Жаңалықтар

Көкте Құдайға, жерде қазаққа алғыс айтамын – Асылы Осман

Көкте Құдайға, жерде қазаққа алғыс айтамын – Асылы Осман
01.03.2023 11:00 2293

2016 жылдың 14 қаңтарынан бастап 1 наурыз - Алғыс айту күні деп жарияланған. Бұл күні елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған. Сол уақыттан бері Қазақстан халқы осы бір айтулы мерекені жыл сайын атап өтіп келеді.

Мереке Қазақстандағы бір жұдырықтай ұйысқан ұлт пен ұлыс өкілдерінің символына да айналып үлгергендей. Осы мереке туралы еліміздегі диаспора өкілдерінің пікірін сұраған едік.

«Сол кезде де мен айтқанмын. Қазақ халқына ғана алғыс айтамын деп. Көкте Құдайға, жерде қазақ халқына алғыс айтамын. Алғыс сөзінің өзінің мағынасы кең, оны ұққанымыз абзал. Қазақстандағы салт-дәстүрімізді, ұлттық болмысын сақтап қалуға жасалған жағдай ешбір елде жоқ. Ассамблея жанынан мектептерде әр ұлт өз ана тілінде білім алып жатыр. Соның барлығын Қазақстан қаматамасыз етіп отыр. Осыған қайтарым болу керек. Құдайға шүкір, барлығы бар ғой. Тек кемшін қалып жатқан мемлекеттік тіл мәселесі. Қазақ тілін кемсіткен адамның қолында өлуге бармын»,- деді Асылы Осман.

Парламент мінберінде, әлеуметтік желілерде қазақ тілінің проблемасын көтеріп жүрген атқамінерлердің бірі әрі бірегейі – Геннадий Шиповский. Ол қазақ салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткенін айтады.  

Көкте Құдайға, жерде қазаққа алғыс айтамын – Асылы Осман

«Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің тілінің сақталуына жағдай жасалған. ҚХА құрамында әр ұлттың өзінің этнос орталығы бар. Өзінің тілін, ділін нық ұстануға мүмкіндіктері бар. ҚХА басты мақсаты – өздерінің тілін оқуға мүмкіндік беріп, қазақ халқының жанына топтастыру. Қазақ тілін, қазақи құндылықтарды насихаттауға байланыстыру, ұлт ретінде ұйыстыру. Қазақ тілінің тұғырына қонуы үшін заманауи технологияларды қолдануымыз керек. Цифрландыру саласында қазақ тілін кеңінен қолдануымыз керек. Қазақтың салт-дәстүрлері, құндылықтары жүрегіме жақын. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», қонақжайлық сияқты ұлттық құндылықтар өмірлік қағидама айналған», - деді Геннадий Шиповский.

Тәжіктердің республикалық этно-мәдени орталығының төрағасы Акбаржан Исмаилов Қазақстанда туған. Ол Алғыс айту күні қажет мереке деп есептейді. Өйткені уақыт өткен сайын қазақ халқының басқа ұлттарға жасаған жақсылығы жаңғырып, мәңгі есте сақталуы үшін қажет.

Көкте Құдайға, жерде қазаққа алғыс айтамын – Асылы Осман

«Мен өзімді басқа ұлттанмын деп есептемеймін. Жүрегім қазақ деп соғатын адаммын. Мен қазақтардың ішінде өскен баламын. Ұлтым тәжік болса да, қазақпын деп жүремін. Сауд Арабияда білім алғанмын. Сол кезде қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін көрсетіп, халықаралық көрмеге қатысқанмын. Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге ұлт өкілдерін қазақ халқының қанатының астына жинап отыр. Қазақстан барлық этнос өкілдеріне жағдай жасап қойды. Мұндай идеалды мемлекет еш жерде жоқ деп айта аламын. Шетелде көп жүрдім. Біз Қазақстанға ризамыз. Енді рахметімізді қалай айтамыз? Қазақтың тілін құрметтеп, салт-дәстүрін үйрену арқылы ризашылығымызды көрсете аламыз. Менің анам қазақтың ұлттық тағамдарын дайындайды. Қазақ еліне, қазақ жеріне, қазақ ұлтына алғысымды айтамын», - деді Акбаржан Исмаилов Тәжіктердің республикалық этно-мәдени орталығының төрағасы, ҚХА Кеңесінің мүшесі.

Қазақстандағы түрік диаспорасының өкілі Қазақстандағы ауызбіршілік пен ынтымаққа тәнті болып, шүкіршілік білдіретінін тілге тиек етті.

Көкте Құдайға, жерде қазаққа алғыс айтамын – Асылы Осман

«1995 жылы ҚХА құрылды. Елдегі тұрақтылықты, ауызбіршілікті сақтап қалу үшін құрылды. Этно-мәдени орталығының құрудағы басты мақсат – әртүрлі ұлттардың мәдениеті, тілі, құндылықтарын сақтап қалу үшін құрылды. Қазақстанда әрбір этностың құндылықтарының қатты құрметтелетіні сондай ешбір ұлттың жоғалып қалу қаупі жоқ. Бірақ соның бәріне қарамастан біздің елімізде Қазақстандық мәдениет қалыптасты. Әрбір этностың Қазақстанға келгеніне 70 жылдан асты. Олар интеграциядан өтті. Кеңес Одағы құлағаннан кейін сол одақтың құрамында болған мемлекеттерде этносаралық қақтығыстар болып жатыр. Қазақстанда мұндай жоқ. Мұны бүкіл әлем біледі»,- деді түрік этносының өкілі Әскер Периев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға