: өмір бойы шамамен 5-10% адам теңіз ауруына шалдығады.

Кинетозға вестибулярлық аппарат пен көз қабылдауының арасындағы сәйкессіздік себеп. Яғни ағза қозғалысты сезеді, бірақ көз ондай қозғалысты «көрмейді». Нәтижесінде ми шатасып, жүрек айнып, өзге де белгілер пайда болады. Бұл жағдай тек көлікте емес, ұшақта немесе пойызда да болуы мүмкін.

Қандай белгілері бар?

Әдетте мазасыздық бірден басталмайды. Алдымен адам әлсіздік, бас айналу, жалпы жайсыздық сезінеді. Кейін тершеңдік артып, сілекей көп бөлінеді. Бұдан соң ең жағымсыз белгілер – жүрек айну мен құсу байқалады.

Егер жолда жүрек айныса, не істеу керек?

Мамандар мынадай кеңестер береді:

Мүмкін болса, көліктің алдыңғы орындығына ауысыңыз.

Көзіңізді жолға немесе алдыңғы көліктің шамына тігіңіз, жан-жағыңызға қарамауға тырысыңыз.

Жолда кітап оқымаңыз, смартфонға немесе планшетке телмірмеңіз. Бұл жағдайды ушықтырады.

Терең тыныс алу жаттығуларын жасаңыз: бірнеше рет баяу әрі терең тыныс алып көріңіз немесе есінеп алуға тырысыңыз.

Егер кептелісте тұрсаңыз, жүргізушіден ауа баптағышты қосуын өтініңіз. Терезені ашуға болады, бірақ сырттан кірген түтін мен ыстық ауа жағдайды одан сайын ауырлатуы мүмкін.

Сапарға қалай дайындалу керек?

Жолға шықпас бұрын жақсылап тынығып алу қажет, өйткені шаршаған ағза кинетозды жиірек сезінеді. Адам үшін қалыпты ұйқы мөлшері – 8 сағат. Ұйқыны артық ұйықтау да жолда ағзаның жай-күйіне теріс әсер етуі мүмкін.

Жолға ашқарынға шықпаған дұрыс, бірақ тым қатты тою да зиян. Ең оңтайлы нұсқа – жеңіл таңғы ас: жаңа піскен көкөністер немесе қант мөлшері аз йогурт. Егер ұзақ сапар күтіп тұрса, жол бойы жеңіл диетаны ұстанған дұрыс.

Жүрегіңіз айнымас үшін жолға шығар алдында көп сұйықтық ішпеңіз. Әсіресе газдалған және тәтті сусындардан, сондай-ақ алкогольден бас тарту керек. Оның орнына дәрігерлер жолға шай (жалбыз немесе имбирь қосылған) алуды ұсынады. Халық арасында жақсы көмектесетін тағы бір тәсіл – лимон қосылған су ішу.

Сонымен қатар сапар алдында темекі шекпеуге кеңес беріледі. Оның орнына жалбыз, цитрус немесе басқа да дәмдегі кәмпиттерді алған жөн. Кәмпитті ауызда баяу еріту жайсыздық белгілерін азайтуға көмектеседі. Мұны әуе компаниялары да қолданады: жолаушыларға ұшақ ұшар алдында мұзкәмпит таратуы бекер емес. Кейбіреулер мұның орнына сағыз шайнағанды жөн көреді. Тұзды құрттың да пайдасы орасан.

Сондай-ақ сапарлас серіктеріңізден тым ащы иісті әтір қолданбауын өтінген дұрыс. Жүргізуші де жол бойында көлік салонындағы иіссуды уақытша алып тастаса, жақсы болады. Өйткені өткір иіс жүрек айнуды күшейтіп жіберуі мүмкін.

Ғалымдар теңіз ауруымен күресте айтарлықтай жетістікке жетті. Сондықтан бүгінде дәріханаларда жүрек айнудың алдын алуға арналған түрлі препараттар табуға болады.

Кең таралған дәрілер:

Антигистаминдер. Көбіне «Драмина» мен «Авиамарин» ұсынылады, бірақ заманауи баламалары да бар. Бағасы шамамен 2-3 мың теңгенің арасында. Алайда мұндай дәрілерді ішкен соң көлік жүргізу қауіпті, себебі олар ұйқышылдық тудырады. Сондай-ақ балалар мен жүкті әйелдерге қарсы көрсетілімдері бар. Сондықтан дәріні қабылдамас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңескен жөн.

Гомеопатиялық дәрілер. Мысалы, «Коккулин» шамамен 3 мың теңге тұрады. Мұндай дәрілердің қарсы көрсетілімдері аздау, бірақ бәрібір қолданар алдында нұсқаулығын оқып шыққан абзал.

Сонымен қатар дәріханаларда арнайы браслеттер сатылады. Олардың әсері қытай медицинасына тән акупрессура принципіне негізделген: білектегі белгілі бір нүктелерге ықпал етіп, жүрек айнуды азайтады деп саналады. Дегенмен медициналық қауымдастық бұл әдістің тиімділігі жөнінде әлі де пікірталас жүргізіп келеді.

Егер жүрек айну жиі қайталанса...

Бұл жағдай көбіне вестибулярлық аппараттың әлсіздігімен байланысты болуы мүмкін. Бірақ оны жаттықтыруға болады.

Үй ауласындағы әткеншекте жиі тербеліңіз, саяжайдағы үйіңізге гамак орнатсаңыз да жақсы. Амплитуданы біртіндеп арттырсаңыз, ағза қозғалысқа үйрене бастайды.

Дәрігерлер жалпы спорттық белсенділіктің де пайдалы екенін айтады. Футбол, баскетбол сияқты ойындар, жазда велосипед тебу, қыста шаңғы тебу – бәрі де вестибулярлық аппаратты шынықтырады.

Сондай-ақ денені және басты еңкейту жаттығулары да тиімді.

Бірақ ең сенімді көмек – бұл салада тәжірибесі бар невролог мамандарға жүгіну.