Жаңалықтар

Көкшетауда екі студенттен 15 млн теңгенің вейпі тәркіленді

Көкшетауда екі студенттен 15 млн теңгенің вейпі тәркіленді
Фото: polisia.kz 16.01.2025 18:36 157

Ақмола облысында полицейлер шамамен 15 миллион теңгенің шегілмейтін темекі өнімдерін тәркіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz мәліметінше, Көкшетау қаласында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары шегілмейтін темекі өнімдерінің, олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың заңсыз айналымына қатысты деректі анықтады.

Есірткі қылмысына қарсы күрес қызметкерлері жергілікті колледждің екі студентін ұстады. Олардың бірі 10 дана электронды темекіні үйінде сақтаған, ал екіншісінің үйінен 970 дана өнім табылды. Полиция қызметкерлері тыйым салынған тауарларды жоюға тырысқан студенттің әрекетінің алдын алды. Ұсталған 20 жастағы жас жігіт тәркіленген электронды темекілерді саудалау арқылы шамамен 15 миллион теңге пайда табуды көздегенін мойындады, - делінген мәліметте.

Қазіргі уақытта екі факті бойынша ҚР ҚК 301-1-бабы (Шегілмейтін темекі өнімдерінің, вейптердің, хош иістендіргіштер мен олар үшін сұйықтықтардың заңсыз айналымы) бойынша қылмыстық істер қозғалды. Полиция бұл өнімдерді сату мен тарату әрекеттері 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салуға немесе 50 тәулікке дейін қамауға алуға әкелетінін ескертті.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға