Жаңалықтар

Көктемгі егін егу науқанына 674 фермер қаржы алып үлгерді

Көктемгі егін егу науқанына 674 фермер қаржы алып үлгерді
Фото: gov.kz 07.01.2025 14:32 355

Мемлекет басшысының 2025-жылдың көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын ерте қаржыландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, жеңілдетілген несие беру бойынша өтінімдерді қабылдау 2024- жылдың 29-қарашасында басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл шара фермерлердің қажет тұқымды, тыңайтқышты, өсімдік зиянкестеріне қарсы дәрі-дәрмектерді ерте сатып алып, техникаларын жарақтап, егін егу науқанын сапалы жүргізулері үшін қабылданды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Кең дала 2» бағдарламасы аясында жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген несие беру жұмысын бастап кетті. Қазіргі таңда жалпы сомасы 153,9 млрд теңгені құрайтын 1337 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі Корпорацияға жүгінген. Оның ішіндегі жалпы сомасы 136,2 млрд теңге болатын 1002 фермердің өтінімі қаралуда. Ал 674 фермер көктемгі егін егу науқанына 100,2 млрд теңге несие қаржыларын алып үлгерді.

Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары сияқты астықты аймақтардың егін егетін фермерлері арасында белсенділік жоғары екені байқалуда.

«Максимовское» ЖШС «Кең дала 2» бағдарламасына қатысу үшін өтінім берген алғашқы шаруашылықтардың бірі болды.

2024-жылғы көктемгі егіс жұмыстары басталар алдында бізге «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша несие алу ұсынылды. Біз 500 млн теңге көлемінде қаражат алдық, өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштарға қатысты барлық міндеттемелерді өтедік. Егін жинау жұмыстарын сәтті аяқтап, қарызымызды жаптық. 2025-жылдың көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру жұмыстарының арқасында біз қазірдің өзінде 800 млн теңге алдық. Бұл теңдессіз бағдарлама. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін бұдан жақсысын табу мүмкін емес деп ойлаймын, – деді «Максимовское» ЖШС директоры Александр Закусилов.

Еске сала кетейік, Президенттің тапсырмасын орындау аясында көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына 700 млрд теңгеге дейін қаражат бөлінеді, оның шамамен 560 млрд теңгесі нарықтық капитал көздерінен тартылады. Үкімет қабылдаған шаралар фермерлерге ең қолайлы шарттармен қаржылық қолдау алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қарыздарды рәсімдеу мен өтеу үшін жүгінуге болатын қаржы институттарының саны көбейтілді. Қаржыландыру екінші деңгейлі банктер, несие серіктестіктері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы қолжетімді болады.
Кепілдік жетіспеушілігін шешу мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беруді қарастырған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға