Автокөлік – тек қана жүріп-тұру құралы емес, ол – отбасыңыздың қауіпсіздігіне, күнделікті өміріңіздің ыңғайына әсер ететін маңызды шешім. Сондықтан көлік таңдау кезінде асықпай, барынша мұқият болған жөн. Осы орайда El.kz интернет порталы көлік аларда ескеруге тиісті бірнеше кеңесті назарларыңызға ұсынады.
1. Бюджетті нақтылау
Ең алдымен өз мүмкіндігіңізді айқындап алыңыз. Тек көліктің құнын ғана емес, оған қосылатын шығындарды (салық, сақтандыру, жанармай, техникалық қызмет көрсету) есепке алған дұрыс.
2. Қажеттілікті анықтау
Көлікті қандай мақсатта қолданатыныңызды ойластырыңыз. Қала ішінде жүруге шағын әрі үнемді көлік ыңғайлы болса, алыс сапарға немесе ауылдық жерлерге бару үшін жол талғамайтын немесе кең отбасылық көлік қажет болуы мүмкін.
3. Жаңа ма, әлде қолданыстағы ма?
Жаңа көліктің кепілдігі болады, бірақ бағасы жоғары. Ал қолданыста болған көлік арзанға түседі, дегенмен техникалық жағдайына мұқият қарау керек.
4. Техникалық жағдайын тексеру
Егер қолданыстағы көлік алатын болсаңыз, міндетті түрде арнайы сервистік орталықта тексертіп алған жөн. Двигатель, кузов, жүріс бөлігі мен электроникасына мән беріңіз.
5. Құжаттарының дұрыстығын қарау
Көлік құжаттарының заңды әрі дұрыс рәсімделгеніне көз жеткізіңіз. VIN-код, тіркеу куәлігі, кедендік құжаттар және міндетті сақтандыру қағаздары түгел болуы шарт.
6. Сынақ жүргізу (тест-драйв)
Көлікті сатып алмас бұрын рөлге отырып, қала ішінде немесе трассада айдап көріңіз. Бұл оның жүрісін, жайлылығын, тежегіш жүйесін бағалауға мүмкіндік береді.
7. Саудаласуды ұмытпаңыз
Бағаға байланысты келіссөз жүргізу – қалыпты дүние. Көліктің жағдайына, кемшіліктеріне немесе қосымша шығындарына қарай жеңілдік сұрауға толық құқығыңыз бар.
Көлік сатып алу – үлкен жауапкершілік. Осы кеңестерді ескерсеңіз, қателеспей, өзіңізге ең ыңғайлы әрі сенімді автокөлікті таңдауға оң септігін тигізері анық.

