Көлік нөмірлеріне сұраныс күрт артты: бір күнде 11 мыңнан астам өтінім түскен
Қазақстанда автокөлік нөмірлеріне онлайн сұраныс рекордтық деңгейге жетті. 6 қаңтар күні өткен Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрландыру вице-министрі Ростислав Коняшкин бір тәуліктің ішінде шамамен 11 мың өтінім тіркелгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, өтінімдердің едәуір бөлігі сұранысы жоғары, яғни ерекше комбинациялары бар нөмірлерге тиесілі.
Ерекше нөмірлердің құны қанша?
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, стандартты дайын мемлекеттік тіркеу нөмірін алу үшін азаматтар 2,8 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) төлейді. 2026 жылғы АЕК мөлшерін ескерсек, бұл шамамен 12 110 теңгені құрайды.
Ал жеке қалауы бойынша нөмір комбинациясын таңдау құны айтарлықтай жоғары, 10 АЕК немесе 43 250 теңге. Алайда мұндай комбинациялар арнайы VIP-тізімге енбеуі тиіс. VIP-нөмірлерге арналған тариф әлдеқайда қымбат: олардың бағасы комбинацияның танымалдығы мен бірегейлігіне байланысты 15 АЕК-тен 285 АЕК-ке дейін, яғни 64 875 теңгеден 1 232 625 теңгеге дейін жетеді.
Онлайн тапсырыс беруге болады
Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік органдар цифрлық сервистерді кеңейту аясында осы аптада қалаған автонөмірге онлайн тапсырыс беру функциясын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл қызмет азаматтарға ХҚКО-ға бармай-ақ, қашықтан нөмір таңдап, рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл цифрландыру жүйесіне жүргізушілер де ризашылығын білдірді.
Бұл бастама мен секілді көлігіне ұқыппен қарайтын адам үшін керемет жаңалық болды. Бұрындары бұндай нөмірлер өте қымбат тұратын еді. Осыдан үш күн бұрын өзім қалаған ерекше комбинациядағы нөмірді алдым. Ең бастысы ешқайда барудың қажеті жоқ, оның үстіне кезексіз, - дейді көлік жүргізушісі Диас Әуезов.
Сарапшылар не дейді?
Көлік саласындағы сарапшылардың пікірінше, автонөмірлерге деген жоғары қызығушылық бірнеше фактормен байланысты. Біріншіден, цифрлық қызметтердің дамуы рәсімдерді жеңілдетіп, сұранысты арттырды. Екіншіден, ерекше нөмірлерді мәртебе белгісі ретінде қабылдайтын азаматтардың саны өсіп келеді.
Цифрландыру министрлігі бұл бастама мемлекеттік қызметтерді қолжетімді етуге және көлеңкелі нарықты қысқартуға ықпал етеді деп отыр. Алдағы уақытта автонөмірлерді таңдау және сатып алу үдерісі толықтай онлайн форматқа көшірілуі мүмкін.

