©El.kz

Көлік иелеріне арналған жаңа ереже: енді нөмірді өз қалауыңмен таңдауға болады

Қазақстанда автокөлік жүргізушілеріне қатысты жаңа өзгерістер енгізілді. Жаңа Салық кодексінде нөмірдегі әріп пен цифр комбинациясын (элиталық сериядан басқа) еркін таңдауға рұқсат берілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сонымен қатар 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасымен бірге АЕК жаңа мөлшері де белгілі болды – 4 325 теңге. Енді барлық тіркеу нөмірлерінің құны осы көрсеткіш негізінде есептеледі.

Стандартты нөмірлер:

Ең қарапайым нұсқа – стандартты нөмір. Оның бағасы 2,8 АЕК, яғни 12 110 теңге. Дубликат нөмірлердің де құны дәл осындай. Мысалы: 493AWN01.

010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 секілді нөмірлердің құны мүлде бөлек. Олар үшін 57 АЕК (246 525 теңге) төлеу керек болады.
Егер бұл нөмірлерге бірдей әріптер қосылса, баға екі есеге өсіп, 114 АЕК-ке (493 050 теңге) жетеді.

Үш бірдей сан

100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 сияқты комбинациялар 137 АЕК-ке (592 525 теңге) бағаланады.
Ал мұндай нөмірлерге әріптер де сәйкес келсе, құны 194 АЕК-ке дейін өседі – бұл 839 050 теңгені құрайды.

«Бірліктер» мен «жетіліктер»

Ең қымбат әрі беделді нөмірлер қатарында – 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009 және 777. Олардың бағасы 228 МРП (986 100 теңге).

Егер әріптері де бірдей болса, баға 285 АЕК-ке (1 232 625 теңге) жетеді.

Жаңа мүмкіндік

Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік иелері кез келген цифрлар мен әріптер комбинациясын таңдай алады. Мысалы: 123AZA01, 321ERA02, 069ARA03 және тағы басқа.

Дегенмен элиталық серияларға (001, 002, 003, 007, 010, 020, 111, 222, 333, 444, 555, 666, 777, 888, 999 және бірдей әріптік комбинациялар) бұл мүмкіндік жүрмейді.

Мұндай «ерекше тапсырыстың» бағасы – 10 АЕК, яғни 43 250 теңге. Бұл – қомақты қаражат жұмсамай-ақ өзгелерден ерекшеленудің тиімді жолы.