Жаңалықтар

Көлік саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Көлік саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Фото: gov.kz 08.08.2023 07:27 801

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев көлік саласының қызметкерлерін құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізде тамыздың алғашқы жексенбі күні отандық көлік саласының қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осыған байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, ерен еңбегімен дараланған сала мамандарына құрмет көрсетілді  

Кәсіби мерекенің қарсаңында Қазақстанның көлік саласының өкілдерін ведомство басшысы құттықтап, қалтқысыз қызмет еткен жандарға мемлекеттік наградаларды, сондай-ақ министрліктің атынан құрмет грамоталар мен алғыс хаттарды табыстады.

Министр айтқандай, жол экономиканың күретамыры саналады. Ал оның бойына қан таратып, саланың дамыл таппай дамуына атсалысатын бірден-бір тұлғалар көлік секторының мамандары. Сондықтан да стратегиялық тұрғыда маңызды бағыттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған азаматтардың еңбегі қашан да құрметке лайық.     

«Биыл Көлік бақылау инспекциясының құрылғанына 30 жыл толды. Егемендік кезеңінен бастап, еліміздің көлік саласында қыруар жұмыс атқарылды. Айталық, Қазақстан өңірлік логистикалық хаб пен транзиттік әлеуеті дамыған елге айналды.

Қазір аталған салада 400 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, көлік секторы экономиканың қозғаушы күшіне айналып отыр. Бүгін көлік бақылау саласы жаңа 18 жылжымалы бақылау бекетімен толықтырылды. Бұл өз кезегінде автожолдарды қалыпты деңгейде сақтап, белгіленген талаптардың орындалуын бақылауға мүмкіндік береді», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Салтанатты жиында ИИДМ басшысы бірқатар азаматты арнайы наградамен марапаттады. Атап айтқанда, «Еңбек ардагері» медалі Жұмабай Сәбиев пен Бауржан Әшімовке табысталды. Сонымен қатар «Құрметті теміржолшы» белгісі Арнұр Дінахмет және Данияр Нурекешовке берілді. «Құрметті автокөлікші» төсбелгісімен Хазмахамет Тумгуев пен Жұмабек Исатаев наградталды. Ал «Үздік автокөлікші» төсбелгісіне Боранбай Төлегенов және Нұрлан Сарсенбеков ие болды. Бұдан бөлек екі қызметкер министрдің құрмет грамотасы мен үш адам алғыс хатпен марапатталғанын айта кетейік.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға