Жаңалықтар

Көлік министрі бірнеше облыстағы көлік инфрақұрылымы нысандарын аралап жүр

Көлік министрі бірнеше облыстағы көлік инфрақұрылымы нысандарын аралап жүр
Фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі 16.09.2023 15:32 570

ҚР Көлік министрі Алматы, Жамбыл және Қарағанды облыстарының көлік инфрақұрылымы нысандарымен танысып жатыр, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Марат Қарабаевтың өңірлерге кезекті жұмыс сапары Алматы қаласындағы логистика және көлік Академиясына барудан басталды. Академия тарихы 1931 жылдан Орта Азия теміржол инженерлері институтының филиалы ашылғаннан басталады. Бүгінде ол Қазақстанның техникалық жоғары оқу орындарының арасында үздік бестікке кіреді.

Академияның материалдық-техникалық базасымен танысу барысында министр жоо оқытушыларымен кездесу өткізіп, Көлік министрлігі мен академия арасында орнатылған ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету жолдарын белгіледі.

Әрі қарай Марат Қарабаев Алматы метрополитеніне барды. Қазіргі уақытта Алматыда 11 метро станциясы жұмыс істейді, ұзындығы 13 км желіде электр пойыздарының 15 құрамы жүреді, орташа жолаушылар ағыны күніне 80-85 мың адамды құрайды.

Ведомство басшысы «Жібек жолы» станциясындағы орталық диспетчерлік басқарманың да жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшылығымен кездесуде көлік министрі Алматыда метроның дамуының маңыздылығын атап өтіп, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Содан кейін Марат Қарабаев жұмыс істеп тұрған станциялардың жай-күйі мен қызмет көрсету сапасын тексеріп, сондай-ақ алдағы уақытта қолданысқа берілетін «Қалқаман» станциясының құрылыс алаңына барды. Нысанды 2025 жылға қарай пайдалануға беру жоспарланған.

Министр жұмыс сапары аясында «Ұзынағаш-Отар» автожолын қайта жаңарту учаскесіне барып, БАКАД автожолының жұмысын тексереді. Министрлік басшысы жексенбі күні Қонаев қаласындағы теміржол вокзалының жұмысымен танысып, «Құрты-Қонаев» автожолында қайта жаңарту бойынша жұмыстар жүзеге асырылып жатқан учаскелерді тексереді.

Бұдан әрі министр Құрты ауылынан Қарағанды қаласына дейінгі учаскеде «Алматы-Екатеринбург» автожолымен автокөлікпен жүріп өтеді. Сапар барысында Марат Қарабаев «Құрты-Бурылбайтал»,  «Балқаш-Бурылбайтал» және «Қарағанды-Балқаш» қайта құру учаскелерін тексермек. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға