Жаңалықтар

Көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие желтоқсан айынан бастап беріледі - Тоқаев

Көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие желтоқсан айынан бастап беріледі - Тоқаев
Фото: Ақорда 15.11.2024 15:55 830

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу қажеттігін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, мемлекет агроөнеркәсіп кешеніне бөлінген қаржыландыру көлемін арттырды.  

Біз пайыздық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі әрі көлеңкелі жүйесінен бас тарттық. Диқандар енді көктемгі егін егу және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Мұндай несиелеу көлемі алғаш рет жарты триллион теңгеден асты (580 миллиард теңге, бұған дейін 180 милллиард теңге болған), алдағы уақытта бұл көрсеткіш бір жарым триллион теңгеге дейін жеткізіледі, - деді ол.

Сонымен қатар дәнді дақылдар түсімі биыл гектарына 16 центнерді құрады. Бұл көпжылдық орташа көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары. Кейбір алқаптан гектарына 40 центнерден немесе одан да көп өнім жиналды. Тоқаев бидай сапасы мен балауызының деңгейі (32 пайыз) жоғары екенін де тілге тиек етті.

Енді біздің алдымызда жиналған өнімді сақтау және оның бағасын құлдыратуға жол бермеу міндеті тұр. Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырамын. Бұл нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін керек. Астықты өңірлердегі қоймаларды босату мақсатында Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері бидайды басқа облыстарға тасымалдауды жедел қамтамасыз етуі қажет. Бұл істе облыс әкімдерінің үйлесімді жұмыс істегені маңызды, - деді мемлекет басшысы.

Тоқаев көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетінін де қоса кетті.

Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бастан өткереді. Сондықтан менің тапсырмам бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетін болады. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға