Жаңалықтар

Көкшетауда сәби қайтыс болды. Ата-анасы діни сеніміне байланысты баласына қан құйғызбаған

Көкшетауда сәби қайтыс болды. Ата-анасы діни сеніміне байланысты баласына қан құйғызбаған
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 04.10.2023 09:40 1874

Перзентіне қан құйғызудан бас тартқан көкшетаулық ерлі-зайыптыларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Тергеу нәтижесіне қарай марқұм сәбидің ата-анасымен қоса дәрігерлер де жауапқа тартылуы мүмкін екен.

Бұл дерек сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Қазіргі таңда қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша дәрігерлердің және ата-ананың әрекеттеріне баға берілетін болады. Бастапқы деректерге сәйкес, баланың ата-анасы белгілі бір діни ағымды ұстанады. Сол себептен олар қан құйғызуға қарсылық білдірген. Өлімнің себебін анықтайтын сот-медициналық сараптама тағайындалды, - деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

28 қыркүйекте Көкшетау балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде 1,5 жасар сәби қайтыс болды. Оның ата-анасы діни сенімге байланысты баласына қан құйдырмай қойған.

Ата-анасы 24 қыркүйекте баланы "Авиценна-Бурабай" медициналық ұйымынан көпсалалы облыстық балалар ауруханасының Анестезиология және реанимация бөлімшесіне жеткізді. 2022 жылы туған, 1 жас 8 айлық сәбиге ауыр дәрежедегі өкпе қабынуының асқынған түрі, сепсис, СПОН (уытты кардит, гепатит, нефрит), екінші дәрежелі кома, церебральды ісіну, көру жүйке талшықтарының ісінуі секілді диагноз қойылған. 

Баланың ата-анасы медициналық көмекке уақтылы жүгінбеген. Пациент келіп түскен күні UMC "Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының" штаттан тыс бас балалар реаниматологымен кеңес өткізілді. Балаға қан құю ұсынылды.

Алайда, бұл процедураны жүргізу үшін кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерінің келісімі талап етіледі. Баланың ата-анасы діни наным-сенімдеріне байланысты балаға қан құюға келісім бермеді. Басылымның хабарлауынша, олар Иегова куәгерлері ағымына жатады.

Осыған байланысты аурухана шұғыл түрде қан құю мәселесін шешу үшін облыстық және Бурабай ауданының қорғаншылық және қамқоршылық органдарына өтінішпен жүгінді.

27 қыркүйекте баланың ата-анасы жазбаша қолхат беріп қан құйдырудан бас тартқан. Ауруханадағылар қабылдау кезінде баланың жағдайы өте ауыр болғанын айтады, өйткені асқыну салдарынан көптеген органдар дұрыс жұмыс істемеген.  

28 қыркүйекте жағдайы күрт нашарлаған бала аурухананың жан сақтау бөлімінде қайтыс болды. Осы мәселе бойынша орталық мемлекеттік органдарға тиісті хаттар дайындалып жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға