Freepik

Көлік жүргізіп келе жатып, тамақ жеуге бола ма?

05.08.2025 13:23

Көлік тізгінінде отырғанда қарныңыз ашып кетіп, қолыңызды бутерброд немесе кофеге жүгіртесіз. Рөлде отырып, тамақтану — көп адамға қарапайым әрекет сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бұл әрекет үшін айыппұл салына ма? Заң не дейді? Бұл туралы El.kz интернет порталы түсіндіреді.

Қазақстанда рөлде отырып тамақтануға тыйым бар ма?

Қазақстанда, көптеген елдердегідей, көлік жүргізіп келе жатып тамақ жеуге тікелей тыйым салынбаған. Яғни, жүргізушінің қолында бутерброд немесе кофенің болуына қарап, жол полициясы айыппұл сала алмайды.

Алайда Әкімшілік полиция комитеті ескерту жасайды:

Жолда келе жатып тамақтану немесе сусын ішу жүргізушінің назарын жолдан басқа жаққа аударады. Мұндай сәттерде апатқа ұшырау қаупі артады. Ең дұрысы — жол шетіне тоқтап, 5–10 минут уақыт бөліп, тыныш тамақтанып алған жөн. Бұл өзіңіздің де, өзгелердің де қауіпсіздігі үшін маңызды, — деп атап өтеді ведомство өкілдері.

Қандай жағдайда жолда тамақтану айыппұлға әкеп соғуы мүмкін?

Тікелей тыйым болмаса да, егер рөлде отырып тамақтану жол қозғалысы ережесінің бұзылуына себеп болса, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мысалы, абайсызда қарсы бағытқа өтіп кету, күрт тоқтау немесе жол апатына ұшырау секілді жағдайлар орын алса, бұл үшін айыппұл салынады. Бірақ айыппұл тамақтанғаны үшін емес, ҚҚЕ-ні бұзғаны үшін жазылады.

Рөлде не істеуге тыйым салынған?

Ең алдымен, көпшілікке белгілі — телефон қолдануға қатаң тыйым бар. Қолмен ұсталатын телефонды немесе рацияны пайдалану үшін:

  • бірінші рет ұсталған жағдайда — 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады (2025 жылы бұл шамамен 19 660 теңге),
  • егер жыл ішінде қайталанса — 10 АЕК немесе 39 320 теңге айыппұл қарастырылған.

Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін айыппұл

Тағы бір жиі кездесетін заң бұзушылық — қауіпсіздік белдігін тақпау. Бұл үшін де:

  • бірінші рет — 5 АЕК (19 660 теңге),
  • қайталанса — 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Соынмен, рөлде отырып тамақтануға заң жүзінде нақты тыйым салынбағанымен, бұл әрекет жолдағы қауіпсіздікке әсер етсе — әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз. Сондықтан асығыс болсаңыз да, бірнеше минутқа тоқтап, қауіпсіз жерде тамақтанып алған жөн.