Жаңалықтар

Көктемгі авитаминоз: ағзаға қалай күш-қуат беруге болады?

Көктемгі авитаминоз: ағзаға қалай күш-қуат беруге болады?
Фото: © Pixabay.com 03.04.2024 14:16 936

Көктемде ағза жаңа ритмге ауысады. Бұл адамның тәуліктік белсенділігінің табиғи жолмен артуына қолғабыс етеді.

Жыл сайын маусымаралық кезеңде адамдардың 60-80%-да авитаминоз белгілері байқалады. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі нутрициолог маман Айжан Мейрамбекқызымен тілдесіп, ағзадағы дәрумендер дефицитін қалай толықтыру қажеттігін біліп қайтты.

Көктем мезгілінде адамдардың дәрумендерге мұқтаждығы артады. Себебі қыс бойы жинақталған шаршау иммунитеттің әлсіреуіне әкеледі.

Көктемде адамдар ұйқысырау, шаршау, мазасыздық, ашушаңдық сияқты белгілерді айтып, тұмау және созылмалы аурулардың асқынып жататынын алға тартады. Осының барлығы – көктемгі авитаминоздың басты белгілері. Өйткені қыстан аман шыққан ағза пайдалы микроэлементтер мен витаминдерді қажет етеді.

Көктемде адамдардың көбінде авитаминоз байқалады. Бұл – ағзада бір немесе бірнеше дәруменнің жетіспеушілігінен болатын патологиялық күй. Жағдай бірінші ретте иммунитеттің әлсіреуіне әкеледі. Сондықтан иммунитетті көтеру үшін дәрумендерге бай тағамдарды рационға қосқан жөн. Иммунитетті қолдау мақсатында С, D, мультидәрумендерді, мырыш, Омега-3 профилактикалық мөлшерде ішуге болады. Ал егер жедел респираторлық-вирустық инфекциялармен жиі ауырсаңыз, сондай-ақ бас айналу, шаршаңқылық, тәбеттің төмендеуі, бас ауруы сияқты айқын белгілер болса, дәрігерге немесе нутрициологтың кеңесіне жүгінген жөн. Қажетті анализдерді тапсырып, себебін анықтау қажет, - деп түсіндірді нутрициолог.

Медицинада авитаминозбен қатар гиповитаминоз деген түсінік бар. Ол ағзаға белгілі бір дәруменнің жетіспеушілігін білдіреді. Аритмия, гипертония (гипертензия), гипотония, тыныс алудың қиындауы, есту, көру қабілетінің төмендеуі, сүйектің сынғыштығы, гормоналды ауытқулар – гиповитаминоздың белгілері. Осы сиптомдарды байқасаңыз, міндетті түрде дәрігер қабылдауында барып, қажетті ем-дом алғаныңыз дұрыс.

Нутрициолог суықтап қалған жағдайда С, D, мырышпен бірге селен, А, Е дәрумендерін де ішуге кеңес береді.

Маманның айтуынша, профилактика ретінде құрамында қара аюбадам, грейпфруттың тұқымдары, астрагал, эхинацея тамырларынан жасалған фитонутрицевтиктерді және құрамында пробиотик пен пребиотиктер бар иммунонутрицевтиктерді қолдануға болады.

Көктемгі азық-түлік жиынтығына микроэлементтерге бай жеміс-жидектер мен көкөністер кіреді. Бірақ өсімдіктен жасалған тағамдардың ағзаға үйреншіктілерін ғана қабылдау керек. Мәселен, С витамині, фолий қышқылы және бета-каротинге бай – қызылша, сәбіз, қырыққабат, алма жеп дағдыланған жөн.

Дәрумендерден бұрын тамақтану рационына аса мән беру қажет. Көктемде С дәруменіне және токсиндердің шығуына көмектесетін биофлаванойдтарға бай сиыр жидек (брусника), мүкжидек (клюква), теңіз шырғанағы (облепиха) жидектерін, итмұрынды (шиповник) рационға қосқан дұрыс. Бұл уақытта кез-келген көкөністер мен шөп-шаламды да көбірек жеген абзал. Әсіресе орамжапырақ, брокколи, шалғам (редис), ақжелкен, руккола және барлық қышқыл дәмді көкөністер мен жемістер. Сонымен қатар цитрустық жемістер - лимон, апельсин, мандарин, тағы басқа күнделікті ас мәзіріне қосу қажет, - деді нақтылады маман.

Ол жемістер арқылы ғана иммунитетті көтеруге болмайтынын айтып өтті. Оның себебін жемістердің құрамында фруктоза болатынымен түсіндірді.

Жеміс - қантты. Жемістерге қарағанда рационда көкөністер мен жидектер көбірек болғаны дұрыс. Жалпы иммунитеттің мықты болуына тек дәрумендер, көкөніс пен жеміс-жидек емес, дұрыс тамақтану, ұйқы режимі, дененің қимылы, таза ауада серуендеуі, көңіл күйдің жақсы болуы да тікелей әсер етеді, - деді дұрыс тамақтану маманы.

Мәселен, ер адамдарға қашан да физикалық төзімділігін арттырып, күйзеліспен күресу маңызды. Ер азаматтарға арналған дәрумендердің құрамында Н витамині болғаны абзал. Себебі ол шаш өсімін жақсартып, метаболизмді жақсартады.

Қай кезде де (тек белгілі бір ауруға байланысты диета немесе ем протоколы болмаса) адамға толыққанды дұрыс тамақтану аса маңызды. Әсіресе көктем мезгілінде. Толыққанды рацион, ол - ақуыз (мал, құс, балық еті, жұмыртқа, т.б.), сапалы май (сары май, гхи, жаңғақ, тұқымдар, т.б), күрделі көмірсулар (жасұнық, дәнді-дақылдар, т.б.). Әрине, су. Толыққанды рационмен күнделікті ағзаға қажетті дәрумендер мен микроэлементтерді толықтырып отырасыз. Әрине асқазан-ішек жолдарында ешқандай проблема болмаса, сіңімділігі жақсы болады, - деген сарапшы тағам рационын әр адам өздігінше жасақтай алатынын айтты.

Оған тек дұрыс тамақтанудың базалық білімін, болмаса нутрициологтың кеңесін алса жеткілікті. Әрине, денсаулығында кінәраты бар болса, тамақтану мәселесімен дәрігерге жүгінуге тура келеді.

Көктем айларында ішуге қажетті дәрумендер мен олардың құрамы мынадай:

А дәрумені – терінің қалыпқа келуіне ықпал етіп, шаш пен тырнақты берік қылады. Көздің көру қабілетін арттырады. Ол қызыл еттің, сәбіздің, асқабақтың, өріктің құрамында бар. Оны маймен, қаймақпен және өзге де майлы қосымшалармен қолдануға кеңес беріледі.

В – жүйке жүйесіне қажетті дәрумендер тобы. Ол ұйқы тыныштығына, жайдары көңіл күй мен метаболизмге жауап береді. Мұнда фолий қышқылы (В9), тиамин (В1), пиридоксин (В6), кобаламин (В12) бар. Бұл дәрумендерді сүт өнімдерінен, жаңғақтар мен көкөністерден алуға болады.

С – иммунитетті көтеріп, тұмаудан сауығуға көмектеседі. Шөптер, цитрусты жемістер мен қара қарақатта кездеседі.

D – сүйектердің беріктігіне жауап береді. Әсіресе кішкентай балалардың денсаулығы үшін маңызды. Иммунитетті нығайтады. Екі түрі бар: D3 – күн көзінің әсерімен ағзада синтезделеді. Сол себепті көктемде бұл дәріменнің жетіспеушілігі ерекше байқалады. D2 ағзаға тамақ арқылы барады. Мәселен, қызыл және өзге де майлы балықтар, май, ет және ірімшіктің құрамында болады.

Е – аскорбин қышқылы сияқты токоферол тамырлардың қатаюы үшін қажет. Ол ағзаның түрлі инфекциялармен күресуіне көмек беріп, иммунитетті нығайтуға, тері мен шаш күтімінде септігін тигізеді. Сондай-ақ ол - мықты антиоксидант. Өсімдік майларында, ет, бауыр, сүт пен жаңғақ құрамында кездеседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға