Жаңалықтар

Көктем көркі – қызғалдақ

Қызғалдақтың сирек кездесетін түрлерін білесіз бе?
Көктем көркі – қызғалдақ
12.03.2019 17:15 23603

Алтай мен Жайықтың ортасын мекен еткен кең байтақ қазақ даласы табиғи байлықтарға, алуан түрлі өсімдіктерге бай. Оның бірі көздің жауын алар әсемдігімен ерекшеленетін қызғалдақ гүлі. Қазақ жерінде осы гүлдің 35 түрі кездеседі екен. Оның он екісін Қазақстаннан басқа ешбір мемлекеттен кездестіре алмайсыз. 35 түрдің ішіндегі 18-і Қызыл кітапқа еніп, ерекше қорғауды талап етіп отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тау­ла­рының етегінен әлі күнге дейін жер­гілікті өсімдіктер әлемінің жауһары са­на­латын Регель қызғалдақтарын бас­тап­қы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсім­діктер біздің жерімізде Тянь-Шань тау­ларының етегі мен шөлейт даланың түйі­сер тұсында пайда болған. Қазақ то­пырағындағы осынау қарапайым, сон­дай-ақ, ерекше гүлдер өз әдемілігімен көп­теген халықтың жүрегін жаулап, бір­­­тіндеп бүкіл әлемге тарады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мың­нан астам түрі бар, олардың басым көп­шілігі – біздің дала қызғалдағының «ұр­пағы», – дейді.

Сол секілді Нидерланды елінің ханымы болған Беитрикс Вилгельмина Армгард елімізге жасаған ресми сапарында: «Ұлы Жібек жолы бірнеше ғасыр бойы Азияны Еуропамен жалғады, сол секілді Нидерландыны Қазақстанмен байланыстырушы болды. Осы қарым-қатынастың арқасында біздің елімізге сіздерден қызғалдақ гүлі келіп жетті. Қазақстанның кең даласы мен тауларын мекен еткен гүл біздің ең өтімді өнімімізге айнала білді. Бүгінгі уақытта қызғалдақ нидерландықтардың негізгі экспорттық тауары ретінде ерекше бағаланады.  Бұл гүл біздің ұлттық символымыз іспетті. Қызғалдақ сіздерден жеткен ең үлкен сыйлық. Сол себепті, біз сіздің елге қарыздармыз. Қызғалдақ гүлі екі елдің арасындағы қарым-қатынасты гүлдендіретін дәнекер болып жайнап өсе берсін!» – деген еді.

Қызғалдақтың отаны – Қазақстан

Көктемде қар астынан жарып шығатын бәйшешектен кейін гүлдейтін өсімдіктің бірі – қызғалдақ. Ол өзінің түрлі-түсті бояуымен, нәзік те сұлу пішінімен басқа гүлдерден айырықшалана түседі. Қызғалдақтың отаны қазақ елі екендігіне археологтар да куәлік етеді. Мәселен, Теңдік қорғанынан табылған әшекей бұйымдарда кездесетін қызғалдақ өрнегі сонау біздің заманымызға дейінгі ІІ – ІІІ ғасырға жатқызылады. Сол сияқты қолөнер заттарынан гүл секілді ою-өрнектерді де кездестіруге болады. Ілгеріде Нидерланды ханымы айтып кеткендей, Ұлы Жібек жолы арқылы саудагерлер Қазақстан мен Орта Азиядан қызғалдақтың пиязшықтарын Түркияға апарған. Ал түрік елі оны Германия, Ұлыбритания мен Нидерландыға таратқан. Осы елдер гүл өсіруге ерекше мән беріп, қызғалдақты ұлттық деңгейге дейін көтере білді. Голландияда «қызғалдақ безгегі» таралып, олар осы гүлдің жүзден аса түрін сұрыптап шығарды да, бүкіл Еуропаға сатылымға жіберді. Әлі де ғалымдар осы сәндік өсімдікті зерттеп, жаңа түрін шығарумен тоқтаусыз айналысып келеді. Десе де, әр сұрып орта есеппен 3-4 жыл ғана жаңа кездегі қасиетін сақтайды екен. Осының кесірінен олар қызғалдақтың табиғи атасын алу үшін Қазақстанға келуге мәжбүр. Қызғалдақ тек әсемдік үшін ғана емес, емдік үшін де пайдаланғанын көбісі біле бермейді.

Қызғалдақ еліміздің барлық өңірінде өседі. Әр аймақтың ерекшелігіне бейімделгендіктен бұл гүлді орманды белбеу мен тау беткейлерінен ғана емес, шөлейтті жерлерден де кездестіруге болады. Қазақстанда ғана өсетін қызғалдақтардың маңызы зор. Себебі, олардан аязға төзімді, шөл мен тұздануға шыдас беретін сұрыптарды алуға болады.

Аңыз. Қызғалдақ туралы аңыз бағзы заманнан бері келе жатыр. Ертеректе дәулеті тасыған, төрт түлігі қыр-сайды жайлаған бай өмір сүріпті. Бірақ, қаталдығы мен сараңдығы оның жақсы атын шығармапты. Жан дегенде жалғыз қызы бар бай оны тұрмысқа берсем, мына байлықтың бәрін күйеу балам иемденіп кетер деп, қатты қорыққаннан түн ұйқысы төрт бөлінген екен. Арам ойы тыным бермеген бай ақыры бой жетіп келе жатқан қызын қыр басында жүрегіне қанжар сұғып өлтіріпті. Қара жер де күнәсіз ажал құшқан арудың қанын сіңіре алмай, қаймығып қалған дейді. Жұрт қыздың қаны тиген жерде бір-екі күннен кейін жалғыз түп гүл өсіп шыққанын көреді. «Қыздан қалған дақ қой» деп, гүлдің атын «қызғалдақ» атап кеткен екен. Бұл ерекше гүл де елден ерек, қыр басында өскен. Байдың жап-жас о дүниеге аттанған қызы секілді, қызғалдақ та тез-ақ жарық дүниемен қоштасады.

Қызғалдақтың түрлері қандай?

Бұл гүлдер жемісі, гүлінің құрылысы, тамыр жүйелілігі мен ірілігі-ұсақтығына байланысты жіктеледі. Олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар. Қызғалдақтардың көп түрлері оны алғаш зерттеп, көпшілікке таныстырған ғалымдардың тегімен аталады. Мәселен, Борщов, Островский, Кауфман, Биберштейн, Шренк және т.б

Грейг қызғалдағы

Грейг қызғалдағының тарихы өте қызықты. Қазақстандық бұл гүлдің түрін алғаш сипаттаған Регель болған. Ал Грейг деген атау Ресей бағбандар қоғамдастығының президенті Самуил Грейгпен байланысты. Бұл қызғалдақ селекцияда ХІХ ғасырдан бері кеңінен қолданылып келе жатыр. Одан екі жүзден аса таңдаулы сұрып алынған. Біздің отандық зерттеушілер Грейг қызғалдағын бауыр дерттеріне пайдалануды ұсынады. Ол бойында ағзаға өте пайдалы крахмал мен қанттың көп мөлшерін жинайтындығымен ерекшеленеді. Жабайы табиғатта Грейг қызғалдағын кездестіру мүмкін емес, сондықтан ол «Қызыл кітапқа» енгізіліп, ерекше қорғауда тұр.

Регель қызғалдағы

Регель қызғалдағын тұңғыш зерттеген орыс ботаник-географы Андрей Краснов. Ол 1886 жылы Шу, Іле тауларын зерттеп, қызғалдақтың осы түрін Аңырақай аумағынан теріп алады. Регель атауы Петербург ботаникалық бағының директоры Эдуард Регельге тиесілі. Бұл қызғалдақтың түрін селекцияға мүлде қолданбайды. Ғалымдар қанша рет сұрыптауға тырысқанымен, олардың жұмысы нәтижесін бермеген. Ол тек еліміздің оңтүстік-шығысында өседі.

Борщов қызғалдағы

Борщов қызғалдағын тапқан орыс ботанигі – Илья Борщов. Бұл қызғалдақ Байқоңырдың символына айналған. Иә, иә құмды шөлдерде өсетін ерекше қызғалдақ дәл – осы! Сол секілді Торғай өңірінде, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында, Аралдың құмды даласынан да кезіктіруге болады. Сирек кездесетін өсімдік болғандықтан, қорғауға алынған.

Биберштейн қызғалдағы

Бұл қызғалдақ Тобыл-Есіл, Ақтөбе, Мұғалжар, Батыс шоқыларында өседі. Далалы, шалғынды, ойпат жерлерге бейімделген. Тағы бір қуантарлығы, Биберштейн қызғалдағы тек елімізде емес, басқа шет мемлекеттердің аумағынан да кездестіруге болады. Бұл гүл өзінің ерекше төзімділігімен танымал.

Шренк қызғалдағы

Шренк қызғалдағы еліміздің тек солтүстік бөлігінде ғана өседі. Бұл түр де Грейг қызғалдағы секілді көптеген сұрып шығаруға көмек болып келеді. Тек Қазақстанның емес, Ресейдің де Қызыл кітабына енген өсімдік. Оның әсем гүлін жұлуға қатаң тиым салса да, заңға бағынбайтындар жетіп артылады. Шренк қызғалдағын жұлу арқылы оны жылдар бойы қорексіз қалдыратынымызды білсек қой...

Кауфман қызғалдағы

Лалагүл тұқымдасына жататын көпжылдық бұл өсімдік наурыз айының соңына қарай ашылып, шілдеге дейін даланы көркемдікке орайды. Ол Түркістан мен Жамбыл облыстарында, Қаратау мен Батыс Тянь-Шаньда өседі. Бұл түр Кауфман атауын 1960 жылы алған. Бір қызығы ХІХ ғасырда өмір сүріп, әскери қызметкер болған Константин Кауфманның ботаникаға ешқандай қатысы жоқ. Ол өзінің өшпес ерліктерімен танылып, көптеген медаль мен марапатқа ие болған. Гүлге есімін беру арқылы оны халқы ерекше құрметтейтіндігін көрсеткісі келген болар?!

Альберт қызғалдағы

1877 жылы Альберт қызғалдағын алғаш суреттеген Регель болды. Ал оны Қаратаудан жинап, арнайы зерттеген оның ұлы Альберт Регель еді. Ол Құлжа қаласында дәрігер болып жұмыс істеген. Альберт қызғалдағы сәуір айынан мамырдың ортасына дейін тіршілік етеді. Ерекше қорғаудағы гүл.

«Президент Назарбаев» қызғалдағы

Өзі туралы қызғалдақ сұрпы шыққанын естіген Елбасы: «мен гүлге ұқсамаймын ғой», – деп күлген екен. Бұл жаңа сұрыптың пайда болуы голландиялық селекционер Жан Лейтхардпен байланысты. Гүл жапырақтары үлкендігімен және бетіндегі дағымен ерекшеленеді. Пішіні бокал тәріздес. Нидерландыдан біздің елдің бағбандары арнайы әкеліп, көбейтуге белсене кірісіп кеткен.

Заң және қызғалдақ

Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлушылар үш мың айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл төлейді. Ал оны басқа аймаққа жөнелту мен пиязшығын сату секілді қылмыс жасағандар төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айтпақшы, ілгерідегі қызғалдақтардан бөлек Қызыл кітапқа енгізілген түрлері мыналар: екітүсті қызғалдақ, Зинаида қызғалдағы, Колпаковский қызғалдағы, Корольков қызғалдағы, қысқа аталықты қызғалдақ, Леманновский қызғалдағы, біртүсті қызғалдақ, Островский қызғалдағы, кеш ашылатын қызғалдақ, иілген қызғалдақ, көпжелекті қызғалдақ.

Қосымша. Голландияға қызғалдақ қайдан келген?

Аңыз бойынша австриялық елші Константинопольде көздің жауын алатын ерекше гүлді көреді. Бұл қандай гүл екенін сұрағанда, түрік сұлтаны үшін арнайы Армения жақта өсірілетін қызғалдақ екені айтылады. 1560 жылы елші Венаға сол гүлдің бірнеше пиязшығын ала келіп, ботаник досы Клузиусқа сыйға береді. Араға біршама уақыт салып, Клузиусты Лейден университетіне профессор болуға шақырылған. Ботаник әлгі пиязшықтарды өзімен Голландияның оңтүстігінде орналасқан қалаға әкелген. Аңызға сенсек, «қызғалдақтар еліне» алғашқы қызғалдақ осылайша жеткізілген екен.

Қазіргі уақытта қызғалдақтардың төрт мыңнан аса түрі өсіріледі. Голландия өз қызғалдақтарын әлемнің 125 еліне экспортқа шығарады.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға