Көлік салығының қарызы: мүлік пен шетелге шығуға тыйым салынуы мүмкін

 ©El.kz
Фото: ©El.kz

Қазақстандықтар 2025 жылға арналған көлік салығын 1 сәуірге дейін төлеуі тиіс еді. Егер бұл талап орындалмаса, 2 сәуірден бастап берешек сомасына өсімпұл есептеле бастайды.

Бұл дегеніміз – әрбір кешіктірілген күн үшін төленетін сома ұлғайып отырады деген сөз. Ал қарыз ұзақ уақыт өтелмеген жағдайда қосымша шаралар қолданылуы мүмкін. Атап айтқанда, шетелге шығуға шектеу қойылып, берешек мәжбүрлі түрде өндіріліп алынады.

Уақытында төлемесе не болады

Өсімпұл 2 сәуірден бастап күн сайын есептеледі. Салық төленбеген жағдайда көлік иесіне ресми хабарлама жолданып, берешекті өтеуге 30 жұмыс күні беріледі.

Егер осы мерзімде қарыз жабылмаса, салық бұйрығы шығарылады. Одан кейінгі 5 жұмыс күнінде берешек мәжбүрлі түрде өндіріп алу рәсімі басталуы мүмкін.

Өсімпұл мөлшері мынадай формула бойынша есептеледі: Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 1,25 коэффициентіне көбейтіледі. Осыдан кейін жылдық өсімпұл мөлшері анықталып, ол 365 күнге бөлінеді және қарыз сомасы мен кешіктірілген күндер санына көбейтіледі.

Мысалы, базалық мөлшерлеме 16,5% болған жағдайда, 100 мың теңге қарызды 10 күн кешіктірсе, өсімпұл шамамен 565 теңгені құрайды.

Айта кету керек, өсімпұл күн сайын өсіп отырады. Сондықтан бастапқыда аз көрінген қарыз уақыт өте келе айтарлықтай көбейіп кетуі мүмкін.

Қандай шектеулер болуы мүмкін

Берешек болған жағдайда:

– банк шоттары мен мүлікке тыйым салынуы,
– шетелге шығуға шектеу қойылуы,
– көлікті сату немесе қайта тіркеу мүмкіндігінің шектелуі ықтимал.

Салықты қайдан тексеріп, төлеуге болады

Көлік салығын тексеру және төлеу бірнеше тәсіл арқылы жүзеге асады:

– eGov Mobile қосымшасы арқылы,
– банк қосымшалары арқылы,
– Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтындағы салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы.

Оқи отырыңыз