Жаңалықтар

Көкшетаудағы мұражайлар мен театрлар

Ақмола облысы орталығындағы көрнекті орындар
Көкшетаудағы мұражайлар мен театрлар
24.04.2017 11:17 18457

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайы

Мұражай 1923 жылы 1 мамырда құрылған. 1927 жылы алғашқы экспедициясына шығып, өлкенің табиғаты, тарихы жөнінде құнды мәліметтер жинақтады. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайында барлығы 142 мыңнан аса материалдық және рухани ескерткіштер бар.

Көкшетау қалалық тарихи мұражайы

Кеңес заманында мұражай қоғам қайраткері Валериан Куйбышевтың есімімен аталса, 2005 жылы Көкшетау қалалық тарихи мұражайы деген атауға ие болды. Қазір мұнда Көкшетау қаласының тарихынан сыр шертетін 13 мыңнан аса мұрағат бар. Мұрағаттардан қазақтың біртуар ұлдары Абылайхан, Кенесары, Қанай би және т.б., сондай-ақ Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірінен көп мәліметтер алуға болады.

Көкшетау қаласындағы «Әдебиет және өнер» мұражайы

Мұнда фольклор, қазіргі дәуір әдебиеті, өнер, көпшілік-саяхат және қор бөлімі жұмыс жасайды. Ең құнды жәдігерлердің қатарында Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикмет» кітабының ортағасырлық көшірмесі, Қарауыл Қанай бидің саптыаяғы, XVIII ғасырдағы батырдың су ішкен құтысы, Ақан серінің Темірбек ұста жасаған адалбақаны, Ақанның ән ғұмырына айналған Ақтоқтының айнасы және іс тігетін «Зингер» машинасы және басқа да тарихи маңызға ие заттар бар. Қазақ халқының музыкалық ұлттық аспап түрлері, зергерлік әшекей бұйымдар, теріден, ағаштан жасаған тұрмыстық көне заттар да мұражай төрінен орын тепкен.

Мәлік Ғабдуллин мұражайы

117 жыл тарихы болған мұражайға 2005 жылы күрделі жұмыстар жүргізіліп, көпшілік келетін орынға айналды. Олай дейтін себеп, жылына 63 мың адам мұражайды көруге арнайы ат басын бұрады. Мұражай 5 экспозициялық залдан тұрады: «Ауылым-алтын бесiгiм» деп аталатын алғашқы залда М.Ғабудллиннiң балалық шағына байланысты тұрмыстық заттар, портреттер, туыстарының суреттерi қойылған.

«Өмiрдiң өрiне өрлеп, шыңына шыққан» атты екiншi залда М.Ғабдуллиннiң мектеп өмiрi, ҚазПИ-да оқығаны, Қазақстанның көрнектi жазушылары, бiлiм қайраткерлерi туралы материалдар қойылған. Үшінші зал соғыс тақырыбына арналған «Елi үшiн, халқы үшiн туған Мәлiк» деп аталады. Сондай-ақ, «Көкiректе сөнбейтiн мәңгi жарық» және «Мәлiк Ғабдуллиннiң жұмыс кабинетi» деп аталатын залдар бар.

Ақмола облыстық филармониясы

Бұл филармония 1965 жылы ұйымдастырылған. Филармония құрамында халық аспаптар оркестрі, Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті сияқты шығармашылық ұжымдар қатар жұмыс атқарады. Ақмола облыстық филармониясы қазақ және әлем композиторларының музыкалық шығармаларын кең көлемде насихаттаумен айналысады.

Ақмола облысының орыс драма театры

Драма театр 1977 жылы ашылды. Театрдың негізін салушысы ретінде ҚР Өнер қайраткері Ю.Лакомовтың есімі аталады. Ақмола облысының орыс драма театры Қазақстанда рок–опера жанрының пионері саналады. Театр орыс класииктерінің туындылары бойынша көптеген спектакльдер сахналаған. Атап айтар болсақ, «Чайка» А.Чехов (1983); «Преступление и наказание» Ф.Достоевский (1988); «Ревизор» Н.Гоголь (1986). Сондай-ақ, қазақ ұлттық драматургиясының туындылары «Махаббат поэмасы» Ғ.Мүсірепов (1978); «Далада тұрған үй» С.Жүнісов (1979); «Шоқанның серті» Ш. Уәлиханов (1982) және т.б. көрерменге жол тартты.

Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры 

Қазақ музыкалық-драма театрыдың шымылдығын 1996 жылы 6-наурыз күні Ғабит Мүсіреповтың «Ақан Сері – Ақтоқты» спектаклі ашқан еді. Театр репертуарында 106 қойылым бар, соның ішінде У.Шекспирдің «Король Лир», А.Камюдің «Калигула», Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», Ә. Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» сияқты классикалық пьесалары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға